Асан қайғы және Әмет батыр (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
—Алты атанға қос артып,
Алты жыл қоныс іздедім.
Балығы суда деп,
Қызығы қырда деп,
Аштархандай қаланы
Өзің келіп салдырдың.
Орысқа жерді алдырдың,
Көңлімді жаман қалдырдың.
Даладағы көлге шекер төктірдің,
Шекерлі көлге қуды бөктірдің.
Құс төресі қу еді,
Құс жаманы құладын,
Құладынға қуды алдырдың.
Күні бір күн болғанда
Хан иемнің өзіне келер деп,
Бір жаманнан өлер деп,
Соған өкпелеп келме деп.
Аусарым, аусарым,
Арғымақтың аяғын
Алтынменен тағалап,
Күмісменен шегелеп,
Шын жібек тұрғанда
Арқанменен тұсар ма?
Хан өтірік айтарым,
Хан жарлығы қайтарым,
Айсылдың ару Әмет тұрғанда
Боғалы байдың ұлына,
Бұқа баққан құлына
Қарындасы Ханбикені берерге ұсар ма?—
депті. Хан Әметке де бір аяқ беріпті, «жырлап, іш!» деп. Аяқты ішіп болып Әметтің айтқаны:
—Хан таңбалы қараны
Қақпа аузына жықпасам.
Қайқы қара болатты
Қанға былғап шықпасам.
Еліңді бөле-бөле шаппасам,
Бөріккен қойдай атпасам.
Керегеңді кеспесем,
Кесіп көмір етпесем,
Қарындасың Ханбикені
Қайырып беттен сүймесем,
Атам Айсыл менен Әмет болғанша
Аруақсыз тусам нетеді?!—
деп үйден шығып жүре беріп, кешке қайта айналып қызға келіпті «алып қашайын» деп. Сонда келе жатып Әмет батырдың айтқан сөзі:
—Асқар, асқар, асқар тау,
Асқар таудай хан ұлына
Қол арттырдың, жүйрігім!
Атағым қара кісі еді,
Атағымды сен шығардың, жүйрігім!
Алдыңнан қамыс құлақ сарала ұшыраса,
Артыңнан ауыр әскер құрсаса,
Қыл жүректің басынан,
Тебінгінің астынан
Сырлы жебелер айқасса,
Сыр білдірме, жүйрігім!
Сен хайуан да, мен—адам,
Жағадайсыз қалай шыға келдік бұл жерге.
Қадір ием ер жомарт,
Арғымағым, қалтақ күн
Қоссаң да қайта үйіріңе.
Сонан қызды шығарып алып, түнде некелестіріп, қашыпты. Ертең түсте артынан қуған жалғыз қара көрініпті. Қараса, Алшын ұлы Алау батыр екен. Қыз айтыпты:
—Алау батыр келді дегенше, Тәңріден талау келді десейші,—деп жылап қоя беріпті. Сонда Әмет батырдың сөзі:
—Жыламашы, Ханайым,
Көп жыласаң көзің ісер, жанайым!
Сенің атаң бас болып,
Қарағаш таудың басында,
Қарауыл қарап жатқанда,
Балалы Домбай өткенде
Баласын Алшынның ұлы Алау батыр атқанда,
Баласы екеш баласы жығылмай
Ақсай басып өткенде,
Біздікіне жеткенде,
Анасын мен атқанда
Жанымдағы қырық жігіт
Оғымды суыра алмай
Табан салып тартқанда,
Үш күн ұдай тамашаға батқанда,
Сырымдардың Дәулеті,
Оқтардың ұзын иық, ұзын оқта Есені
Қоянақ ұлы Қартқожақ
Осы қолдың ішінде
Әмет ағасынан екенсің дей тұрды,—
деп қызды жұбатты. Сонда Алау батыр келіп:
—Сен жас едің, мен қарт едім. Тәңірі бақытларыңды ашсын! Міне, менің бармағымды ат!—деп бармағын көрсетіпті. Әмет оқпен тартып қалғанда бармағын жұлып кетіпті.
—Қош, аман болыңдар!—деп, қайтып келе жатқан әскердің алдынан шығып:
—Міне, оқ ататын бармағымды түсіріп кетті,—деген соң, барша әскер қайтып кетіпті. Әмет аман-есен қызды алып құтылыпты.