Ежен хан (ІІІ нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Біз Абатты сынағалы жүрміз. Біз Абаттың батырлығын, шалттығын көзбен көрдік. Енді мырзалығын көзімізбен көруіміз қажет. Сол қалмақтың сұлу да батыр жігітін Абаттың әйелінің қасына төсегіне жатқызу керек,—депті. Қалмақтың сұлу, батыр жігітін кешкісін Абат келер қарсаңына әйелі төсегіне қабылдапты. Түнде сайыстан келген Абат батыр әйелінің қасында жатқан ер адамды көреді. Қалмақ батыры қолын әйелдің мойнының астына жіберіп, ұйықтап жатқан адамша құшақтасып жатыпты. Абат жайымен жігіттің қолын әйелдің мойнының астынан алып: «Әй, күшің қайтып кететін болды-ау!—деп, сыртқа шаруасына шығып кетіпті. Мұны естіп білген қалмақтар енді баяндап тұра алмапты. Бәрі жиылып Асанқайғыға келіп:
—Асыл аға, баланы тусаң, ту, айтқаныңдай бар екен. Енді біз елімізге қайтамыз. Ұлықсат, батаңды бер,—депті. Қалмақтар риза болып шалға тұлпар ат, алтынды ер-тұрман, жаннат ішік жауып, басқа да қымбат бағалы заттар сыйлапты. Қасенхан:
—Абат батырың осы, шырақтарым! Бұйымдарыңыз болса, айтыңыздар,—депті.
—Асыл аға, бізде ешқандай бұйым жоқ. Бар бұйымымыз Абатты көру еді. Көрдік, енді ризамыз. Бірақ бір бұйымды айтқымыз келіп тұр,—депті. Қасенхан, Абат та:
—Айтыңыз, айтыңыздар, қысылмаңыздар,—депті.
—Біздің бұйымымыз Абат батырды елге шақырамыз. Мүмкін болса өзімізбен бірге жүрсін. Немесе кейін өзінің жолдас-жорасымен барсын! Біздің елімізде бір биік тауда тұйғын құс мекендейді. Біз ол құсқа жақындап бара алмаймыз. Себеп ол тау өте биік, шыға алмаймыз. Бірақ таудың етегіне барып аң аулап, құс саламыз. Осы құстың нендей құс екенін біз білмейміз. Біз оған зәбір жасаудан аулақпыз. Бірақ ол біздің сұңқар, қаршыға, ителгі, бүркіт, Баразұлы асырап атқан құстарымызды киіп түсірді. Шалттығы найзағайдан да шалт. Жалт етіп түседі де, жоқ болады. Небір мықты деген құстарымызды киіп түсіріп кетті. Бірнеше атақты мергендеріміз айнала қоршап дөңгеленіп тұрса да, атып түсіре алмады. Осы құс бізді мықтап зәбірледі. Қалайда осы құсты атып түсіру керек-ақ. Асыл аға, сізден, Абаттан біз осы бұйымды сұраймыз,—деді. Абат:
—Жарайт, жақсы, күзгі салқында барамын,—деп уәдесін берді. Қалмақтар ризаласып төс қағысып еліне қайтты.
Арада үш ай өткен соң Абат батыр қаруланып, сауыт киіп, он жолдас ертіп, Ежен хан еліне келді. Манағы келіп қайтқан қалмақтар Абат батырды тамашалап, қарсы алып, неше түрлі сый-құрмет көрсетті. Абат батырды тынықтырып, бір жеті, он күн демалдырып алып, баяғы айтқан биік таудағы құсқа баруға дайындалды. Бірнеше мықты палуан, батыр, мергендерін іріктеп алды. Атақты зор сұңқар, бүркіт, қаршыға, ителгілерімен таудағы құс сайысына келді. Таудың етегіне барып, биік таудағы құсты көрді. Абат та не құс екенін аңғара алмады. Бірақ садақ саржасын кезеніп атуға дайындалған мергендер әр жерге бөлініп тұрды. «Құстарды түгелдей жібер, ұшырыңдар!» деген айқай шықты. Құстар жаппай көкке көтеріліп кетті. Шыңдағы құстан көз алмай, кірпік қақпай аңдып тұрған Абат батыр биіктегі құс жалт беріп төмен шүйліге түскенде, дайындалып тұрған Абат садақты тартып үлгірді. Өкпе тұстан кірген саржа құсты жерге ала түсті. Аспанға қараған қалмақтар Абаттың садақ тартқанын да көрмей қалды. Құстың жерге түскенін бірақ көрді. Жабыла шауып барса, құстың сырттаны бүркіт екен. Бұл бүркіттерге ұқсастығы жоқ. Киген тоны мүлдем басқа. Сүйек бітімі, туысы, көзінің өткірлігі жүдә бөлек. Қалмақтардың армандаған мақсаты орындалды. Абат батырға өте қатты риза болған қалмақ тарту-таралғысын аямады. Абатты он жігітімен риза етіп еліне қайырды. Осы Абаттан қорғалаған күшті Ежен хан қоныс аударып, қашыққа көшіп кетеді. Ежен хан көшкесін, басқа хандықтар да баяндап тұра алмайды. Құстың сырттанын атып түсірген Абатты көп ұзамай Жақсықылыштың етегінде атын суғарып тұрған кезінде жайын жұтыпты деседі. Жайынның ішінде ат-патымен тулаған Абат зор пәтпен жайынды жиекке шығарыпты.