Бір уыс мақта
Ыбырай Алтынсарин · 1841–1889 · 1 мин оқу
Бір кішкентай қыз әкесінің шапанын жамап отыр екен, шешесі қасына отырып, ақыл айтты:
— Балам, дүниедегі жаратылған жанды-жансыздардың ешқайсысының да керексіз болып, жерде қалатыны болмайды, — деп. Сол сөзді айтып отырғанда, қыз бала киімін жамап болып, жердегі мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:
— Әже, осы қиқымның еш нәрсеге керегі бола қалмас, — деп.
Шешесі:
— Балам, сол да жерде қалмайды, — деді. Осылайша сөйлесіп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтеріп ұшырды, мұны бір торғай көріп қуып барып, мақтаны тұмсығына тістеп қана алып, ұшып кетті. Қыз әжесінен:
— Манағы мақтаның қиқымын бір торғай алып кетті, оны неғылады? — деп сұрады. Әжесі айтты:
— Көрдің бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздің келгенін. Ол кішкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етеді, — деді.