Шоқан Уәлиханов
Ағартушылар · 2 мин оқу
Шоқан Уәлиханов (1835–1865), толық аты Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов, нағыз аты Мұхаммед Қанафия, — қазақ ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы және ағартушы. Ол 1835 жылдың қарашасында қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын жерінде дүниеге келген. «Шоқан» есімі әжесінің оны еркелетіп «Шоқаным» деп атауынан қалыптасқан. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы Омбыдағы әскери училищені бітірген, полковник шеніне жеткен, Құсмұрын және Көкшетау округтерінің аға сұлтаны болған. Атасы Уәли — Орта жүздің ханы, ал арғы бабасы — Абылай хан. Нағашылары Баянауылдағы Шормановтар әулеті еді.
Балалық шағы Обаған бойындағы Күнтиместе, Аққанбұрлық жайлауында және әжесі Айғаным тұрған Сырымбетте өтті. Әжесі немересіне ертегі, аңыз, мақал-мәтелдерді жиі айтып, оның тәрбиесіне зор ықпал етті. Шоқан он екі жасқа дейін әкесі ашқан ауыл мектебінде оқып, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренді, ислам ілімінің негіздерімен танысты. 1847 жылы әкесі оны Омбыдағы Сібір кадет корпусына берді. Орыс тілін білмей барған бала оны тез меңгерді. Мұнда ол орыс және Еуропа әдебиетін, тарихты, географияны оқып, сурет салумен айналысты. Бірге оқыған Г. Н. Потанин Шоқанның өз сыныптастарын біліммен басып озғанын еске алған. Демалыс кездерінде ол халық жырларын жазып алды, соның ішінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры да бар.
1853 жылы корпусты бітірген соң Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесіне қызметке алынды, кейін генерал-губернатор Гасфорттың адъютанты болды. Профессор Березиннің тапсырмаларын орындап, хан жарлықтары туралы ғылыми талдау жазды. 1855 жылы Семей, Аягөз, Қапал арқылы Алматыға дейінгі сапарға қатысып, тарихи-этнографиялық деректер жинады. 1856 жылы Хоментовский басқарған Ыстықкөл экспедициясында қырғыз халқын зерттеп, «Манас» эпосының бір бөлігі — «Көкетай ханның ертегісін» ғылымда алғаш болып жазып алды. Сол жылы географ Семенов-Тян-Шанскиймен танысты. Құлжа сапарынан кейін «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» еңбектерін жазды. Жиырмадан енді асқан шағында ол Орыс география қоғамының толық мүшесі болып сайланды.
Шоқан Уәлиханов 1865 жылы 10 сәуірде Жетісудағы Көшентоған деген жерде, отызға толмай қайтыс болды.