Сарыбайға
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 24 жол
Сары-еке, салдым бір сөз сыныңызға,
Сіздің сын таразы ғой сырымызға.
Қолыма домбыра алып талап қылдым,
Бересіз қандай баға ұлыңызға?
Жаманның көңілі көкте, жерде басы,
Алыс қой аңғарғанға екі арасы…
Жақсының өзі кішік, ойы биік,
Бірдей ме екеуінің мəртебесі?
Біреулер малмен бəрін бөктеріп жүр,
Айтқанды ақыл, нұсқа жек көріп жүр.
Көтеріп дүниенің көң-қоқырын,
Апарып қай шұқырға төккелі жүр?
Біреулер «қайтемін» деп қалтаңдап жүр,
Əркімнің аузына бір жалтаңдап жүр…
Біреулер біліп тұрып жете алмайды,
Аяғын қандай нəрсе арқандап жүр?
Көңілі кейбіреулердің бұлтта жүр,
Ұстауға күн мен айды жуықтап жүр.
Біреулер қара сөзді қамшы қылып,
Қуды мініп, құланды құрықтап жүр.
Қайсысын маған соның еп көресіз?
Əкетсем өзім таңдап өкпелерсіз…
Сүй-екемнің сүйгенін ойласаңыз,
Өлең болсын серігің деп бересіз!