Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Үміттің оты сөнбеді

Сарышолақ Боранұлы · 120 жол

Мен толғасам тереңнен,
Артық тұрам көлемнен.
Жақсыменен жандасып,
Жағаластым кереңмен,
Көп сырластым тереңмен.
Арпалысып залыммен,
Бірге жүрдім өлермен.
Сүйене сөйлеп әруақпен,
Додалы топта сыйласқа
Орын бердім төбемнен.
Арпалысқан жауменен
Әлім елі неден кем?!
Сары-сақыр аязда
Қара тоғайдай көгерген.
Тереңге жайған тамырын
Айырма қайсы еменнен.
Қаумалаған көп қауым,
Жырыма талай кенелген.
Шалқыған Жайық секілді
Асатұғын кемерден.
Мәрттігім тағы менің бар
Тайынбайтын берерден.
Озатын жолым тағы бар
Балды бармақ шеберден.
Жырау, шайыр жетеді
Елімде озған өнермен.
Мәрттігі сондай Әлімнің,
Кедейі де берермен.
Қасарысқан дұшпанға

Бас кетсе де өлермен.
Алқалы топтың алдында
Маржан шашты көрермен.
Мақтасам және шақ қалам,
Шаттанған сайын шаттанам.
Бүгежектеп не қылам,
Тосылған жерім және жоқ,
Қияннан қиып жол салам.
Мен сұңқармын қалқыған,
Жез қанатын оқтаған.
Таласам деп менімен,
Талайлар артын боқтаған.
Қасарысса ретсіз,
Артымда ерлер топтанған.
Кезекті жері соққанда,
Кезім жоқ және тоқтаған.
Қаусырма жақтың арқасы
Мен жүйрігің баптаған.
Сыртымнан айтса өсегін,
Қолымнан ешкім қақпаған.
Қу жанымды алатын,
Алла емес пе сақтаған.
Көп ішінде кездесер
Неше түрлі шөп-шалам.
Сұңғыла туған ерлер бар
Жауына найза саптаған.
Ақын, жырау жетеді
Еңсесін биік шоқтаған.
Бұрынғының жолымен,
Көргендінің ізімен,
Асылдардың жүзімен,

Өнеге сөзді топтаған.
Сөз басталса Балқыдан,
Әр сөзі артық жұпардан.
Шернияз өксір ел үшін,
Нұрпейіс озған қатардан.
Жыраулықта кім озған
Ығылман мен Айсадан?!
Тәңірберлі, Молдабай,
Кенелген талай олжаға-ай.
Жақайымда Олжабай,
Жаңғылышта Ақпан бар,
Сарының салған әндері-ай!
Бір жұмаға шыдаған
Мұрын еді жырауым,
Әкесі оның Сеңгірбай.
Көп оқыған зерделі
Әбубәкір Кердері,
Алғанынан көп еді
Қалың топта бергені.
Беріште бар талайлар
Лебізіне тұрақтар.
Қараның ұлы Есет пен
Мөңкенің ұлы Мұрат бар.
Махамбет – елдің кеудесі,
Шернияз – жырдың өрнегі.
Осылардан сөз терген
Сарышолақ та кем бе еді?
Қаймықпай сөйлеп кәріңе,
Ретті жерде сермеді.
Аналардан тәрбие,
Үлкендерден өнеге,

Қисынды жерде жөн деді.
Сыйлағанның арқасы
Түсіп атын бергені.
Құрметтегеннің арқасы,
Әйтпесе, олар кем бе еді.
Әрқайсысы білеген,
Әр ауылдың ерлері.
Алдында бар тоқтауы,
Соңында бар ергені.
Қаншама шалқып жүргенде
Сарышолағың шерлі еді,
Өткен күнді еске алып,
Қисынсыз жерде терледі.
Сөз білмейтін топастар
Тірілей көміп жерледі.
Қиянға салған қаршыға
Қарғаның болды ермегі.
Кешегі жүрген көп міскін
Кәделі бидей көлбеді.
Қарын тойса болдымен,
Ас ішу болды ермегі.
Болысқа ғана күпсінген,
Ісінің болмай өнгені.
Шалқып жатқан байтаққа
Қасірет неге төнгені?!
Бабамның бәрі батыр ед,
Тереңнен тартар зерделі.
Соларға ғана сыйынып,
Үміттің оты сөнбеді.

Сарышолақ Боранұлы өлеңдері

Барлық 9 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері