Араб әліппесі
Абыл Тілеуұлы · 116 жол
Əріпте жиырма тоғыз келеді Əліп
Атасы Əзірет-Əлі Əбутəліп.
Жан беріп, күнəһарды тірілтіп ап,
Тарттырар көр азабын отқа салып.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Би
Көреді иманды құл Алладан сый.
Қылығы бұл дүниеде жақындардың
Сайланар сегіз жұмақ ішінен үй.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Ти
Көңілді беріп Хаққа, нəпсіңді тый.
Құдайдан шыныменен қорықсаңыз
Таста да харам нəпсі, адалдан жый.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Си
Пəк тұтып киіміңді тазадан ки.
Алланың ақ бұйрығы келген күні
Еркіңмен мойыныңды ұсын, жаныңды қый.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Ки
Озады ошағына тер төккен үй.
Ас ішсең бір қазаннан бір қауым жан,
Меймансың, бір-біріңе көрсетші сый.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Жұм
Малынан зекет бермес кей жаман сұм.
Зекетін көзін қиып бермегенмен,
Өлгенде көзіне толар топырақ құм.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Һай
Жаманға жанап кетсең салар айқай.
Шайтанның мейманасы тасымасын –
Жақсыны хан көтерші даңқына сай.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Дал
Ғалымға көпті білген құлағың сал.
Тоқысаң ғалым сөзін бойға жиып,
Ақылдан жұтамайтын құрадың мал.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Зал
Иеңді жан бітірген жадыңа ал.
Шыбының тастап сені кеткен шақта
Қалмайды ара тұрып жинаған мал.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Шын
Пендеге махшар күні болады сын.
Қарындас, ораза ұста, намаз оқы,
Жаныңның тазалығы – дінің үшін.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Ре
Жүреді желеп-жебеп ердің пірі.
Тірлікте Алла деген ақ пенденің
Жанында өлген күні қалмас кірі.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Зе
Мұсылман, көңіл тазарт, дінің түзе.
Періште махшар күні жауап алар,
Жасаған, жаңсақ кетсем, жөнім түзе.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Тай
Сүйектен өлсең кетер ет пенен май.
Жаныңа періштелер ие болар,
Күнəсін бар мұсылман кешір, Құдай.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Зай
Көрінде иманды жатады жай.
Қылығы бұл дүниеде жаққан құлдың
Жаны да о дүниеде иманға бай.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Сат
Адамға өлсе дайын болады зат.
Жақсылық, жамандықтың арасында
Періште екі иінде жазады хат.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Зат
Кебіні нəрестенің жалаңқабат.
Тақылдап тілін безеп жүргендерден
Сұрасаң бере алмайды дұрыс жауап.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Айын
Сыйламас жаман қатын келген байын.
Абалап ел көзінше шаптығады
Өлтіріп мың сан рет өлген сайын.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Ғайын
Һұр қызы имандыға болар дайын.
Əйелге бұл дүниеде ерін күткен
Төрінен сегіз жұмақ қылар жайын.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Пи
Пенделер, ізетпенен иманды жый.
Жетімнің жұлып-тартып ауызынан
Боқтықты дүние деп жиғанды тый.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Кеп
Жүреді періштелер қамыңды жеп.
Жаратқан бар əлемді Құдіретке
Табыншы қасиетке бір Алла деп.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Қап
Тірінің о дүниеге бармағы хақ.
Жүрегі адал жанға ары алдында
Болады махшар күні Алласы жақ.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Нұн
Алланың əміріне мойыныңды ұсын.
Күнəлі іс ақыретте жаман дейді –
Мəңгілік күтер алдан қараңғы түн.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Уау
Өлгенде жеті мүшең өзіңе жау.
Қылығың бұл дүниеде жақпаса егер
Қимылдап аузы-басың қылады дау.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Иай
Күтеді сегіз жұмақ жаратқан жай.
Ақылға, шарапатқа бейіл болсаң
Иманды осы əріптер таратқандай.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Лəм
Жұмақтың бəріне ие иманды жан.
Бес парыз мұылмандық бойда болса
Алланың нұры шашып атады таң.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Мим
Садақа əруаққа берген сыйың.
Тазартар ниетіңді пітір, зекет –
Оларсыз дүниеде жайың қиын.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Вав
Тұрмасы бұл дүниенің басыңда хақ.
Көрсет те шыдамдылық тауқыметке,
Пəниден кетпей тұрып қанағат тап.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Иа
Адамның көзі тоймас дүнияға.
Құнықпа келген олжа табысыңа,
Жүгінші ұят пенен қайырына.
Əріпте жиырма тоғыз келеді Лəм-Əлиф
Жаратқан күллі əлемді Алла халиф.
Түйіні бар əліппе тоғыз торап,
Түйсініп ұққандарға бұл бір ғажап!!!