«Не қылса да, надандар алмақты ойлар...»
Абай Құнанбайұлы · 1845–1904 · 98 жол
Не қылса да, надандар алмақты ойлар,
Мал антұрған күйдіріп елдің ішін.
Еңбексіз мал дәме етпек – қайыршылық,
Ақылды ерге ар болар ондай қылық.
Оны ойларлық бұл күнде адам бар ма,
Пайда ойламай қылады кім татулық?
Берсең, қалар оларда несі ардың?
Бермесең, сен дағы ит бірге болдың.
Не өзің ит, немесе бар елің ит,
Дауасыз бір пәлеге міне калдың.
Қызылды жесем, мені әйел сүйер,
Арамдыкда жүрмесем, не жан күйер?
Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,
Деп едім бір пайдасы маған тиер.
Еркектің еркек адам болса қасы,
Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы?
Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,
Сонда ұрғашы болмай ма арашашы?
Тегінде адам басы сау бола ма?
Бойында тексерілмес дау бола ма?
Ері ашу айтса, әйелі басу айтып
Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?
Соны ойлап, қызыл жеміс мен тандадым,
Берсеңіз жемек болып бел байладым.
Топа-торсақ бұл сөзді айтқаным жоқ,
Басын да ойлап, тегін де абайладым.
Бұл сөзге салып тұрды шал құлағын:
– Ендеше тауып айттың, же, шырағым.
Ақыл, дәулет әуелден өзінде екен,
Өміріңше артылсын, жаным, бағың!
Бұл шал бөтен шал емес, Қыдыр еді,
Ебін тауып даруға кезі келді.
Сөзіне, ақылына, қылығына
Разы болғаннан соң, бата берді.
Сол Масғұт Қыдыр шалдан бата алыпты,
Соңында Шәмсі-жиһан атаныпты.
Мағынасы: «бұл дүниенің күні» деген,
Жетіліп бізге ғибрат сөз қалыпты.
Сол заманда-ақ надандар шырық бұзған,
Жалғанның дәмін бұзып, хауіп қылғызған.
Ақыл мен мал екеуін асырай алмай,
Арашаны іздепті қатын, қыздан.
Ендігіге не сұрау бұл заманда?
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.
Өлген мола, туған жер жібермейді,
Әйтпесе тұрмас едім осы манда.
Сол Масғұт халифаға уәзір бопты,
Тарқатыпты алдынан көп пен топты.
Бағанағы Қыдыр шал бір уақытта
Түсінде аян беріп жолығыпты.
– Ей, балам, пәлен күні жауын жауар,
Сол жауынның суында кесапат бар:
Жеті күн жынды болар суын ішкен,
Жеті күн өткеннен соң және оңалар.
Ол судан тамам суға су құйылар,
Сел болып, судың бәрі кесел болар.
Ертерек таза судан су жиып ал,
Бұл – хабарым, сақтансаң, жаным, жарар.
Бұл сөзбен халифаға Масғұт барды,
Хабарын естіген соң хан да аңғарды.
Айтқан кезі жақындап келген шақта,
Ертерек таза судан құйып алды.
Болған соң уәделі күн жауын жауды,
Судан ішкен жынды боп, ақылы ауды.
Күні-түні шуласып, таласады,
Ұмытты тамақ жеу мен және ұйқтауды.
Бұлар шулап бір күні келді ордаға,
Хан мен уәзір карайды тамашаға.
Бәрі де есі шығып, жынды болған,
Бос шулап жүр кіші іні, үлкен аға.
Ол халқының алдына жақын барды,
Сөз айтып әрбір түрлі, ақыл салды.
– Бір кеселге, байғұстар, жолығыпсың,
Үйіңе бар, ұйқтаңдар! – деп шығарды.
Олар шықты есіктен ханға өкпелеп,
Көшеде шулап және жылаған көп:
– Хан мен уәзір ақылдан айрылыпты,
Өлтірейік екеуін, жынды екен, – деп.
Өлтіргелі ордаға қайта жүрді,
Бұлардың сөзін естіп, хан да көрді:
– Бұрынғыдан мұнысы қиын болды,
Ойбай, уәзір, ақыл тап, қайттік? – деді.
– Құтылар хал болмады мына дудан,
Біз де ішпесек болмайды жынды судан.
Өлтірер өңкей жынды бізді келіп,
Жынды деп есі дұрыс бізді қуған.
Екеуі жынды судан ішіп салды,
Құтырып көп алдына жетіп барды.
Өңкей жынды, байқамай айтыппыз деп,
Құлдық ұрып, бұларға көп жалбарды.
Сонымен бет-бетімен тарқап кетті,
Әйтеуір, тарқайтұғын уақыт жетті.
Көрдің бе, көп тентектің қылған ісін,
Еріксіз есті екеуін есер етті.
Көптің бәрі осындай, мысал етсең,
Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.
Ғапіл боп көп нәрседен бос қаласың,
Андамай көп сөзімен жүріп кетсең.