Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әзім әңгімесі (1-бөлім)

Абай Құнанбайұлы · 1845–1904 · 144 жол

Бір сөзім «Мың бір түннен» оқып көрген,
Өлең қып сол сөзімді айтқым келген.
Болыпты ағайынды екі жігіт,
Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген.

Екеуі жетім еді әкесі өлген,
Талаптан, жетімбіз деп, бос жүрмеген.
Тігінші, кестеші еді кіші інісі,
Мұстапа суретшілік ғылым білген.

Екеуі екі айрылмақ қамын жеген,
Бір шетке кетпек болып жұрт көрмеген.
Мал тапқаны бір іздеп таппақ болып,
Серт қылып, бір-біріне уәде берген.

Екеуін екі жақка тағдыр бөлген
Жандар емес қатерден әсте именген.
Шын, Машынға Сапасы кете тұрсын,
Мұстапа Балсураға бұрын келген.

Мұстапа – бойдақ, кедей біраз тұрған,
Кәсібін күннен күнге тәңірі оңғарған.
Аздан соң қатын алып, үй салғызып,
Шаһарда сенімдінің бірі болған.

Пұл құрап, киім түзеп, қарны тойған,
Қағазға өрнек жасап, сурет ойған.
Құдайым кешіктірмей бір ұл беріп,
Молдалар оның атын Әзім қойған.

Бір жасап, екі жасап, Әзім өсті,
Сонан соң медресеге барып түсті.
Аз жылда жақсы ғылым кәсіп етіп,
Жас жігіт жүзі нұрлы, көңілі мас-ты.

Оқудан шыға ұстады ата өнерін,
Асырды атасынан әрбір жерін.
Сол күнде ажал жетіп, Мұстапа өліп,
Жыртық-жетім болмады ол жас өрім.

Атаның харекетін ұстай алды,
Өнері артық шығып, жан таң қалды.
Алушылар көбейіп мұның ісін,
Бұрынғыдан артылып мал құралды.

Бір күні лапкесінде отыр еді,
Торғын тон, алтын кәмәр бір шал келді.
Не қылса бір құрметті адам ғой деп,
Әзім тұрып, иіліп сәлем берді.

Сәлемін алды шал да, амаңдасты,
Қасына жуық келіп жақындасты.
– Жат жердің адамы едім, ей, шырағым,
Не харекет қыласың? – деп сұрасты.

– Жасымнан жетім едім көңілі сынық,
Өнерім артық емес ондай ұлық.
Еңбекпенен көз сүзбей күн көремін,
Харекетім – суретші, бояушылық.

– Мінезің, түсің жақсы надан дерге,
Артық өнер қиын ба талапты ерге?
Тесілген күні бойы сендей жасты
Аяймын өнімі жоқ бұл өнерге!

Бұл сөзге Әзім тұрып ашуланды,
– Тұрпайы сөйлейсіз, – деп қарай қалды.
Атамның харекетін қорлама, бай,
Аш емен, болмасам да сендей малды.

– Қорламаймын һәм, балам, зорламаймын,
Тесілген күні бойы сені аяймын.
Химия ғылымын білуші ем, үйретер ем,
Мысты алтын жасаушы ем, алдамаймын.

Шын өнерге қайтер ең көзің жетсе?
Әркімге жарамайды мұны үйретсе.
Өзі үлкен, өзі оңай, артық, өнер,
Аз жұмыспен көп алтьш хасил етсе.

Мен дағы жүргенім жоқ малдан күсіп,
Айттым, балам, басыңа мейірім түсіп.
Ертең ерте мысыңмен дайын болып,
Көңіліңнің дәркүмәнін алшы шешіп.

Әуелі хақтығына жетсін көзің,
Серт қылдым ғой үйретпек болып өзім.
Ертең ерте сол жерден табыспаққа
Екеуі уәде байлап, қойды сөзін.

Шал кетті, аң-таң бала үйге қайтты,
Көргенін анасына келіп айтты.
Химия ғылымы бар дейтін, сүйтсе дағы
Анасы басын шайқап, ішін тартты.

– Апар да бақырды алдына сал,
Алтын болса, болады бір талай мал.
Жалғызым, не қылсаң да сақ болып жүр,
Жәдігөй боп жүрмесін антұрған шал.

Бала айтты: – Тәңірім кақса, пенде не етер,
Жалған болса, білінер, қор боп кетер.
Шын болып, уәдеге бармай қалсақ,
Ғапылдықтан айрылған ызасы өтер.

Не қылса, сол күн бала шала ұйқтады,
Өтірік, расын ойланып таба алмады.
Мыс бақырын қолына алды дағы
Лапкеге күндегіден ерте барды.

Шал дағы дереу дайын бола қалды,
Бір дорбадан көмір мен көрік алды.
Екеуі сәлемдесіп болғаннан соң:
– Мысың қайда, балам? – деп дігір салды.

Мыс бақырды сындырды талқан қылып,
Көмірге салды мысты, дүкен құрып.
Мыс былқылдап еріген кезінде шал
Шөншіктен ұсаққара алды қырып.

Алды да, ол дәрісін мысқа салды,
Былқылдаған бұрқылдап мыс шайқалды.
Бір нәрсемен азырақ бұлғалақтап,
Алтын қып суынған соң қолына алды.

Алтынын алып берді қолындағы:
–Сарапқа сал, бар дағы шаһарындағы
Алтын емес деп біреу айтса, балам,
Алдамшы, амалым жоқ, болдым дағы.

Алтынды ал да, көрсет жұртқа апарып,
Менің сөзім шын болса тәңірі оңғарып,
Сонау бақша ішінен табылармын,
Егер мені іздесең көңіліңе алып.

Әзім ұшты алтынды ала салып,
Не байларға көрсетті мұны апарып.
— Самородный сары алтын екен ғой, – деп,
Кім көрсе, сол айтады аң-таң қалып.

Үш мың үш жүз ділдаға кетті сатып,
Шешесіне ап келді таңырқатып.
Шешесі: – Сол кісіні шақыр! – деді,
–Кетсін, – деп, – үйімізден дәм-тұз татып.

Бағанағы бақшаға Әзім келді,
Жолыкты шал да, сонда отыр еді.
– Ей, ата, қылған ісің рас екен,
Қонақ боп, біздің үйден дәм тат, – деді.

Қос уыс ділдә берді Әзімге шал:
– Сенің ортақ малың, – деп, – мендегі мал,
Шешілісіп, сырласып отыралық,
Әртүрлі қымбат баға ішкілік ал.

Сырлассақ, сұхбаттассақ, аулақ артық,
Нашалы боламыз ғой сөйлеп шалқып.
Ананды да бір жерге жібер, балам,
Сырымды үйрете алман бойым тартып.

Күн батпай биттей алаң болма бізге,
Қас қарая келермін мен де сізге.
Ішу, жеу арасында сөйлер сөз көп,
Ол үйде жан болмасын сенен өзге!

Әзім кезді базарды аз тентіреп,
Әртүрлі ішкілікті алды күреп.
Алтынды көргеннен соң, анасы да
Кетті көрші үйіне, сеніңкіреп.

Арақ, жеміс — әртүрлі нығмат дайын,
Қуанды алтын қолға кірген сайын.
Үйіне бөтен жалғыз жанды қоймай,
Оңаша безендіріп тұрды жайын.

Көз байлана сып етіп шал да келді,
Әзім де есік ашты, дайын еді.
Әзімді баласына балағандай,
Жайнандап жарқын жүзбен үйге кірді.

Абай Құнанбайұлы өлеңдері

Барлық 144 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері