Әзім әңгімесі (3-бөлім)
Абай Құнанбайұлы · 1845–1904 · 142 жол
Ішін жарып, іштегі ішек-қарнын,
Өкпе-баурын тазалап, бәрін алды.
Сонда шал Әзімге арқан, қанжар берді:
– Маяның ішіне еніп, сен жат!- деді,
– Ішін тігіп, мен кетіп, жасырынам,
Тау басында самұрық бізді көрді.
Бұл жерге мен кеткен соң самұрық келер,
Маяны іліп алып, биікке өрлер.
Бір жерге қонғаннан соң жар дағы шық,
Именіп адамзаттан ұшып кетер.
Тау басында бар қара ұсақ топырақ,
Капқа толтыр кешікпей жылдамырақ.
Қап толған соң арқанға байлап жібер,
Саспай шешіп алғанша тоқта бірақ.
Сонан соң арканынды тасқа байла,
Түсетұғын ыңғайлы жерді сайла.
Арқаннан ұста дағы түс сырғанап,
Жарамайды қылмасақ сүйтіп айла.
Қап алды, қанжар алды сонда Әзім,
Сөзінің ұқты бәрін қылмай жазым.
– Шырағым, айтқанымды жаңылма, – деп,
Барынша қылып жатыр шал да тағзым.
Әзім де бөгелмеді бойын тежеп,
Талабы, тәуекелі сондай-ақ көп.
Тәңірінің бір жазғаны екі болмас,
Маяның ішіне енді тәуекел деп.
Маяның кетіп қалды ішін тігіп,
Шалекең жасырынды талға кіріп.
Аспаннан самұрық келіп, іліп алып,
Қайқайып кайта шықты бір-ақ ырғып.
Маяны самұрық қонды тасқа апарып,
Ер Әзім шыға келді ішін жарып.
Адамзатты көрген соң бұдан шошьш,
Отырды самұрық кұс аулақ барып.
Жалтаңдап Әзім шықты тау басына,
Тапты топырақ, толтырды дорбасына.
Қап толған соң арқанға мыктап байлап,
Тау басынан жіберді атасына.
Жіберді әлгі қапты жерге атып,
Антұрған шал дәулетке қалды батып.
Қап жерге түскеннен соң дінсіз кәпір
Арқанды алып кетті жұла тартып.
Айрылып арқанынан Әзім қалды:
Арқанды неге алдың! – деп айғай салды.
– Талайды осы тауға тастағанмын,
Соның бірі болдың, – деп кете барды.
Сұм шалдың дінсіздігін сонда білді,
Қарамай, бір қайрылмай, жүре берді.
Кәпірдің қайрылмасын білгеннен соң,
Жүгіріп жалтыр тастан жол іздеді.
Көрді, білді ол таста жолдың жоғын,
Сонан соң қамдап бақты қарны тоғын.
Азырақ жеміс тауып жеді дағы,
Көрмекке жата кетті хақ бұйрығын.
Күн де батты, бір жерге Әзім жатты,
Күн батқан соң жан-жағы салдыр кақты.
Қараса қаптап жүрген бәрі айдаһар,
Сонда да біраз жатып ұйктап қапты.
Ұйқтап кетіп, шошынып тез оянды.
Жұткалы көрді келген айдаһарды.
Не де болса тәуекел қылды дағы,
Қанжармен қақбасынан шауып қалды.
Өзі де бір тарапка ыршып кетті,
Бір биік ағаш көрген, соған жетті.
Биік жерде болайын деді дағы,
Сол түні ағаш басын мекен етті.
Әр-бері жатты дағы, ұйқтап қалды,
Шаршаған ғой, күн шыға зорға оянды.
Қараса басқа айдаһар жоғалыпты,
Өзі шапқан таныды айдаһарды.
Ойлады: «Тірі болса кетпес пе еді?»
«Өлген ғой мына айдаһар»,– деп ойлады.
Ағаштан түсе қалып айдаһарға,
Қолына қанжар алып, жетіп барды.
Көрді, білді айдаһар тірі емесін,
Тәңірі ұзын жаратқан сом денесін.
Қанжармен таспадай қып тіліп алып,
Аз уқалап кептірді жон терісін.
Жалғап-жалғап, бір ұзын арқан етті,
Ер Әзім осылайша талап етті.
Бір ұшын тасқа байлап жібергенде,
Түсетұғын орнына әбден жетті.
Ер Әзім тәуекел қып жаннан күсіп,
Арканнан ұстады да, кетті түсіп.
Қарақат жеп, мойыл жеп, судан ішіп,
Өзенді қулады да, жүгірді ұшып.
Үш қонып, төртінші күн белден асты,
Ол күні алтынды үйге душарласты.
Тау басынан түсірген тәуекелмен
Сол үйге кірмек болып қадам басты.
Қақпадан кірді ішкері қадам басып,
Бір үйінен өрледі бір үйге асып.
Тілдесерге еш адам жолықпады,
Төрдегі үйге кірді есік ашып.
Екі сұлу қыз отыр төрдегі үйде,
Ондай сұлу көрген жоқ бүтін елде.
Екі қыз шатраш ойнап, білмей қалды,
Кірді де, тұра қалды орта жерде.
Екі қыз мұны көрді бас көтеріп,
Адамзатка таңырқап, тұрды елеріп.
– Ей, жігіт, түсің жақсы жан екенсің,
Жүр едін жәдігөйге не қып еріп?
Сөйледі Әзім дағы аянбай-ақ:
– Мен ғаріп бишарамын жүрген саяқ.
Әуелде өзі көрген бар қысаны
Сөйледі бірін қоймай бастан-аяқ.
Екі қыз естіп білді Әзім жайын,
Есіркеп, мүсіркейді айткан сайын.
Сен бізге бауыр болып, тұр осында,
Не керектің қылалық бәрін дайын.
– Құп болсын, олай болса, апаларым!
Дүниенің тартып жүрмін жапаларын.
Сағынсам, өз еліме жеткізе ме,
Айтсаңыз, мархаматты аталарың?
Көңілді бос суытпа біздей қыздан,
Сізге уәде біздерге тәңірі айтқызған.
Шыдағанша шыдап бақ қасымызда,
Қайтпағың келер біздің қолымыздан.
Сені біз жар етпейміз, бауыр еттік,
Достықпен жүрек еріп тәуір еттік:
Түбінде сен тұра алмас болсаң мұнда,
Еліңе жеткізуге біз де жеттік.
Құп болады десті де, серт байласты,
Қатты-қатты айтысып уәделесті.
Көңілінде қара жоқ, ақ ниетпен
Тым жақын дос болуға ыңғайласты.
Күн жаңғырып, бойына куат енген,
Алтынды үйдің ішінде еркеленген.
– Жан-жағын қалай сайран қылсаң еркің,
Жалғыз-ақ бір есікке кірме, – деген.
Екі қыз кетіп бір күн, қалды Әзім,
Салған жоқ қыздар оның көңліне ажым.
Тал түсте бағанағы кірме деген
Есікке кіріп кетті – бар ма лажың?
Кірсе, аржағы дөңгелек қалың ағаш,
Ішінде бір хауыз бар, ернеуі тас.
Бұлбұл сайрап, миуасы салбырап тұр,
Салтанатын түгендеп айтып болмас.
Тас ернеуі – меруерт, ол көрінген,
Кеткісі келмес жанның мұны көрген.
Ер Әзім тамашалап қарап тұрса,
Бір түрлі таңғажайып құстар келген.