Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Төрехан батыр (4-бөлім)

Төрехан · Н. Сариманов нұсқасы · 3 мин оқу

Бұл жерде бала кеткенсін,
Астындағы Құла атқа
Қамшы басып «шүу» деді.
Бауыры жазық Құлаша ат
«Шүу» дегенде гуледі.
Тау мен тасты көрмеді,
Табаны жерге тимеді.
Алдындағы аңғарды
Жер ошақ құрлы көрмеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Шаңды-шаңға қосады,
Шаң аспанға жосады.
Киік пенен құланның
Алдын орай тосады.
Жаңбырдай тері сіркіреп,
Жауған күндей күркіреп,
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартты борықты.
Арада неше қоныпты,
Жетемін деп зорықты.
Талма түстің шағында
Шұбалған шаңға жолықты.

Бұрын сапарға шығып жол бейнетін көрмеген жас бала неше медет жол жүріп, шаршап-шалдығып, жеті күн дегенде баяғы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, қара ағашы қапырақ, сары ағашы жапырық, аспанмен таласқан зеңгер тау, шырылдап ұшқан боз торғай басынан асып кетпеген, атса мылтық жетпеген Жекенді деген жерге, Құралай деген көлге келіп тынықты. Аң аулап азық етті. Жүретін мезгілі жетіп, атқа мінді.

Қара обаға шығады,
Қиялап ұшқан бір түтін
Төренің көзі көреді.
Еңкуден түсе желеді,
Кешке жақын келеді.

—Бағанағы қиялап ұшқан түтін, аузынан шыққан лебі, ұзындығы он екі-кез мұрты бар, бойы тоқсан құлаш бір керемет қара дәуге келді. Қазанның түп күйесіндей болған қара дәу жас баланы көріп, қуанып, мынау сөзді айтып тұрған секілді:

Қылайын сені масқара.
Сонда Төре сөйлейді:
—Алдымдағы қалмағым,
Ауыр ма шөптен салмағың?
Таразыға тартқанда,
Қорғасындай басады
Сені менің салмағым.
Бар ма менде алмағың?
Сеніменен ұрыссам,
Құдайға жоқ-ты арманым.
Беліне тұсау шалады,
Азуы алмас қос пері
Ен далада жағаласып қалады.
Таудың бәрі жер болды,
Аспаның бетін шаң алды.
Тоғыз күндей ұрысып,
Ұрыс мықты зор болды,
Батырлар жаман қор болды.
Бір уақыт болғанда,
Қалмақ тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Алдыңғы кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі,
Кезегімді бер,—деді.
Кезегін ердің береді,
Тоқсан батпан шоқпармен
Тас төбеге ұрады.
Тасқа тиген шөлмектей
Ортасынан омырылып,
Жасыған жездей қайырылып,
Шоқпар ұшты аспанға.
Тағы қалмақ сөйледі:
—Қиылдан келген қырық зергер
Қырық ай жатып соқтырдым.
Ойылдан келген он зергер
Он ай жатып соқтырдым.
Шоқпарым неден оңбадың,
Айдаһар өтін жақтырдым?
Еңіреген ер Төре
Қорамсаққа қол салды,
Қол салғанда мол салды.
Көп оғының ішінен
Сұр жебе деген оқ алды.
Сонда Төре толғанды,
Айтайын деп оңдалды,
Дүние қару қолға алды.
«Қалмақ ердің қасы деп,
Торыша аттың басы деп,
Өлер жерің осы деп,
Өкпеліктің тұсы» деп,
Толықсып тұрған батырды
Толғап тартып қалады.
Кірістен оғы кетеді,
Батырға таман жетеді.
Тоғыз қабат кіреуке
Кіреукеден өтеді.
Алты қабат белдемше,
Белдемшеден өтеді,
Белін қиып кетеді.
Өлмеймін деген қара дәу
Ұзыннан сұлады,
Өксіп-өксіп жылады.
Тоғыз құлаш Торыша ат
Мұны көріп жылады.
«Мына қақбас оңбас деп,
Құдай жолы болсын» деп,
Он екі жерден кеседі,
Танауынан теседі.
Өткір білім алмасым,
Өзіме серік жолдасым
Тасты жарып барады.
Одан әрі асқансын,
Қияға көзін салады.
Бір қарақұс көреді,
«Атып сені алам деп,
Сыбағама салам деп,
Осыдан аман мен барсам,
Қарындасым Бибіге
Ішік қылып берем» деп,
Тоғыз өгіздің терісінен
Өріп алған бір қамшы
Орай бұтқа басады.
Тобықтан аққан қара қан
Бақайшаққа жосады.
Қиядан қиқу шыққаннан,
Қырық бір қырдан асады.
Туралап түлкі қашады,
Жеткізбеске басады.
Тарығып тағы жылады,
Жылады да жырлады:
—Айналайын, Төрехан,
Егізбай мен Сегізбай
Өлтіруге келгенде,
Түсіңе аян беріп ем,
Бұл түспеді есіңе!
Бибіжанды алғанда,
Түсіңе аян бергенмін,
Ол түспеді есіңе!
Қараша атты алғанда,
Түсіңе аян бергенмін,
Бұл түспеді есіңе!
Қара дәумен ұрыстың,
Сыртыңнан көмек салғанмын,
Бұл түспеді есіңе!
Қара құс болып көріндім
Бұл түспеді есіңе!
Ат қосшыға ерейін,
Ат қосшыға жағайын,
Маңдайыңнан оқ тисе,
Құйрығыммен қағайын.
Өте алмаған суыңды
Құйрығыммен көпір қылып берейін.
Бұза алмаған қалаңды
Аяғыммен бұзайын.

Тағы оқыңыз