Төрехан батыр (2-бөлім)
Төрехан · Н. Сариманов нұсқасы · 3 мин оқу
Сонда Төре сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Сүйдірмеймін бетімнен,
Әуелі бар да бата оқы
Батасын берген бабаңа!
Сосын бар да сәлем бер
Ақ сүтін берген анаңа,
Сосын алып сүйерсің
Төрехан сынды баланы.
Айғыр сойып ақыртып,
Бура сойып бақыртып,
Хандықты саған берейін,
Он екі баулы көп ноғай
Бәрін қоймай шақыртып.
Ағасы сонда сөйлейді:
—Хандығың құрысын алмаймын,
Алдаған сөзге нанбаймын.
Ақ найзаның ұшымен,
Дізенің жақсы күшімен
Қызылбастың ерлерін
Аз ғана күн аңдаймын.
Әкемнен қалған Қараша ат,
Екеумізге ортақ ат
Қараша атты сұраймын.
—Қараша атты бермеймін
Он екі жерден кесілмей,
Танауынан тесілмей.
—Бермесең берме Қара атты,
Мойныңа қойдым ұятты.
Өшіруге келгенмін
Қос білтелі шырақты.
Өлтіруге келгенмін
Төрехан сынды қарақты.
Алты жасар баланы
Ортаға алып қамапты.
Аллалап айғай салады,
Ай тұтылып барады.
Күңіреніп айғай салады,
Күн тұтылып барады.
Буынулы ақ алмас
Суырып сонда алады.
«Мына қақбас оңбас деп,
Екеумізге болмас» деп,
Екеуі қашып барады.
Еңіреген ер Төре
Артынан қуып барады.
Бір уақыттар болғанда,
Қайтып үйге келеді.
Келе сөйлей береді:
—Берейін бе Қара атты,
Бермеймін бе Қара атты,
Шеше, сізден ұят-ты.
Егізбай мен Сегізбай
Туған жері басқа еді
Сенде бір жалғыз қасқа едің.
Егізбай мен Сегізбай
Далаға қашып кеңесті.
Әлқисса, Егізбай мен Сегізбай Төреханға екеуінің күші келмейтіне арланды. Тұтығып, бетінен түсі қашты. Екі батыр жұдырықтай баланы қалай өлтіруге амалын қарастырып, ақылдасты.
—Ол заңғарға қайткенмен күшіміз келмейді, оның қайраты бізден неше мәрте артық. Амалын тауып, алдап немесе ебін тауып ұрлап өлтірейік,—деп пәтуә жасады. Сонымен, кешке ұйықтап жатқанда терезеден түсіп өлтірмек болып тарасты.
Ұйықтап жатқан ер Төре
Көтеріп басын алады,
Жан-жағына қарады.
—Қайда кеттің хан шеше,
Айырдан туған нар шеше!
—Мен бір бүгін түс көрдім,
Әжептәуір іс көрдім.
Қанатыма қаз қонып,
Қайырылмастай күн көрдім.
Үстіме құлап асқар тау
Қабырғамды сындырды.
Мұртыма менің мұз қатып,
Тұра алмастай күн көрдім.
Азу алмас қос пері
Екі қарым түбінен
Қиып алып барады.
Ақсұңқар құстың баласы
Торға түсіп талпынды.
Бір көзінен жас ақты,
Бір көзінен қан ақты.
Көкелеп жылаған дауысы
Құлағым жарып барады.
Шешесі сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Қанатыңа қаз қонып,
Қайырылмастай күн көрсең,
Халқыңның әнсат болғаны.
Үстіңе құлап асқар тау,
Қабырғаңды сындырса,
Халқымның ісі ауыр дейд,
Халқыңның патша қойғаны.
Мұртыңа сенің мұз қатып,
Тұра алмастай күн көрсең,
Мүскілттің әнсат болғаны.
Азуы алмас қос пері
Екі қарың түбінен
Қиып алып баратса,
Ат жігіттің қанаты,
Қараша атты алғаны.
Ақсұңқар құстың баласы
Торға түсіп талпынса,
Бір көзінен жас ақса,
Көкелеп жылаған дауысы
Құлағың жарып баратса,
Бибіжанды алғаны.
Некесіз туған құлдардың
Алты айшылық шөлі бар,
Алты айшылық күні бар.
Қапыл-құпыл жүгіріп,
Қолына шамды алады.
Бибі жатқан сарайға
Еңкейіп Төре қарады.
Бибі түгіл дым да жоқ,
Қайтып үйге келеді,
Қарына жүген іледі.
Қараша ат тұрған қақпаның
Есігін ашып қарайды,
Қара түгіл, дым да жоқ.
Мінейін десе Қара ат жоқ,
Ұшайын десе қанат жоқ.
Ертең тал түс болғанда,
Қайтып үйге келеді,
Келе сөйлей береді:
—Берсейші, шеше, біліңді,
Бір бүлдіріп келейін
Құлдар жүрген жеріңді.