Төрехан батыр (3-бөлім)
Төрехан · Н. Сариманов нұсқасы · 3 мин оқу
Шешесі сонда сөйлейді:
—Бермеймін, балам, білімді,
Ал дейді менің тілімді.
Қабырғаң әлі қатқан жоқ,
Омыртқаң, балам, өскен жоқ,
27-310
Алты жылдай шыдай тұр.
Алты жылдай шыдасаң,
Он екіге келесің.
Патшаның құрығы ұзын дейд,
Сансыз әскер молменен,
Неше тулы қолменен
Сонда іздерсің, қарағым,
Жауға кеткен қызымды.
—Бермесең, берме біліңді
Осы жолы, шешеке-ау,
Алмайын тіпті тіліңді.
Үстіне шекпен киеді,
Қолына таяқ алады,
«Бибінің ізі осы-ау» деп,
Шырқырап Төре барады.
Қайтпасын ердің білгенсін,
Шыдай алмай шешесі,
Шақырып қайта алады:
—Айналайын, ер Төре,
Құрттай ғана тұра тұр,
Мойның бермен бұра тұр.
Баратұғын хал болса,
Шешең тұлпар сақтады-ай.
Өзің туған жылы кер бие
Жалғыз-ақ құлын тапқан-ай,
Сұр айғырдың шапқаны-ай.
Еш адамға білдірмей,
Жер астына баққаны-ай.
Қайырылып бала тұрады,
Қайтып үйге келеді.
Сарайды ашып қарайды,
Ойнақшыған Құла атты
Төренің көзі көреді.
«Қай жерінен талар» деп,
Алып шықты далаға-ай.
Қарсы алдына тұрады,
Азырақ әңгіме құрады:
—Кекіліне қарасам,
Күлтелеген жібектей.
Танауына қарасам,
Түбі түскен шелектей.
Екі ұртына қарасам,
Еділден шыққан түбектей.
Екі көзіне қарасам,
Қос пілтелі шырақтай.
Маңдайына қарасам,
Қайыңнан шапқан күректей.
Құлағына қарасам,
Көлге біткен құрақтай.
Екі қомы отаудай,
Екі қолтығы астаудай.
Төрт аяғы дөредей,
Тастан ойған кемедей,
Сымға тартқан немедей.
Әкеліп ерді салады,
Айылды қостап іледі.
Ер қаруы бес қару,
Бес қаруды белге алып,
Қоңыр салқын төске алып,
«Ат қарқыны қайтер?» деп,
Ырғып мініп алады.
Сол уақыттар болғанда,
Шешесі тұрып сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Нағашы тегің айтайын—
Едіге сұлтан ер еді,
Нәсілі оның пері еді,
Пері оқуын біледі.
Қарсыласқан кәуірді
Қайрандағы шабақтай
Қия бір соғып жеп еді.
Одан туған Нұралы,
Нұралы ұлы Нұрасы.
Одан туған Ақұса
Әкімі жұртқа таралған.
Одан туған Көнұса
Үкімі жұртқа тараған.
Одан туған хан Мұса,
Отыз ұлы бар Мұса.
Отыз ұлдың ішінде,
Бір ұрыстың өзінде
Алпыс балта сындырған,
Достың көңілін тындырған,
Дұшпанның көңілін қалдырған,
Қысқа күнде қырық шапқан,
Ораққа кімнің шарасы?!
Арыстан сынды ер Қази
Қанды Орақтың баласы.
Он сегіз ханды өлтірген,
Қазиға кімнің шарасы?!
Саған жерік болғанда,
Құланның етін жегенмін,
Жерігім бұған қанбады.
Киіктің сүтін ішкенмін,
Оған жерік қанбады.
Ем болар деп даруға
Арыстан етін жегем де,
Жерігім оған қанбады,
Қанатұғын болмады.
Жолбарысты шайнадым,
Онда да жерік болмады.
Қайтер екен бұған,—деп,
Жылан етін жеп едім,
Бұған да жерік болмады.
Жалаңаш жатып қаңтарда
Ор қояндай аунадым,
Онда да жеру қанбады.
Қара тасты жеген соң,
Жерігім сонда қанып ет.
Айналайын, ер Төре,
Шапса қылыш өтпейді,
Қарғаса қарғыс жетпейді,
Қош, жалғызым, аман бол!
Мұныменен қоймайды,
Шешесі тағы толғайды:
—Құлын да емдің, тай да емдің,
Құнаныңда арда емдің,
Дөненіңде үйреттім.
Мойныңа жұмсақ болсын,—деп,
Жібектен арқан сүйреттім.
Арқаң күнге күйер,—деп,
Мақпалдан жабу жаптырдым.
Қиядан қия желгенде
Табаның тасқа тиер,—деп,
Алтыннан таға қақтырдым.
Жалғызымның бір жаны
Құлаша ат саған аманат.
Баласын қимай, жіберудің де, еріп кетудің де есебін таппай, еңіреп, көпке дейін ілесіп қалмады. Жапанда тұрып зарлаған кемпірдің үнінен тау қозғалып, дария шайқалғандай болды. Алты жасар ұлын хазірет иесі Қамбарға тапсырып, екі көзі білеудей болып үйіне келді. Жан-жағына қараса, үйі үңірейіп, жейін деп тұрған айдаһар сияқты. «Жалғыздық бір Құдайға жарасқан», баласын ойлап көрелі таңды көзінен атырып бірнеше күн уайымдаумен болып қалжырады, қажыды. Көзі көр, көкірегі жер болып, зор қайғымен сар ауру адамдардай төсек тартып жатып алды. Ал ендігі хабарды жолға шыққан Төреханнан естіңіз.