Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Жетім бала» (3-бөлім)

Күй аңыздары · 3 мин оқу

Сол жерде жанындағы жетім балаға қыз: «Біз мінгесіп қашып құтыла алмаймыз, мені түсіріп кет. Ағамның алдынан зорлықпен ілескендей болып шығайын да, «асқар таудай пана болған ағам-ай» деп, құшақ жайып жылаған болайын. Біраз бөгелер, сонда қара үзіп, ұзап кет»,—дейді. Бұған жетім бала: «Е, мен неге қашайын, зорлық-қиянатым жоқ. Ағаң ет пен сүйектен жаратылған адам шығар, мән-жайды айтармыз»,— деп көнбейді. Алайда олай болмай шығады. Ашу буып келе жатқан Ер Көбен тықыр атты бір айналып өтеді де: «Ой, әттеген-ай, кінә сенен емес, қарындасымнан болған екен. Сен ісің ақ болған соң қашпаған екенсің. Әйтпесе, атың қуса жететін, қашса құтылатын жануар екен. Енді өткен іске өкінбей, маған ер. Атыңның төрт тұяғына төрт табақ жамбы берейін»,—дейді. Жетім бала: «Алтының маған ат болар ма, ат болса да тықыр атымдай болар ма?!» деп ермейді. «Ендеше өзің біл, мен саған «қыз алып қаш» дегенім жоқ»,—деп, Ер Көбен қарындасын мінгестіріп жүріп кетеді. Жетім бала болса: «Берген жомарт емес, алған жомарт. Мен көрдім, ол ерді, сен жеңдің. Қайсымыздың ісіміз ақ екені бір тәңірге аян!»—деп жетім бала қала береді.

Содан, есіз далада ер-тұрманын арқалап жалғыз қалған жетім бала тағдырына мұңын шағып, зар төгеді (Осы тұста домбыра ерекше мұңды сазға ойысады).

Есіз далада ұзақ еңіреп, сілесі қатқан жетім балаға бір мезгілде ой келеді. «Қой, мен бүйтіп езіле бергенмен іс бітпес. Әрі жаяу-жалпы қалып, әрі жазықсыз жапа шегіп, сүйгенімнен айырылғаным жараспас. Бір амалын қарастырайын»,— деп орнынан тұрады да, Ер Көбеннің ауылын бетке алып жүріп кетеді. Сол бетінде тоқтамай жүріп отырып, түннің бір уақытында ауыл іргесінде жусап жатқан Ер Көбен жылқысының үстінен шығады. Ақырын көз үйретіп қараса, ағаш саясында бір жылқышы қалғып тұр дейді. Жетім бала еппен басып келеді де, шылбырын тұзақтап жылқышының мойына салып, ағаш бұтағынан асырып тартып тұра қалады. Сонан соң: «Жан керек болса шыныңды айт, жылқы ішіндегі ең жарамдысын ата!»—дейді. Шыбын жанын сауғалаған жылқышы: «Айтайын, айтайын! Ер Көбеннің жұма сайын бәйгеден келетін егіз күрең аты бар. Бірін кеше қинап мінген екен, үйінің жанында таңасып тұр. Екіншісі—мына менің астымдағы ат. Шыным осы!»—дейді жылқышы.

Мұнан әрі жетім бала шылбырды ағаш бұтағына орай тартып, жылқышыны байлап тастайды да, оның астындағы атына мініп алады. Сол бетінде өзін ұнатқан қыздың ауылына келіп, қыз үйінің тұсынан кешегі бұлақ басында айтқан әніне салады (Осы тұста домбыра үні әсем сазға ойысады).

Әнді естіген қыз бұл әннің кешегі бұлақ басында жетім бала салған ән екенін бірден таниды. Таниды да ойға қалады. «Бұл келіп тұрған жетім бала болар. Жетім де болса сертке берік екен. Сол сертінде тұрған соң, есебін тауып егіз күреңнің бірін қолға түсірген ғой. Қолға түсірген соң маған ат басын бұрып, белгі беріп тұрғаны болар, тәуекел!»—деп, қыз еппен киініп, затын салған қоржынын қарына іліп, сыртқа шығады. Сыртқа шыққан соң алаңсыз болайын деп, есікке қамыттай қара құлып салады. Сонан соң таң асып тұрған күрең атқа мінеді.

Мұның бәрін көз жазбай бағып тұрған жетім бала қызға келіп: «Тағдыр жолымызды оңғарсын! Сен жылқыға барып, айдап кете бер. Мен ағаңмен қоштасып қайтайын!»—дейді. Қыз мұны жөн көреді.

Жетім бала Ер Көбеннің үйінің тұсына келіп: «Ау, Ер Көбен, Ер Көбен! Сен ер екенсің. Кеше қарындасыңды қалыңсыз бергің келмей алып кетіп едің. Бүгін егіз күреңді мінгізіп, бір табын жылқыны алдымызға салып бердің. Мәрттігіңде шек жоқ екен, тәңірі жарылқасын!»—деп дауыстайды. Мұны естігенде Ер Көбен: «Өй, мынау не дейді ей!»—деп, орнынан тұра жүгіргенде құлыптаулы есікке соғылып, шалқасынан түседі.

Мұны естіген жетім бала: «Ұрит соқ-соқ!»—деп іштей күліп жүріп кетеді.

Осылайша жетім бала мол жасауымен сүйгенін алып, туған жеріне жетіп, ел болып кетіп еді дейді.

Күй аңыздары

Барлығы: 365 аңыз

Тағы оқыңыз