«Балжыңгер» (І нұсқа) (1-бөлім)
Күй аңыздары · 3 мин оқу
Ертеректе байлық-берекесі шалқыған, сән-салтанаты келіскен Байсары деген бай өтіпті. Мекені Өр Алтайдың салқын сабат аясына біткен Марқакөлдің шүйгін жағасы болса керек. «Бірі кем дүние» деген емес пе, Байсарыда тұяқ жалғар, шаңырағына ие болар ұл болмапты. Бірақ, оның есесіне ақылына көркі сай, жұрт аузына ілінген Айымкүл есімді жалғыз қызы бар екен. Жоққа жүйрік жеткен бе, Байсары бай барға қанағат етіп, жалғыз қызы Айымкүлдің тілеуін тілеп, бетінен қақпай өсіріпті.
Жылжып жылдар, сырғып күндер өтіп жатады. Айымкүл айдай толысып бой жетеді. Байсарының ақылына көркі сай қызы туралы тамылжыған тәтті сөз аяқ жетер жерге жайылады. Содан өзіне теңдес өмірлік жар іздеген небір нәнталап жігіттер қыз көруге Байсарының үйіне күн құрғатпай ағылып келіп-кетіп жатады. Батыры бар, байы бар, шешені мен көсем бар, бірінен-бірі мойын оздырған қыз көрушілер Айымкүлді көріп, көңілдері толып, сөз сала бастайды.
Осы кезде Байсары дал болады. Бірінен-бірі иық асырған өңшең мықтыларға не деп уәж айтарын білмей қиналады. Жалғызын құтты орнына қондырып, көңіл орнықтыруды ниет қылған Байсары енді қартайғанда дұшпанымды көбейтіп, артыма зиянымды тигізбесем неғылсын деп уайым етеді. Мұның бәрін іштей ұғып жүрген Айымкүл әкесіне сөз салады: «Ұям үйде болғанмен, өрісім түзде болған соң шара бар ма?! Шара болмағандықтан да, табиғаттың дегеніне көніп, перзенттік өтінішімді білдіруге бел будым. Әкем маған күйеу таңдап қиналмай-ақ, ерікті өзіме берсе екен. Маған атақ-даңқ та, байлық-береке де, сұлулық-салтанат да таңсық емес. Оның бәрі бір басыма бұйырған. Сондықтан әкем аяқ жетер жерге жар салып, хан-қара, би-төре демей, күйеу таңдар тойын жасап берсе екен»,—дейді.
Байсары жалғыз қызының бұл тілегіне қарсы болмайды: «Тәңірі маған ұл бермеді. Бірақ ұлдан кем емес қыз берді. Оған да шүкірана! Айымкүлім бой жетіп, перзенттік еншісін сұраған екен, бердім ұлықсатымды! Аяқ жетер жерге жар салыңдар! Күйеу таңдар тойға қамданыңдар!»—деп ризалығын білдіреді.
Содан күйеу таңдар тойдың межелі күні де келіп жетеді. Марқакөлдің жағасына жер қайысқандай жұрт жиналады. Тойға киіз туырлықты жалпақ қазақты былай қойғанда, Ұрым мен Қырымнан, Бағдат пен Мысырдан, Шын мен Машыннан, Үнді мен Хорасаннан үміткерлер келген. Бірінен-бірі асып түскен сән-салтанат көз тұндырады.
Бір мезгілде кернейлер тартылып, дауылпаз қағылып, ортаға әлекедей жаланған жаршылар шығады. Жұртшылыққа алқа-қотан жасатып, еңселілеу орынға алтын тақта қойдырып, Айымкүлге жол ашады. Көрген жанның көңілін үйіріп, көлде жүзген аққудай сызып келіп тақтаға отырған Айымкүл баста деп белгі береді. Жаршылар саңқылдай жөнеледі.
—Уа, халайық, халайық! Ай мен күндей Айымкүлге қарайық. Ұрым мен Қырымнан, Бағдат пен Мысырдан, Шын мен Машыннан, Хорасан мен Үндіден келген қонақ бар. Ен даланың еркін өскен жігіттері және бар. Барлығында бір мақсат—айдай сұлу Айымкүлдің сынынан сүрінбей өту. Бір ғана шарт бар, әркім өзін, елі мен жерін таныстырып, ең басты қасиетін айтып өтсін!
Жаршылардың хабарынан кейін үміткерлер бірінен соң бірі ортаға шығып, қойылған шарт бойынша өздерін таныстырып, ең басты қасиеттерін айта бастайды. Бірі жеті атасынан бері ел билеген әулеттен шыққанын айтады. Екіншісі төрт түлік малына жер қайысқан бай екенін тілге тиек етеді. Үшіншісі алтыны мен күмісін түйеге теңдесе, алды-арты түстік жерге созылатын керуен болатынын көлденең тартады. Келесісі бұл дүниеде қарсыласы жоқ батырлығын айтып, кеуде қағады. Енді бірі жеті қат жер астының, жеті жұрттың тілін білетін ғұлама екенін ескертеді. Тіптен, тағы біреуі қара суды теріс ағыза алатын сиқыр өнерін меңгергенін айтып өтеді...
Айымкүл әрқайсысына ізет көрсетіп қойып, айтылған сөздерді іштей бір сын ғып отырады.