Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Жетім бала» (2-бөлім)

Күй аңыздары · 3 мин оқу

Сонымен, күндер жылжып өте береді. Бойы өсіп, бұғанасы қата бастаған бала жүре тапқан әкесінің үйір-үйір жылқысына бас-көз болып, жылқышылардың қосағасы болады.

Күндердің бір күнінде жетім бала жылқышылардың жайын білуге келе жатса, тау арасынан түгі жетіліп үлгермеген тыптықыр бір құлынды көреді. Бала құлынды қосқа алып келіп, бағуға кіріседі. Кешікпей-ақ, тықыр құлын тез жетіліп, ат болады. Жай ат емес, желсе желдей есетін, шапса құстай ұшатын тұлпар болып өседі.

Бір күні бала атын мініп, әкесіне көрсету үшін үйіне келіп, атын белдеуге байлап жатқанда пысқырып қалады. Сонда бай үйінің түндігі құйын соққандай желп ете түсіп еді дейді. Бай үйге кірген баласынан: «Шырағым, мынауың неғылған ат, мұндай жылқы бізде жоқ еді ғой»,—депті. Бала мән-жайды айтады. Бай: «Е, дұрыс-ақ, мінетін атыңды тапқан екенсің»,—деп оң шырай танытады.

Бала осы бір сәтті пайдаланып, көптен көкейінде жүрген ойын айтады. «Әке,—дейді бала,—тумасам да туғандай көріп, бауырыңызға бастыңыз. Ол үшін алдыңызда мәңгі қарыздармын. Алайда қазақ «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» демей ме? Ұлықсат етсеңіз, туған жерімді көргім келеді».

Ержеткен азаматты зорлап ұстап бола ма, бай қаншалықты балаға бауыр басып, қимағанымен, ақылға жеңдіріп ақ батасын беріп, ұлықсат етеді.

Бала қуанышы қойнына сыймай жолға шығады. Былай шыға тақыр атына қамшыны басып, талай бел-белестен өтеді. Бір мезгілде тізгін тартып артына қараса, көз ұшында жалпылдап бай әкесі қуып келеді дейді. Сөйтсе, бауыр басқан баласы енді қайтып келмей ме деп қимай, тұлпарына мініп, соңынан ере шыққан екен. Сонда баланың да жүрегі елжіреп: «Сағың сынар қайт, әке!»—деп дауыстайды. Осы тұста домбыра «Сағың сынар, қайт, әке!» деген сөздің буын ырғағын сұңқылдай қайталап тұрып алады.

Баланың алған бетінен қайтпайтынына көзі жеткен бай: «Қайтейін, қайыр қош, алдыңнан жарылқасын!»—деп, көзінің жасын іркіп, кері қайтады.

Жетім бала сол жүргеннен мол жүріп отырып, күндердің бір күнінде тау қойнауынан бұрқырап ағып жатқан бұлаққа тап болады. Бұлақты өрлеп келе жатып, көңілі тасыған бала әнге салады (Осы тұста домбыра үні жан сергітер әсем сазға ойысады).

Кешікпей-ақ, жетім бала бұлақтың бастау қайнарына жақындап келсе, оның әсем әнін елти тыңдап бір қыз тұр дейді. Жөн сұрасып, тілдесе келе бала қызды ұнатып қалады. Сол жерде бала: «Маған өмірлік жар болсаң, алдыма мінгізіп алып кетер едім»,—дейді. Сонда қыз: «Әніңді естідім, тегін жүректен шықпайтын ән екен, атыңды көрдім, қашса құтылып, қуса жететін ат екен. Тағдырдың жазуы осы шығар, айтқаның болсын»,—деген екен. Сөйтіп, көңілдері жарасқан екі жас тықыр атқа мінгесіп жолға шығады.

Сол уақытта қыздың артында қалып бара жатқан шешесі мен Ер Көбен деген бір ағасы бар еді дейді. Шешесі күндік жерден жыланның күйсегенін біліп, иісін сезетін қазық аяқ қара кемпір болса керек. Су алуға кеткен қызының кешіккенінен секем алып, тың тыңдап жібереді де, болған жайды біледі. Сол-ақ екен, аттанды салып: «Ер Көбен, әлгі жүзіқара жалғыз қыз көлденеңді көк аттыға мінгесіп, күндік жерде кетіп барады, жылдам жете гөр!»—деп байбалам салады. Ер Көбен де намысқа басып, тұлпарына мініп, қуып береді. Келесі күні дегенде қараларын көреді. Сонда Ер Көбен: «Қашпа, батыр, қашпа, тоқта, батыр, тоқта!»—деп дауыстайды (Осы тұста домбыра «Қашпа, батыр, қашпа, тоқта, батыр, тоқта!» деген сөздің буын ырғағына ойысады).

Күй аңыздары

Барлығы: 365 аңыз

Тағы оқыңыз