«Балжыңгер» (І нұсқа) (2-бөлім)
Күй аңыздары · 3 мин оқу
Бір мезгілде қарапайым киінген, есік пен төрдей кер ат мінген бір жас жігіт ортаға шығады. Күнұзынғы сән-салтанатқа көзі үйренген жұрт гу ете қалады. Батырлар менсінбеген, байлар теңсінбеген шырай танытады.
—Ен даланың төсінде еркін өскен елім бар. Сол елдің қатардағы қарапайым бір перзентімін. Есімім—Қастер. Жау алмайтын, жұт шалмайтын дәулетім бар, ол—мен үшін ойланбай жанын қиятын достарым. Қашсам құтылатын, қусам жететін қанатым бар, ол—астыма мінген пырағым—Балжыңгер!—дейді жас жігіт.
Айымкүл ойланып қалады. Ойлана отырып: «Рас-ау, мал өлер, дүние тозар. Сол өлер мал, тозар дүниені қаперіне ілмей, достарын мақтан еткен пейілі қандай кең еді, жүрегі қандай ақ еді!»—деп іштей күбірлейді. Жай ғана күбірлеп қоймайды, назары тоқтаған осы бір кер атты жігітті сынамақ болады. Сынына толса, тағдырдың жазуы осы шығар деп тәуекел етпек.
Сол жерде Айымкүл ақ орамал көтеріп, жұртшылықтан сауға сұрап, кер ат мінген Қастерге шарт қояды: «Сөзің ұнады, жігітім. Енді ісіңді сынағым келеді. Алайда сынаушы жалғыз мен болсам, әділдікке қиянат келтірер едім. Сондықтан істің сыны екеуімізге бірдей ортақ болсын. Мен қазір осынау қауымның көз алдында алтын оқалы, жез түймелі күдері тон тігуге кірісемін. Күдері тон толық тігіліп біткенше астыңдағы кер атпен Марқакөлді айналып шығасың. Егер үлгерсең, мен сендікпін!»—дейді.
«Уәде—серт, мақтан—дерт» деген, сол жерде екі жақ та сертке тәу етіседі. Қастер кер аттың айыл-тартпасын тартып, үзеңгіге аяқ салады, Айымкүл ине-жібін қолына алады...
Содан Балжыңгерге қамшы басқан Қастер Марқакөлді көбелей шауып жөнеледі. Аспантаудың аңғарына сұғына кірген айна көлді айналып шығу оңай болмайды. Із түспеген шалғынды кешіп, сыңсыған орманнан өтеді. Көлге төне біткен құз-жартастарды басып, қарлы шыңдардан асады. Қара қорыс батпақтарды жалдап, арқырап аққан ақ жал толқынды өзендерден өтеді. Шыға шықса, қарлы боранға оранып, ойға түссе, қара тұманға тап болады. Мұның бәрі аздай-ақ, ормантоғай, тау-тастың арасынан ақырып аю шығады, шабынып жолбарыс кезігеді, күркіреген қабыланмен беттеседі... Осының бәрінде де Қастер мінген Балжыңгер нағыз ерге серік пырақ екенін көрсетеді. Көлді көбелеп, қияны жебелеп, қуса жетіп, қашса құтылып, шапқан сайын ширыға түседі. Содан, күн мен түннен жаңылып, батысы-шығыс, шығысы-батыс болғандай бір мезгілде көз ұшынан Байсарының ауылы көрінеді. Шалғынға шашқан жұмыртқадай ағарып, алқа қотан қонған ауылдың қарасы көрінгенде Балжыңгердің белі көтеріліп, созыла шабады. Сол бетінде жұлдыздай ағып келіп, Қастер тізгін тартқанда, Айымкүлдің қадап үлгермеген соңғы түймесі қалса керек.
—Сыныма толдың, Қастер. Егер сенің сыныңа мен толсам, тойыңды жасай бер!—дейді Айымкүл.
—Сен де сыныма толдың, Айымкүл! Қадалмай қалған жалғыз түйме—ердің басшы, әйелдің қосшы екенін мегзегенің деп білемін!—дейді Қастер.
Сол жерде жиналған жұртқа Айымкүл тіл қатады:
—Ардақты ағайын! Алыстан келген қадірлі қонақтар! Қысқа жіптей күрмеуге келмейтін қыз дәуренімнің қызығына куә болдыңыздар. Ең алдымен кіндік қаным тамған туған жердің атынан, сонан соң алтын бесік елімнің атынан алғыс айтамын. Жеңдім деп желігудің, жеңілдім деп жасудың қисыны жоқ. Мен—жалғыз, сіздер—көпсіздер. Бәріңді бірдей құрметтесем де, біріңді ғана таңдағанымды айтқым келеді. Тағдырымды кер ат мінген Қастерге тапсырдым... «Тойдан—тобықтай белгі» деген, барлықтарыңызға қалы кілем, нар түйе, тай тұяқ бастаған үш тоғыздан сый тартамын. Бәсекелес емес, бауырлас болып тарасаңыздар екен!—дейді Айымкүл.
Айымкүл мен Қастердің сынына да, сырына да жұрт көңілі толып, риза болады. Екі жастың көңіл қосуы ұлан-асыр тойға ұласады...
Осы оқиғаға куә болып, ер жігіттің даңқын шығарған Балжыңгердей пырақты көзімен көрген күйші «Балжыңгер» атты күй шығарады.
Ел ішіне «Балжыңгер» күйінің үш нұсқасы кеңінен тараған. Күйді жете меңгерген, аңызын да жақсы білетін домбырашылар бұл үш нұсқаны бір күй етіп тартады. Күйді тарту барысында мынау «Балжыңгердің аяғы», мынау «Балжыңгердің шабысы», мынау «Балжыңгердің желісі» деп, күйдің сарынын тараулап, жіктеп отырады.
«Балжыңгер» күйінің аңызы ғана емес, әуен-сазы да драмалы тартысты бейнелейді. Бірде мамырлап, бірде ширығып отыратын күй сарыны адам сезімінің күрделі сырына бойлағандай.