Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Жетім бала» (1-бөлім)

Күй аңыздары · 3 мин оқу

Ертеде, жаугершілігі мол заман болса керек. Бірде, қаннен-қаперсіз бейбіт жатқан ауылды жау шауып, ойранын шығарады. Ойда жоқта басталған аласапыранда бір балажан ана есейіп қалған жалғыз баласын қазанның астына жасырып үлгереді. Ауылдың қарсыласқандары ажал тауып, қолға түскендері пенде болып, жаудың айдауына кетеді. Содан, қазан астында жасырынып аман қалған бала шаң-шұң басылған соң орнынан тұрып, ойраны шыққан ауылын көреді, тірідей айырылған анасын жоқтайды. «Айналайын, Құдай-ау!» деп зар төгеді (Осы тұста домбыра «Айналайын құдай-ай!» деген сөздің буын ырғағымен үндес қайғылы сарын шығарады).

Тағдырдың тауқыметінен қашып құтыла ала ма, жетім бала жатағынан түңілген құлындай болып, иесіз жұртты артқа тастап, беті ауған жаққа жүріп кетеді. Қанша жүргені белгісіз, күндердің бір күнінде ерні шөлден кезеріп, әбден титықтаған шағында көз ұшынан қарайған аттылы көрінеді. Жай аттылы емес, соңына ерткен тазысы бар, қолына қондырған қаршығасы бар, қанжығаға байлаған дабылы бар Қошан сері деген аңшы болса керек. Құлазып келе жатқан жетім бала жүгіре дауыстап: «Ағажан-ау, ағажан, атыңның басын тарта тұр!»—деп шақырады (Осы тұста домбыра «Ағажан-ау, ағажан, атыңның басын тарта тұр!» деген сөздің буын ырғағымен үндес қайғылы сарын шығарады).

Сол сәт аңшының алдынан құсы қалың отырған көл көрініп, қолындағы қаршығасы тіленіп ұшып жөнеледі. Қаршығасы кеткен соң, құстың қызығымен балаға қарай алмай, дабылын дүңкілдетіп, аңшы да шаба жөнеледі. (Осы тұста домбыраның үні соғылған дабылдың дүңкіліне, шапқан аттың дүбіріне ұқсап кетеді).

Жетім бала екі өкпесін қолына алып жүгіріп көлге жетсе, аңшы атын көл жағасына қаңтарып тастап, өзі қамыс арасына түскен қаз-үйректі жинауға кетіпті дейді. Жапан түзді жаяу кезіп жаны қиналған бала аттың тұсауын шешіп, қарғып мінеді де жүріп кетеді. Қошан сері қаз-үйрегін арқалап, қамыстан шықса аты жоқ. Төңірегіне қараса, көз ұшында желе жортып кетіп бара жатқан баланы көреді. Дүние кезек деген емес пе, енді баланың соңынан жүгірген аңшы: «Балажан-ау, балажан, аттың басын тарта тұр!»—деп дауыстайды. (Осы тұста домбыра «Балажан-ау, балажан, аттың басын тарта тұр!» деген сөздің буын ырғағымен шертіледі).

Бала болса, қайтып оралсам қандай ниеттегі адам екенін кім білген, тағы да тентіреп далада қалармын, оның үстіне мендей емес қой, қолында қаршығасы, соңында тазысы бар, деп ойлайды да, тоқтамай жүре береді. Сол бетінде қара үзіп, шығандай ұзап барып, бір тақырға іркілген қақтың басына келгенде тізгін тартады. Аттан түсіп, атының ауыздығын алып, суармақшы болады. Осы сәт күрс еткен мылтық дауысы естіледі де, суарып тұрған аты жалп етіп құлайды. Жетім бала жанына араша болған атының басын құшақтап, еңіреп қоя береді. Сонда үстінде жарғағы, қолдарында мылтығы бар қос мерген келіп баланы жұбатады. «Әттеген-ай, жаңылған екенбіз! Шырағым, құлан ататын мергендер едік. Мына тақырдың қағына құланнан басқа ұшқан құс, жүгірген аң келмеуші еді. Біз байқамай жазым еттік»,—деп қос мерген өкініш білдіреді.

Сол жерде жөн сұрасып, жайды біліскен соң қос мерген балаға: «Алаңдар ешкімің жоқ екен. Біздің елдің байының баласы жоқ еді, балшықтан кісі жасай алмай отыр. Сол кісіге бала боласың»,—дейді. Жетім баланың бұлданар жайының жоқ екені белгілі, қос мергеннің сөзіне құлақ асып, ауылына еріп келеді. Айтқандай, баласы жоқ бай жетім баланы зор қуанышпен бауырына басып бала етіп, ұлан-асыр той жасайды.

Күй аңыздары

Барлығы: 365 аңыз

Тағы оқыңыз