Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тапқыр бала (I нұсқа) (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

—Бұл ауылға келген адам итті атпақ түгіл, қамшымен соқпайтын, сен қайдан шыққан адамсың, иттерге неге тиісесің, атаңа нәлет!—деп балағаттап, баланы сабамақ болады. Сонда бала тұрып:

—Ағатайлар, мені сабамаңдар, сөкпеңдер, ауылдарыңның сұлтаны Топайға алып барыңыздар, жауабын соған берейін. Мен Орал өзенінің арғы бетінен келе жатқан елшімін,—дейді. Баланың мінген түйесін жетелеп келіп, баланы үйдің жанына қойып, ауылының жігіттері болған оқиғаны Топайға барып хабарлайды. Сонда Топай үйінде өздерінің билерімен бірігіп қымыз ішіп отыр екен.

—Біздің ауылдың итін атып жүрген кім, неткен көргенсіз? Өзін бері алып келші маған!—деп бұйрық беріп жатыр екен. Сол кезде бала түйесін шөгеріп, жүгін түсіріп серкені кебежеден шығарады. Түйені де, серкені де халықтың көз алдына көрсетіп жүкке байлайды. Сонан кейін Топайдың үйіне келіп кіреді.

—Өзің кімсің, қайдан келдің?—деп ақырады.

—Мен арғы беттегі Бегалының елшісімін,—дейді. Сіздің Бегалыдан талап ететін құлыныңыз бар екен, соның жауабын беруге мені жіберді,—дейді.

—Е, еліңнің үлкені құрыды ма, ақсақалы құрыды ма? Сендей ақымақ баланы шақырып па едім мен, неге келдің, сен не билік айтасың?—деп Топай қаһарланады, сонда бала айтады:

—Егер үлкен керек болса, анау байлаулы тұрған қара бура— менікі, сонан сұраңыз, ақсақал керек болса, сақалының ұзындығы жарты кез анау тұрған ақ серке—менікі, сонан сұраңыз. Ал билік керек болса, менен сұраңыз, жауабын берейін,—депті. Сұлтан сасып сөз таба алмай қалып:

—Е, жүгірмек, ендеше менің иттерімде не атаңның құны бар еді, неге атасың?—деп айғайлапты.

—Сіздің иттерде менің көптен ала алмай жүрген өшім бар еді. Өткен жылы Орал өзенінің арғы бетінде күндіз осы қара бурамды мініп қой бағып тұрғанымда, бес алты қасқыр келіп қойға шапты. Сол кезде айтақтап ертеден кешке дейін айқайлағанда, осы иттеріңнің бірі маған көмекке келмеген, бүгін ауылға елші болып келгенде, менің түйемді жеп қоя жаздады, сонсоң аттым,—дейді бала.

—Өзің қып-қызыл жынды екенсің, сенің өзеннің арғы бетіндегі айқайлаған дауысыңды бұл жердегі менің иттерім қайдан естісін, осындай да сөз бола ма екен?—деп Топай тағы ежірейеді.

—Айтқан сөзіңізге ие болыңыз, адамның дауысы айуанның дауысынан қаттырақ шығатынына сіздің таласыңыз болмас. Олай болса, Бегалының жабы айғырының өзеннің арғы бетінде жүріп кісінеген даусын сіздің асыл тұқымды биеңіз қалай есітеді? Қайсымыз жынды болдық?—дейді бала.

—Жұрт-ау, мына жынды жүгірмектің мені сөзбен жеңіп, жермен жексен жасағанын көріп отырсыңдар ғой! Енді менің Бегалыдан ешқандай талабым жоқ. Мынау жүгірмек келмей жатып менің екі жақсы итімді өлтірді, ұзақ аялдаса, біреумізге зақым жасар, тезірек еліне қайтарып құтылыңдар!—деп Топай би жігіттеріне бұйрық береді.

—Мені жынды дедің, жүгірмек дедің, бала дедің, бірталай сөзбен қорладыңыз. Ал менің сізге айтарым:

—Ақылдың жастан шығатынын, асылдың тастан шығатынын, күнәсіз адамды жәбірлеу мастан шығатынын бұдан былай есіңізден шығармаңыз, би!—деп, бала үйден шығып кетеді. Осы сөзді айтқан бала Сырым екен.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз