Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тапқыр бала (I нұсқа) (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Өткен күндердің бірінде Орал өзенінің екі бетінде екі бай сұлтан тұрыпты. Оң жақ бетіндегісінің аты—Бегалы, сол жақ бетіндегісінің аты Топай екен. Бұлар ылғи бір-бірімен айтысып, барымталасып, шабысып, бақ таластырып келіпті. Бір күні Топай отырып:

«Менің асыл тұқымды арғымақ биелерім өзеннің арғы бетіндегі Бегалының жабы, жаман айғырларының кісінеген даусынан шошып, құлын тастапты. Бегалы асыл тұқымды құлындарымның бағасын төлесін, оған көнбесе, шабысуға даяр екенін айтсын»,—деп Топай Бегалыға елші жібереді.

Бегалы бұл сөзді есіткеннен кейін, билерін шақырып алып, ішіндегі ең сөз тапқыш деген екі ақсақалын Топайға аттандырыпты.

«Барып билігін айтыңыздар, сөзден жығылсаңдар, өлген құлындарыңның бағасын төлеп қайтасыңдар»,—деп тапсырады билеріне.

Екі шал Орал өзенінен өтіп, Топайдың аулына қарай жүріп келе жатып, кешқұрым мал қайтарып жүрген он сегіз-он тоғыз жасар балаға жолығады. Онан «Алдымызда жақын жерде қонатын ел бар ма?»—деп сұрайды. Күн қауысарға таянып қалған кез екен. Бала тұрып екі биге жөн сілтеп былай дейді:

—Алдыңызда, оңаша қашық емес жерде ақшамның үйі бар, онан өткесін әттегенай бар, ал қонам десеңіздер анау тұрған біздің ауыл, барып қоныңыздар,—деп жолдан шеткерілеу тұрған ауылдарды көрсетеді. Екі би тұрып:

—Шырағым, сіздің ауыл бізге қисық тұр екен, сондықтан ақшамның үйіне барып қоналық,—деп жүріп кетіседі. Күн батып, кешкі ақшам мезгілі болады, бірақ ел жоқ. Сонда біріне-бірі қарап ақсақалдар:

«Әттеген-ай, манағы баланың ауылына барып қонбағанымыз қате болған екен, әлде де болса сол баланың үйін тауып алып қоналық»,—десіп аттарының бастарын бұрып алып, қайта жүріседі. Бала қариялардан бұрын келіп үйіне жеткен екен. Үйіне келе жатқан адамдарды танып, алдарынан шығады. «Қош келдіңіздер!»—деп екі қарияны аттан түсіріп қарсы алады. Түнде қонып отырған кезде бала бұл екі қарияның Топайға не үшін бара жатқанын сұрайды. Қариялар не себепті Топайға баратындарын жасырмастан айтысады. Бала тұрып:

—Топайдың өтірік дауына не деп жауап қайтарасыздар?—деп сұрайды. Сонда екі қария тұрып:

—Біздің айтарлық еш дәлеліміз жоқ, өлген құлынның бағасын төлейміз де,—деседі. Сонда бала тұрып:

—Сіздер осы дауларыңызды маған тапсырыңыздар, Топайға жауабын мен берейін, менің малымды келгенше сіздер баға тұрыңыздар,—дейді. Екі ақсақал өзара кеңесіп, балаға ризалық білдіреді. Ертең тұрған соң бала алдымен түйеден бір үлкен қара бураны, қойдан бір үлкен ақ серкені алып қалады. Қара бураның бір жағына кебеже теңдеп, оның ішіне ақ серкені салып, екінші жағына топырақ салған қап теңдеп түйеге артады, өзі үстіне мінеді, қолына саржа /оқ жақ/ алады. Сөйтіп, Топайдың аулына аяңдап жүріп кетеді. Топайдың ауылы Көлтабанда отырады екен. Сәскетүс кезінде бала Топай аулының маңайына жақындап келеді. Бір шақырымдай жерден түйеге мініп келе жатқан адамды көріп, Топайдың аулының он-он бес қабаған иттері баланы қарсылап алады. Иттердің бірі түйенің артқы аяғыннан тістеп, бірі алдын кес-кестеп, барлығы қамалап алып түйені жүргізбей қояды. Сол кезде бала ызаланып саржамен бір-екі итті атады. Саржаның оғы қадалған иттер қыңсылап ауылға қарай қашады. Қалғандары да ыдырай бастайды. Қыңсылаған, атылған иттерді көрген Топай ауылының тентектері атқа міне-міне салып балаға қарсы шауып, қамшы ойнатады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз