Кәріжастың «Қаржас» аталуы және Сүйіндікбен еншілес атануы (ІІІ нұсқа) (2-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Сонымен ұлдары мен келіндеріне Ұлпая шешеміз айтып, Бибігүлді толық еншісімен төркініне апарып салады. Сол нағашысында ержете бастайды. Мұны сол елдің жастары кешегі қаңғып келген жетім еді, енді міне, абыройы бізден асып барады деген күншілдік пайда бола бастайды. Мұны Бибігүл шешеміз біліп, Кәріжасқа айтады:
—Сен атыңды әбден бапта, содан соң өзіме кел! Саған айтатын сырым бар, бірақ сен ешкімге айтпа!—деп тапсырады.
Атын әбден баптап болған соң:
—Шеше, мен болдым—деген. «Олай болса, сен, Кәріжас, бұл ауылдың баласы емессің, Орта жүз Мейрамсопының баласысың. Сенің Ұлпая деген үлкен шешең, Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік деген ағаларың бар. Енді сен ағаларың мен еліңді тап! Мынау орамал бойыңда болсын! Сен барған соң «Кәріжас болсаң, белгіңді әкел!» деп шешең сұрар. Ол кісі жоқ болса, ағаларың сұрар, сонда бересің»,—деп, жүретін жолын [ың] бәрін айтып, Кәріжасты түнде аттандырып жібереді.
Айту бойынша жүріп келе жатса, бір қалың жылқыға кездеседі, ішінде жүрген жылқышыдан жөн сұрайын деп Кәріжас жылқышыға жолығып, жөн сұрайды.
Сонда жылқышы:
—Жөн сұрау маған лайық еді, сен менен бұрын сұрадың, мен Мейрамсопының баласы Сүйіндікпін, ал енді өзің жөнінді айт, кімсің дегенде:
—Мен де Мейрам сопының нағашысында жүрген Кәріжас деген баласымын»,—депті.
Екеуі құшақтасып, жыласып табысады. Сүйіндік енді апамнан «сүйінші» алайын деп, Кәріжасты ертіп әкеліп:
—Апа, сүйінші! Кәріжасыңды әкелдім,—дегенде, Ұлпая анамыз: «белгісін берсін!» депті. Сол уақытта Кәріжас орамалды береді. Үлкен шешеміз қуанып, мәз болады. Бұл күні Қуандық ағамыз ауылда жоқ екен. Әбден жайғасқан соң Сүйіндік шешесіне:
—Мынау Кәріжасты маған еншілес етіп бер. Ешқандай кемшілік көрсетпеймін, інім де, балам да болсын!—деп сұрапты.
Шешесі:
—Сенікі дұрыс, бірақ ағаң жоқ қой. Келсін, оған да осыныңды айт, түсінер. Ал қазір саған беріп жіберсем, ағаңның мінезін өзін білесің ғой, есімізді шығарар,—депті.
Қуандық та үйіне келіпті, әйелі болып жатқан жағдайды айтып:
—Кәріжасты Сүйіндікке беретін болды,—депті.
Қуандық шешесіне барған кезде Сүйіндік пен Кәріжас та барып, сәлем береді. Ұлпая анамыз Қуандыққа:
—Өте қуаныштымыз, мына Кәріжас келіп, мәз-мәйрам болып жатырмыз,—дегенде, Қуандық:
—Әкенің үлкен мен ғой. Кәріжасты өзіме бер!—депті.
Ұлпая анамыз:
—Қарағым, сенің балаларың бар ғой, өзіңе серік, ер жетіп қалды. Мынау Сүйіндік болса, кемдік көріп жүр ғой және балалары болса жас. Кәріжасты осыған берейік, іні де, бала да болады,—депті.
Сүйіндік те ағасынан қиылып сұрапты. Шешесі:
Қуандықжан, екеуі де сенің інің ғой, Сүйіндікке бере ғой!— депті.
Сонда Қуандық:
—Олай болса, екеумізге де жоқ қылып, қазір басын бір-ақ кесемін!—деп ашуға басыпты. Қуандықтың ашуын көрген соң Ұлпая шешеміз:
—Енді екеуің де таласпа! Мынау орамалдың ішінде кешегі әкелерің ұстаған (сақа бар). Осы сақаны мен иіремін. Мынау тәйтөріге, Қуандық, сен үлкенсің, таңдауын сен ал!—дегенде:
—Алшылы шігі, тәйкелі бүгі—менікі,—депті.
Оған Сүйіндік:
—Аға, сіз әмәнда үлкендігіңізді салып, маған зорлық етесіз. Асық оңқа тұра ма, маған бір жағын беріңіз,—дегенде:
—Алсаң, оңқасын ал, алмасаң қой,—деп отырып алыпты.
Сонда Ұлпая шешеміз:
—Таласпай-ақ қойшы, ағаң ғой. Құдай нағыз жазған болса, қайда кетер дейсің. Сен жұмсақ көңіл едің, Сүйіндігім! Құдай өзі шешер!—деп, көндіріпті.
Сақаны шешеміз иіргенде, оңқа тұрыпты. Қуандық шешесіне: «Сен Сүйіндікке бұрылып, әдейі тұрғыздың, қайта иір!»— деп дау шығарыпты. Болмаған соң қайта иіріпті. Сақа тағы оңқа тұрыпты. Қуандық сөзге келместен кетіп қалыпты. Кәріжас осындай даумен Сүйіндіктің еншісіне тиіпті. Міне, асықтың қаржауынан келген «Қаржас» дейтін әңгіме—осы.