Кәріжастың «Қаржас» аталуы және Сүйіндікбен еншілес атануы (ІІІ нұсқа) (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Мейрамсопының бәйбішесі Ұлпая—Кіші жүз Құдыш бидің қызы. Сол Кіші жүзде Ақшаханның Бибігүл деген қызы бар екен. Қалмақтың бір мықты батыры: «Сен қызыңды маған бер, бермесең, сенің аулыңды шабамын!»—деп маза бермепті Ақшаханға.
Содан әкесі қызына жағдайды айтқан соң, қызы әкесіне:
—Мен қалмаққа бармаймын, маған пана, өзіңе қамқоршы болатын ер бар ма?—деп сұрапты.
Содан әкесі:
—Мынау Орта жүзде өзіңнің жездең Мейрамсопы деген бар. Балалары мықты, тұрақты жер, сол болмаса?!—депті.
Сонда Бибігүл:
—Қалмаққа керегі менмін ғой. Ер арасына бүліншілік болмасын. Мен сол жездемнің еліне кетейін. Мені жетті-ау деген кезде «қыз қашып кетіпті» деп қалмаққа хабарла!—депті.
Ақыры осыған келісіп, қыз Мейрам ауылына жетті-ау деген мезгілде «қыз қашып кетті» деп қалмаққа хабарлаған. Қалмақ қол жиып келіп, ауыл маңайынан із кессе, аттың кеткен ізі жатыр, ол кездегі тұлпар аттың ізі жерге білініп қалады екен. Сол ізбен қалмақ кісісінің жартысын тастап кетіп, аз адамымен қуады. Бір-екі күн жүрсе керек, қалмақтың бір ақылшысы: «Мынау қыз Орта жүз Мейрам ауылына бара жатыр. Біз осы бетімізбен барсақ, Мейрам балалары ұстап алып, бәрімізді өлтіріп тастайды, одан да осы жерден қайтып, елге барып қол жинап, толығып келейік»,—дегенді айтады. Осыған келісіп кейін қайтқан, бірақ артынан келе алмапты.
Сүйіндік жылқы ішінде жүрсе, бір салт атты кісі келе жатыр. Алдынан шығып тосса, бір бойжеткен қыз. Амандасқаннан кейін Сүйіндік жөн сұрағанда Бибігүл:
—Жездем мен апамды іздеп келем, шаруамды барған соң айтамын,—деген.
Сүйіндік Бибігүлді ертіп үйге келген соң әкесіне:
—Бүгін олжалы қайттым, әке!»—депті.
Сонда Мейрамсопы:
—Бүгінгі олжаң өзімдікі,—деген.
Бибігүл дем алып, тыныққан соң мән жайды жездесі мен апасына айтады. Сонда Мейрамсопы:
—Олай болса, мен сені өзім алам. Иншалла, төркініңе қорған да болармын,—депті. Сонда Бибігүл:
—Мен осы келгенде, ол елге қайтып барам деп келгенім жоқ. Жалғыз-ақ қояр шартым бар. Содан өтсеңіз, өзіңізге, өте алмасаңыз, бас еркімді өзіме бересіз»,—деп, келісіпті.— Шартым сол: сіз өзімнің мініп келген атыма ер тоқымсыз ырғып мінесіз, егер міне алмай қалсаңыз, менің басым бос!». Атты әкеліп тосқанда, бірінші ырғығанда мініп кетіпті. Әдет бойынша Бибігүл Мейрамсопының өзіне тиіпті.
Бибігүл анамыз аяғы ауыр болып жүргенде Мейрамсопы бабамыз қатты ауырады. Содан Ұлпая мен Бибігүлді шақырып алып, бәйбішесі Ұлпаяға:
—Мынау Бибігүлдің аяғы ауыр, мен болсам күннен күнге кемудемін. Енді саған айтарым—мен ол дүниелік болып, Бибігүл кейін босанып ұл бала тапса, мен кәрі, бұл жас еді, сол себепті «Кәріжас» қой, егер қыз болса, өздерің біл! Екінші айтарым—«Екі әйелдің баласы—екі рулы ел» деген және бұл әлі жас қой, отыра алмас. Егер ерге шығамын десе, еншісін өзің дұрыстап бер де, Кәріжасты алып қал! Қиямет күні сенің қолыңнан аламын. Ал Бибігүл, саған айтарым—сен Ұлпаяның ақылымен бол және Кәріжасты Ұлпаяға бер! Күндердің күнінде өзіңе де, Кәріжасқа да қиын болар,—деген екен.
Осыған үшеуі де уәделесіпті. Сол науқастан бабамыз жазылмай қайтыс болыпты. Шешеміздің күні жетіп босанып, ұл бала тауыпты. Әркімдер атын қоямыз дегенде, Ұлпая шешеміз: «Сіздер жолын ала беріңіздер, мұның аты кеше ғана әкесі қойып кеткен «Кәріжас» деп әйгілепті.
Келін-абысындар арасында Бибігүлді «тоқал пәлен-түген» деген әңгімелер шыға бастаған соң, Ұлпая Бибігүлді оңашаға шақырып алып:
—Мынау келіндер мен абысындардың сұрқы жаман, бір күні жын соғып абыройымыз төгілер. Мен сені төркініңе жіберемін, еншіңді дұрыстап беремін! Мынау Кәріжасты алып қалар едім, өте жас-ты. Есейген соң өзіме табыс ет, мен өлсем, ағалары бар ғой. Мынау кешегі ақсақал ұстаған сақаны, мынау торғын орамалға ораймын. Екеуіміз екі саусағымыздан қан шығарып, мынау орамалға жағамыз—екеуміздің Құдай алдындағы антымыз. Кәріжас бізді іздеп келген күні «белгіңді бер!» деп, мен немесе ағалары сұрайды. Сонда берсін!»—деп екеуі келіседі.