Ардақты ұстаз

Қазақ халқының тарихында ақылымен ел билеген жəне айбатымен жау қашырған аналар – қай кезде де қоғамның бағы мен бақыты, тірегі мен жүрегі, арманы мен жауапкершілігі бола білген. Тарихқа көз жіберсек, сонау Томиристен бастап, соғыс жылдарындағы Әлия, Мəншүк, Хиуаз апаларымыз және білім мен ғылым, медицина мен педагогика салаларында орасан зор қызмет еткен ХХ ғасырдағы жəне қазіргі кездегі ұлағатты ұстаздарымыз бар. Сондай ұстазымыздың бірегейі, Дина Исабайқызы Дулатова.

Дина Исабайқызы Дулатова — М.В.Ломоносов атындағы Мескеу Мемлекеттік университетінің тарих факультетінде 1949-1954 жылдар аралығында оқып, білім алады. Ол өткен ғасырдың ортасында, яғни соғыстан кейінгі кезең Кеңес үкіметінің кемеліне келіп, комунистік партия басшылығымен көп ұлтты КСРО-ның халықтары халық шаруашылығын қалпына келтіру мен дамыту жолындағы  жылдар еді. Университетті бітіргеннен кейін 1954-1957 жылдары еңбек жолын мектепте қарапайым тарих пәні мұғалімі болып бастады. 1958 жылы Дина Исабаевна С.М. Киров (қазіргі әл-Фараби атындағы) Қазақ Мемлекеттік университеті  тарих факультетіне  аспирантураға түсіп, ғылыми шығармашылықпен айналысты.

Белгілі тарихшы, ғалым Е. Е.Бекмахановтың ғылыми жетекшілігімен 1963 жылы Дина Исабаевна «Шоқан Уәлихановтың тарихи көзқарастары» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. 1984 жылы «Революцияға дейінгі Қазақстанның тарихнамасы (1861-1917жж)» атты  монографиясы  жарыққа шығады. Бұл монографияға  республика көлемінде ғана емес, одақ көлемінде де жоғары баға беріледі. 1986 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мескеу Мемлекеттік университетінің тарих факультеті жанындағы Ғылыми кеңесінде «ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихы Кеңестік тарихнамасында» тақырыбында тарих ғылымдарының докторы ғылыми атағын алу үшін докторлық диссертациясын табысты қорғайды. Оның ғылыми шығармашылық еңбек жолында 100-ден астам ғылыми мақалалары, оқулық, оқу-әдістемелік құралдары бар. Дина Исабаевна 1972-1977 жылдары  университеттің тарих факультетінің деканы қызметін атқарады. Факультет басшысы қызметінде ол өзін тек ғылыми шығармашылық ерекшелігімен ғана емес, жақсы ұйымдастырушы қабілетімен де көзге түседі. Ол дарынды ғалым-тарихшы ғана емес, сонымен қатар факультеттің оқу ісі және тәрбие жұмысын жолға қоя білді. 1984 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды.1988 жылы Қазақ ССР тарихы кафедрасының меңгерушісі. 1993 жылы Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Ұстаздық  ұлағатымен, туа бітті табиғат талантымен талай жасты ғылым жолына тәрбиеледі.

Шәкіртті ұстаз тәрбиелейді. Қайсы бір ұстазды алсаңызда өзінің артынан ерген  шікірттерін ғылымға, білімге баулиды, оған адамгершілік пен рухани тәрбие беріп, тікелей оның  қалыптасуына жол салады. Шәкіртіне тәрбие мен білім беруді ұштастыра білген   ұстаздық жол – қиыншылығы мен қуанышы мол мамандық атаулының ұлысы болып саналады. Дина Исабайқызының шәкірттері көп, солардың ішінде тұңғыш аспиранты, бүгінде М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Зейтұлы  Рысбеков. Т.З. Рысбеков ұстазының білімділігі, көргендігі, ерекше ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті және ешкімге берілмеген тұлғалық ерекшелігі бар екендігін және өзінің ғалым ретінде қалыптасуына бірден-бір себепкер болған Дина Исабайқызының еңбегі екендігін бүгінде мақтанышпен айтады. Меніңше  ұстаз – кірпіштің қалыбы, шәкірт-сол қалыптан шыққан кірпіш болса керек. «Қалыбына қарай кірпіші» — деген сөз осыған орай айтылғандай, сондықтан ұстаз бен шәкірт — егіз ұғым. Ұстаз талапшыл болса, шәкірт ұғымды болады. Міне сондай талап қоюы мен шәкірттеріне берген білімінің арқасында артынан көптеген шәкірттерді ерте білді. Сондай шәкірттері бүгінде ұстазының жолын қуып  республиканың көптеген жоғары оқу орындарында лауазымды қызметтер атқаруда.

Дина Исабайқызының есімі республиканың кәсіби тарихшыларының арасында, ең алдымен, Қазақстанның революцияға дейінгі тарихының тарихнамалық мұраларын жүйелеудегі көлемі мол, мазмұны өзекті ғылыми еңбегімен таңымал болды. Оның ғылыми мұрасы бүгінде Отан тарихын оқытудағы маңызы ерекше. Дарынды ғалым өмірінің соңғы айларына дейін ҚазҰУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры қызметін атқарып студенттерге дәріс жүргізді. Ұлағатты ұстаз  талапшыл қаталдығымен, мейрімді мінезімен, жан-жылуымен, бар білімін шәкірттерінің бойына сіңіре білуімен  бүгіндегі шәкірттерінің есіңде қалды.

Дина Исабайқызы Дулатованың өмірі мен қызметі бойынша университет баспасынан 2016 жылы «Өнегелі Өмір» сериясымен «Дина Исабайқызы Дулатова» кітабы жарық көрді.  Тарих факультетінде  ұлағатты ұстаз есімі берілген аудиторияда бүгінде факультет студенттеріне дәріс сабағы өтеді.

Шығыс пен Батыс дəстүрлерін бойына  қатар сіңірген  ұстазымыз Дина Исабайқызының ойы асқақ, білімі терең еді. Олай дейтін себебіміз, ол орыс тілді, жоғары білімді Мәскеуде алып, сонда басқа ұлт өкілдерімен оқып, араласса  да, қазақы  келбетін сақтап, басқа жұрттың руханиятына еліктемеді. Оның бойында ұстаздық қана емес, қазақ аналарына тән мейірім мен шуақ, адамгершілік қасиеті мол болды. Ол жұмыс бабында талапшыл, қатал көрінгенімен, отбасында қазақ аналарына  тән мейрімді және келген қонақтарды əдеппен қарсы алып, қазақ дəстүрі бойынша оларға барлық жағдайды жасайтын. Үйіне келген адамдармен өте əдепті сөйлесіп, олардың қойған сауалдарына сабырмен жауап беріп, салиқалы əңгіме-дүкен құрып, өзінің ақылдылығын әрдайым көрсете білді. Кез келген ұлт əйелінің қалыптасқан портреті болады. Мәселен, «қазақ әйелі, отбасы отанасы» деген атқа лайықты  қасиеттің бәрі Дина Исабайқызының бойынан  табыла білді. Ол əлем мəдениетін меңгерген, білікті, əлеуметтік ортаға бейімді, қоғамдық өмірде белсенді бола білді. Сондықтан бүгінгі басшылықта отырған қыз -келіншектерге үлгі боларлықтай әрі ана, әрі ұстаз бола білді. Шәкірттеріне білім мен тәрбие берген ұстаз – баға жетпес биік тұлға.  Барлық ғұмырын ғылым мен білімге арнаған  ғалым Дина Исабайқызының жүріп өткен  жолы   болашақ ұрпаққа үлгі.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан тарихы

 кафедрасының доценті, т.ғ.к., Г. Б. Қозғамбаева 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *