ҰСТАЗ — ҰЛЫ ЕСІМ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — Қазақстандағы жетекші және ірі оқу орындарының бірі. Республика көлемінде ғана емес шетелдерге танымал ғалымдардың бірегейі, бүгінгі мерейтой иесі  — тарих ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Сүлейменұлы Қаражан ағамыз. Ол 1947 жылы 27 қаңтарда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы орта мектепті бітіріп, Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеген.

Қуанышбек ағамыз  1968-1973 жылдарда  бүгінгі әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  (С.М.Киров атындағы ҚазМУ) тарих факультетінде оқыды. Студенттік шақта өзінің алғыр, ұйымдастырушылық қабілетімен факультет студенттер кәсіподағы ұйымының төрағасы, факультет Ғылыми Кеңесінің мүшесі, университет студенттер кәсіподақ ұйымының алқа мүшесі болып қоғамдық жұмыстарды белсенді араласып атқарған. «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен 1970 жылы марапатталған. Қазақстан жоғарғы және орта оқу орындары министерлігінің жолдамасымен 1973-1982 жж. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының КОКП тарихы кафедрасының әуелі оқытушысы, кейін аға оқытушысы болып жұмысын жалғастырған.

Қуанышбек ағамыз 1979 ж.«Ертіс-Қарағанды каналының құрылысын басқару жөніндегі Қазақстанның партия ұйымдарының 1959-1975 жж. қызметі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанды. Ағамыз өзінің білім алған қара шаңырағына қайтып келіп,   1982-1990 жж. тарих факультетіде еңбек жолын жалғастырды. Ғылымдағы және қоғамдық жұмыстағы жетістіктеріне байланысты  университеттің Құрмет грамотасымен 1984 жылы марапатталған. Ағамыз 1991 жылы «Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы Одақтас республикалардың ынтымақтастығы(1946-1980жж.)» деген тақырыпта докторлык диссертациясын сәтті қорғады. 1992 жылы тарих факультетінің ҚазССР тарихы кафедрасының профессоры атанды, 1991-1993 жж. тарих факультетінің деканы қызметін атқарды.

Ағамыз университеттің  Ғылыми Кеңесінің 1991-1996 жж. және 2003 — 2013 жж. мүшесі болды. Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасының 1992-1996 жж меңгерушісі. 1993-1996 жж. ҚазҰУ тарих факультеті жанындағы тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін беру жөніндегі мамандандырылған Кеңес төрағасы міндетін атқарған 1997-2002 жж. ҚазҰУ-дың жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңес мүшесі. 1997-2001 жж. ҚазҰУ тарих факультетінің жаңа заманғы Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры. Қоғамдық жұмыс пен жастарға тәрбие беруді ұштастыра білген ағамыз 2001 жылы Университеттің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ал 2001-2003 жж. тарих факультетінің деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2001 жылдан бүгінгі күнге дейін “ҚазМУ Хабаршысы. Тарих сериясы”, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының «Қоғам және дәуір» журналдарының редакциялық алқа мүшесі.

Бүгінде Қуанышбек ағамыз Қазақстан тарихы кафедрасының беделді де, құрметті профессоры. Ұстаздық  ұлағатымен, туа бітті табиғат талантымен талай жастың «ғалым» болып қалыптасуына  Қуанышбек Сүлейменұлы Қаражанның сіңірген еңбегі зор. Оның жетекшілігіммен  14 ғылым кандидаты, бірнеше ғылым докторы, 2 РһD докторы дайындалды. Ғылым мен білімді қатар алып жүрген ағамыз ғылымға көп шәкірттерін баулай білді. Бүгінгі күнде ағамыз тәрбиелеп, білімге, ғылымға баулыған  көптеген шәкірттері Сыртқы істер министрлігінде, Білім  және ғылым министрлігінде, ғылыми-зерттеу институттарында, жоғарғы оқу орындарында  қызмет етуде. Ұстазымыздың көпсалалы, түрлі бағытты қамтып жариялаған 200-ден аса ғылыми еңбектері,  2 монография және жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған 16 оқу құралдарының авторы.

Ұстаздық  ұлағатымен, туа бітті табиғат талантымен талай жастың «ғалым» болып қалыптасуына Қуанышбек ұстазымыздың сіңірген еңбегі зор. Оның жетекшілігімен бірнеше ғылым докторы,  14 ғылым кандидаты, 2 РһD докторы дайындалды. Ғылым мен білімді қатар алып жүрген ағамыз  көп шәкірттерін ғылымға  баулай білді.

Оның қайсар  мінезі,  ұқыптылығы мен қарапайымдылығы және ғылымға  деген ынтызарлығы жас мамандар үшін үлгі боларлық. Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ. Жан жылуын, бар білімін шәкіртінің бойына сіңіріп, оны ғылым жолына баулып, артынан көптеген шәкірт ерте білді. Шәкірттеріне білім мен тәрбие берген ұстаз – баға жетпес биік тұлға.  Еңбек жолында қаншама қызметтер мен қоғамдық жұмыстар атқарса да, артынан көптеген шәкірттер тәрбиелеген ағайымыз тарих ғылымында өз мектебін қалыптастыра білді.

Қуанышбек Сүлейменұлы ағамыздың еңбегі университет тарапынан жоғары бағаланып,  2022 жылдың 11 наурыз  күні  «әл — Фараби атындағы  ҚазаҰУ- ға сіңірген  ерен еңбегі үшін»  күміс медалімен марапатталды. Құрметті Ұстазымызды  марапатымен құттықтап, отбасына бақытты ғұмыр тілейміз!

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты

Қозғамбаева Г.Б.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.