Қожанасырдың ағаш кескені (ІІІ түрі)
2 мин оқу
Қожанасырдың үйіндегі отыны таусылып, әйелі Қожаны отын әкелуге жұмсапты. Қожекең есегіне мініп, балтасын беліне қыстырып, орманға отын шабуға келсе, бір биік ағаштың қураған үлкен бұтағы оның көзіне шалыныпты да, есектен түсіп, балтаны қолға алып, ағашқа тырмысып шығып, бұтаққа атқа мінген адамша отырыпты да, шаба беріпті. Қырқып жатқан ағаш соқпақ жолдың бойында болғандықтан, жолмен өтіп бара жатқан аттылы жолаушы Қожанасырдың шауып жатқан бұтағын көріп:
—Абайла, бұтақ шабылғанда жерге құлайтыныңды есіңнен шығарма,—депті де, жүріп кетіпті.
Қожанасыр жолаушының сөзіне мән бермейді де, бұтақты балтамен шаба береді. Шабылып болуға жақындаған бұтақ сынып, Қожекеңді жерге алып түседі.
Сонда Қожекең:
—Ә, ол жолаушы әулие адам екен, оның артынан қуып жетейін,—деп есегіне мінеді де, құйындатып жолаушыға жетіп, оның шылауына жабысып:
—Сіз әулие адам екенсіз, менің ағаш бұтағынан құлайтынымды білдіңіз. Енді мен қашан өлемін, соны маған айтып беріңіз,—деп жолаушыны жібермейді.
Аттылы жолаушы:
—Мен әулие емеспін, қарапайым адаммын, әулиелігім жоқ десе де, шылауына оралған Қожаны көндіре алмайды. Қожадан құтылу үшін аттылы жолаушы:
—Қожеке, астындағы есегіңнің артынан үш рет жел шыққанда, сен өлесің,—депті.
Қожекең аттылы жолаушыға алғысын айтып, жинаған отынына да қарамай үйіне кетеді. Жолда келе жатқанда есегінің артынан жел шыға бастайды. Шыққан желді Қожекең өте сақтықпен есептеп, санап келеді екен. Есек үшінші желді бір көпірден өте бергенде шығарыпты. Қожекең енді маған ажал келген екен дейді де, көпірдің бір шетіне құлап түсіп, «өлген кісі» болып жатады. Сол кезде жүк тасыған екі жолаушы көпірден өтем дегенде, арбасының тегершігі бір шұқанаққа түсіп қалады. Сынған арбаны екі жолаушы көтерген екен, күштері жетпепті.
—Әттең, енді бір кісі болса, арбаны шұқырдан алып шығар едік,—деп екеуі торығады. Ол сөзді есіткен Қожекең көпір астынан дыбыс беріп:
—Бір адам бар-ау, бар болса да жоқ-ау,—дейді.
Жолаушылар дауыс шыққан көпірдің астына қараса, бір адам жатыр.
Оған жолаушылар:
—Орныңнан тұр да, бізге көмек бер,—десе, Қожанасыр:
—Өліп жатқан кісі қалай саған көмек береді?—деп орнынан тұрмапты.
Жолаушының бірі бір ағаш алып, Қожаның құйрығына түртіп-түртіп қалғанда, жанына батқан Қожекең орнынан тұрып, жолаушыларға көмектесіпті.
Жолаушылар арбаларын түзетіп, жүріп кетеді. Қожекең аяңдап үйіне келеді. Әйелі одан кешіккенінің себебін сұрағанда, Қожа «өліп-тірілдім» деп жауап береді. Қожанасырдың әйелі таңданып тұрып қалыпты. Қожанасыр: