Астапыралла, сырықтың басына сиыр қалай шығып кетті екен (І түрі)
1 мин оқу
Бірде Қожанасырдың қолына көп ақша түседі. Қожа ақшасын қайда қоярын білмей, көп машақаттанады. Бір күні үйде адам жоқта ақшасын қора ішіне қазып көмеді. Сонсоң қақпаның алдына барып қарайды да:
«Алда-жалда мен ұры болсам, оп-оңай тауып алады екенмін»,—деп ойлап қайтадан алып, екінші жерге апарып көмеді. Тағы да былайырақ барып қараса, ақша көмген жері «мен мұндалап» ұрыны өзі шақырып тұрғандай көрінеді.
—Жоқ, болмайды,—деп тағы бір жерге апарып көмеді. Ол да көңіліне жақпайды.
Қожаның үйінің алдында бір төбешік бар болатын. Ақыры Қожа бақшадан бір ағаш кесіп алып, сырық жасайды да, басына дорба байлап, дорбаға ақшасын салып, сырықты төбешіктің үстіне апарып қадап қояды. Төбешіктен түсіп, артына қарағанда, жаны жаңа жай тапқандай болады.
—Адам құс емес қой, сырықтың басына шыға алмас. Әй, өзім де білемін-ау,—деп үйіне келеді.
Бір антұрған ұры Қожаның басқан қадамын аңдып жүрсе керек, Қожа үйіне кірген мезетте төбешікке шығып, сырықты суырып, ақшаны алады да, сонсоң сырықтың ұшына сиырдың жас тезегін жағып орнына қайтадан қадап кетеді. Арада бір-екі күн өткен соң, жұмсайтын ақша керек болып, Қожа төбешікке шықса, дорба да жоқ, ақша да жоқ, сырығының ұшы сиырдың жас тезегіне былғанып қалғанын көреді.
Сонда Қожа басын шайқап, аң-таң қалып:
—Мына сырықтың басына адам шыға алмас деп жүрсем, ой, астапыралла, сиыр қалай шығып кетті екен?—депті.