Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Зерттеу университеті
Филология факультеті
Орындаған: Қожаназар Шұғыла
Қабылдаған: Хасенов Болат
Тақырыбы: Оралхан Бөкей « Қайдасың , қасқа құлыным !»
Қарағанды, 2025
Аннотация
Бұл зерттеу жұмысында Оралхан Бөкейдің «Қайдасың , қасқа құлыным» повесінің мағынасы интерпретация әдісі арқылы жан-жақты талданып, астарлы мағынасы ашылды. Шығармада қазақ халқының тарихи тағдыры, отаршылдықтың салдары және адамның ішкі жан дүниесіндегі арпалыстар терең сипатталады.
Зерттеуде кейіпкерлер бейнесі, олардың әрекеттері мен көркемдік құралдар арқылы берілген жасырын мағыналар сөздікте берілген мағыналары бойынша ашылды. Интерпретация әдісі оқырманға шығарманы әртүрлі қырынан ұғынуға мүмкіндік беретін тәсіл ретінде қолданылды. Зерттеу жұмысы повестің жасырын идеяларын ашып, оның қазақ әдебиетіндегі ерекше орнын көрсетеді.
Кілт сөздер: қасқа құлын , отаршылдық , тарих , соғыс , Алтай , аза тұту , интерпретация , астарлы мағына.
Кіріспе
Көркем мәтін – тек тіл жүйесінің түрлі деңгейлеріндегі бірліктердің ұйымдасуы негізінде пайда болатын жай ғана күрделі тілдік бірлік емес, өнер туындысы, яғни сөз, сөйлем, күрделі синтаксистік тұтастықтың ерекше байланыстары, бір-бірін дамытуы, бір-бірімен іліктесе келуі нәтижесінде қалыптағы мағынасынан өзгеше жаңа мән, әсер тудыратын эстетикалық құрылым. [1.12б]. Сонымен қатар көркем мәтін нақты және жасырын ақпарат береді.[2.]. Осыған байланысты Гальперин мәтіндегі ақпараттың үш түрін көрсетеді: мазмұнды-фактуалды, мазмұнды-концептуалды, мазмұнды-астарлы.
Біздің ашып түсіндіретініміз – мазмұнды-астарлы ақпарат немесе подтекст. Мазмұндық-астарлы ақпарат дегеніміз – мазмұндық-деректі ақпараттан әртүрлі әдіс-тәсілдер (психологизм, интермәтінділік, ассоциация, символ, метафора және т.б.) арқылы алынатын жасырын, астарлы ақпарат [3.72б]. Астарлы мәтін кез келген көркем шығармаға тән, ол алдын ала автордың шығармашылық ойымен жоспарланады.
Ақпараттың бұл түрі табиғаты жағынан имплицитті болып келеді, яғни вербалды түрде айтылмайды. Сондықтан мәтінді оқу барысында ол бірден байқалмай қалуы да мүмкін. Сонымен қатар астарлы мәтіннің жүзеге асу жолдарының көрінісі ретінде кейіпкерлер сөздерінің арасындағы кідіріс, монологтың үзілуі, коммуниканттың тап осы кездегі жағдайға маңыздырақ болып келетін тақырыптан бейтарап тақырыпқа (немесе керісінше) кетуі, жағдаяттық қайталаулар, белгілі бір айтылымның қайта-қайта оралуы және тағы басқалары танылады.
Мәтіндегі астарлы ойдың қалыптасуына коннотаттық мағына ерекше қызмет етеді[4 .174б]. И.Р.Гальперин мазмұндық-астарлы ақпарат, подтекст терминдерін синоним ретінде қатар қолдана отырып, мынадай анықтама береді: «Мазмұндық-астарлы ақпар дегеніміз тіл бірліктерінің ассоциативті және бағалаушы мағына тудыра алу қабілетіне, сондай-ақ күрделі фразалық тұтастыққа кіретін сөйлемдердің мәнін өзгерту қабілетіне орай мазмұндық-нақты ақпардан алынатын жасырын ақпар»[1.26б].
Зерттеудің мақсаты
Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным!» повесіндегі мазмұндық-астарлы ақпаратын тауып, талдау жасау.
Әдіс және материал
Әдіс
Зерттеуде «Қайдасың, қасқа құлыным!» повесіндегі астарлы ақпарды табу үшін интерпретация әдісі таңдап алынды.
Интерпретация әдісі – мәтіннің немесе ақпараттың мәнін түсіндіру, талдау және оны әртүрлі көзқарастар тұрғысынан қарастыру тәсілі. Кез келген мәтінде немесе ақпаратта тікелей айтылмаған мағына болады. Интерпретация арқылы жасырын мағыналар ашылады.
Материал
Оралхан Бөкей «Қайдасың, қасқа құлыным!».
Нәтиже мен талқылау
Әңгіменің идеясы: қазақ халқының басынан өткізген қиындықтары мен адамдар арасындағы жауласу, соғыс және сол соғыстан зәбір көрген қазақтың ұлан-байтақ даласы баяндалады. Сонымен қатар әңгімеде ашылмаған шындықтар бар. Оның бірі – Таңатар өлімі, енді бірі – Сарқынды шалдың құпиясы. Автор екі құпияны да жабулы күйінде қалдырады. Себебі автор әңгімені оқып отырған оқырманның түрліше интерпретация жасауына мүмкіндік беріп тұр.
Әңгімеде әке мен бала арасындағы жылылық, махаббат сезімдері ерекше көрінеді. Басты кейіпкер әкесінің шындығын білсе де, әкесіне қарсы ешбір сөз айта алмауы әке мен бала арасындағы ерекше сыйластықты көрсетеді. Әңгімеде біраз астарлы ақпарат кездеседі. Сол астарлы ақпаратты талдау арқылы түсіндірейік.
1. Ең бірінші талдауды әңгіменің тақырыбынан бастасақ. Әңгіме «Қайдасың, қасқа құлыным !» деп аталады. Тақырыптың өзі бізге астарлы дүниені меңзеп тұр. Шығармадағы «қасқа құлын» тіркесі тек қана төл атауы ғана емес, сонымен қатар адам тағдырымен байланысты. Бұл сөзді ашу үшін лексикалық тұрғыда талдап көрейік.
«Қасқа» сөзін « Қазақ әдеби тілінің сөздігінен » қарасақ:
Қасқа – сын.1. Малдың негізгі түсінен басқа маңдайында болатын дақ, жолақ [5.744б].
Қасқа – сын. Бейбақ, байғұс, бейшара.
«Құлыным» сөзі сөздікте:
Құлын – жылқының алты айға дейінгі төлі [6.368б].
Құлыным – еркелету, мейірімділік, сағыныш.
Бұл жерде қасқа құлын тура мағынасында көрсетіліп тұрған болса, әңгімедегі мағынасы мүлде басқа. Астарлы мағынасында «қайдасың , қасқа құлыным!» – біріншіден, басты кейіпкердің кішкентай кезінде өлтірілген құлыны болса, екіншіден, кейіпкердің балалық шағына деген сағынышы, іштей аңсауы (мүмкін, әңгіменің соңында табысқан бауыры Қаршыға), үшіншіден, автордың қазақ халқының басынан өткен тарихқа толы қиыншылықты естіп өсетін, түсінетін және ұмытпайтын, елі мен тіліне адал ұрпақты армандауы.
2. Әңгімеде жаман ырым деп көрсетілетін боз биенің бір құлынының өлтіріліп, енді бірінің өзі өліп қалып, боз биенің бедеу қалғандығында да астарлы дүние жатыр:
« Ана бір жылы , біздің бие егіз қара қасқа құлынын туғанда қызғаныштан шыдай алмай, әлі шаранасы кеппеген жас құлынның біреуін : “Мынау менің бабамның жылқысынан қалған тұяқ, сондықтан менің де малым. Бие егіз құлындаса , жақсы ырым емес, аяқтанбай тұрғанда , бірін өлтіру керек деп ’’, - деп, сары мойын кездігімен қара қасқа құлынның бірін алқымынан орып жіберіп еді. Бірақ келесі күні сол мезгілде екіншісі өлді, жарықтық, содан кейін боз бие қайтып құлындамай , бедеу қалды-ау. Е, сол құлындарды сен де көргенсің , сен онда бес жаста едің , мүмкін сондықтан да көксей берермісің , сол қара қасқа құлынды...»[7.11б].
Бұл мәтінде «құлынның өлімі» қызғаныш пен қателіктің нәтижесі ретінде көрсетіледі. Сонымен қатар Сарқынды шалдың құлынды өлтіруі мен боз биенің бедеу қалу көріністері отаршылдықтың қатал саясатын меңзеп тұрғандай. Неге екенін түсіндіру үшін бірнеше сөздің мағынасын ашайық.
Сарқынды шалдың құлынның алқымынан орып жіберген сары кездігі және бедеу боз бие.
Сөздіктегі мағыналары:
Кездік – мүйізбен сапталған, қынға салып алып жүретін кішкентай пышақ. [5.752б].
Боз бие – ақшыл қылаң түсті бие.[5.744 б].
Бедеу – құлындамайтын бие , бала таппаған әйел.
Неге автор дәл сары кездік эпитетін қолданып отыр? Себебі сары түс қазақ ұғымында көбінесе орыс халқын меңзеп тұрады (сары орыс деген секілді). Мәтіннің негізгі астарлы ойы – шалдың құлынды өлтірген сары кездігі: отаршылдық саясатынан қазақ халқының көрген қиыншылықтары, олардың қазақтың жерлерін, малдарын тартып алуы нәтижесінде өз жерінде өздерінің ұлттық құндылықтарын аңсап, еркіндігінен айырылуы.
Биенің бедеу қалуы — сол кездегі қазақтың еркіндігінен, бақытынан айырылуы.
3. Әңгімеде ерекше көрініс табатын кейіпкердің бірі — Қаршыға. Шындықты білсе де, кішкентай кезінен қиындық көріп өссе де, ешкімді кінәламай, соңында әкесі мен бауырымен қауышқан кейіпкер.
“Қаршыға менен де қайратты , әттең сол күшті жоқтан өзгеге қор етіп жүр. Қаршығаны емес , қарғаны қызықтап кетті ғой бұл жұрт’’[7.24б].
Автордың кейіпкердің есімін таңдауында да астарлы мағына бар секілді. Себебі қаршыға құсы — жыртқыш құс, аяғы шомбал, тұмсығы имек, алғыр, мықты құс. Яғни автор қаршыға құстың қасиеттері үшін кейіпкердің есімін Қаршыға деп таңдаған секілді. Қаршыға мен қарғаны қарама-қарсы қою, яғни антитеза арқылы қаршығаның басқа құстардан ерекшелігін астарлап тұр. Ал қарға — қаршыға секілді алғыр, жыртқыш құс емес.
4. Әңгімеде Алтай өңірінің табиғаты және сан ғасырлық тарихы ерекше сипатталады. Сарқынды шалдың қуыс қурайын, яғни сыбызғысын алып тартқан кезде шыққан әуен осы Алтай жерінің бала кезінен бастап қартайғанына дейінгі уақытты сипаттап тұрғандай. Себебі:
“ Сыбызғыдан ең әуелі қоңыр үн шығып , талайға дейін майда , алаңсыз , мамыра халден хабар беріп , өңештен болар – болмас гүжілдеп тұратын жуан үн сыбызғының өзінен шығатын әдемі әуенге қосылып , бейбіт те жомарт өмірдің жайсаң бейнесін алдымызға жайып салды ”[7.40б],- дейді.
Сыбызғы аспабы — дәстүрлі қазақ қоғамының бірден-бір сүйікті саналатын үрмелі халықтық музыкалық аспабы [8.177б]. Сыбызғыдан шыққан бұл алғашқы әуен сонау ерте, еш алаңсыз жүрген, қазақтың ұлттық құндылықтарын, малы мен жерін ешкімнің тартып алмаған, уайым-қайғысыз жүрген уақытын, яғни Қазақ хандығының құрылған кезін меңзеп тұрғандай. Ал қоңыр үн — қазақтың қарапайым тұрмыс-тіршілігінің басталуын суреттеп тұрғандай. «Қоңыр үн – әлемнің пайда болуына себеп болған»,- дейді Мұхтар Әуезов.
Ал Алтай өңірі — қазақ халқының тарихи мекендерінің бірі, ежелден көшпелі тайпалардың қонысы болған. Сақ, ғұн сияқты тайпалар өмір сүрген мекен.
5. « Шал тартып отырған сыбызғы шаттықпен шалқымалап барып , еңсені езер ауыр азаға ұласты»[7.41б].
Бұл жердегі астарлы сөз — «аза». Аза дегеніміз — қайғы-қасірет, мұң-шер [6.480б]. Яғни әңгімедегі аза — халықтың қиналысынан туған қайғысы.
« ... бір үйдің бір азаматы жау қолынан қаза тауып – оң жаққа сұлатып сап , жан жарының екі мықынын таянып алып , азалағаны сықылды екен; өз ұлынан өзі түңілген ардақ ананың емшек сүтін көкке сауып, қара жамылып қарғанғаны секілді екен» [7.41б].
Автор бұл жерде бейбіт басталған қазақ өмірінің соғысқа айналғанын айтқысы келіп тұр. Яғни азалау — мұңды, шерлі болып күйзелу. Ал қара жамылу — ері, жанашыры өлген әйелдің басына, үстіне қара түсті киім киіп, аза тұтуы [6.368б]. Бұл мәтінде сол қазақ халқының тарихында орын алған қаншама қантөгістер мен соғыстар, яғни Ресейдің отаршылдығы, Ұлы Отан соғысы сияқты ауыр кезеңдерде қаншама ер азаматтың құрбан болғаны баяндалады. Ал «емшек сүтін көкке сауып» метафорасы арқылы сол соғыстан қаза тапқан перзенті мен ерін жоқтаған ананың қайғыдан көкке қарғыс айтуы көрсетіледі.
6. Әңгімеде адамдардан жырақта өмір сүретін, совет өкіметінен теперіш көрген, қасқа құлынды қызғанышпен өлтірген, сыбызғыдан азалы күй шығарған, байлықтың үстінде көмілген кейіпкер — Сарқынды шал.
«Кәрі жүрек шерге толып , өмірден ешбір рахат көрмей, рахаттанып бір серги алмай , өз-өзінен тұншығып , өлі мен тірінің ешқайсысына пайдасы тимей, дүбәра баз кешкені енді ғана мәңгі оралмас қаралы сапарға аттанар алдында есіне түсіп , үміт күткен алласынан қайыр көрмей , мың мәртебе лағынаттаған шалдың сызылып , сыңсып өтіп-ақ кеткен артқы өміріне өкінбей, қара жер қойнына кірер шақтағы қояншық күлкіге дес бергені болар» [7.64б].
Бұл мәтінде автор Сарқынды шалдың өміріндегі қайғы-мұңды «кәрі жүрек шерге толып» метафорасы арқылы көрсетіп тұр. Кәрі – жасы жеткен, қартайған адам[6.368б]. Жүрек – адам мен жануарлардың қан айналым жүйесінің негізгі органы.
Шер – «ашу, кек, ыза», «жауыздық қастық». Қазақ тілінде «уайым , қасірет» деген ауыспалы мағынада қолданылады. [9.596б]. Контексте бұл сөздер толықтай ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Яғни шалдың өмірден қиыншылық көп көрген, ауыртпалықтан шаршаған жан екендігін айтып тұр.
Өмірінде ешкімге пайдасы тимей, қандай өмір сүргендігін түсінбей өткендігін «дүбәра баз кешу» тіркесі арқылы сипаттайды.
Дүбәра сөзі сөздікте — екі түрлі тұқымның будандасуынан туған төлді айтады [6.368б]. Ал контекстегі мағынасы — шалдың екіұдай күй кешіп, қандай өмір сүргендігін білмей тұрғандығы.
Баз кешу фразеологизмі — тәрік ету; күдер үзу [10.480б]. Яғни шал таудың қуысында, адамдардан оқшауланып, жұмбақ өмір сүреді.
Расымен де, Сарқынды шалдың көрген қиыншылығы өте көп: совет өкіметінің малын тартып алуы, кержақтармен соғысуы, ата-бабасының жерінен қуылуы, қайғы жұтып қартаюы — барлығы да Сарқынды шалдың көрген қиындығы. Мұндай қиыншылықтар оған қатты әсер етіп, адамдардан алыстатып, жалғыздыққа ұрындырады.
Қорытынды
Қорытындылайтын болсам, Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным!» повесін жан-жақты талдап, әрбір сөзінен астарлы ақпаратты табуға тырыстым. Расымен де, бұл повесть адамдардың басынан өткен тағдырлары арқылы қазақ халқының қиын шақтарын да баяндайды. Зерттеуде әрбір сөздің астарлы мағынасын ашу үшін сөздіктерді пайдаланып, тура және ауыспалы мағынасын көрсеттім.
а) «Қайдасың, қасқа құлыным !» сөзінің мағынасы бірнеше тұрғыда ашылды.
ә) Боз биенің бедеу қалуының отаршылдықпен қандай байланысы бар екендігі көрсетілді.
б) Қаршыға образы ашылды.
в) Алтайдың басынан өткен тарихы.
г) Сарқынды шалдың басынан өткен қиыншылығы көрсетілді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Адилова А.С. Қабылдау стилистикасы. – Алматы: Эверо, 2016.
2. Николина Л. – 2007. – 152 б.
3. Құралқанова Б.Ш., Мажинова Э.Ж. Көркем мәтіннің теориялық ерекшеліктері. – 2023.
4. Абикенова Г.Т., Кабышева Р.Б. Мәтінді зерттеудің коммуникативтік және прагматикалық аспектілері. – 2018.
5. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. – Алматы, 2011.
6. Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. – Алматы: Сөздік-Словарь, 1997.
7. Бөкей О. Қайдасың, қасқа құлыным! – Астана: Елорда, 1999.
8. Кокымбаева Б.Ж., Личман Е.Ю., Итемгенова Б.У. Музыка мәдениеті мен өнер терминдерінің сөздігі. – Павлодар: ПМПИ, 2013.
9. Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі / Құраст.: Құрманбайұлы Ш., Исакова С., Мизамхан Б. және т.б. – Алматы: Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры, 2019.
10. Қайыржан, К. Сөз-сандық: Қазақтың көне сөздері / К. Қайыржан. – Алматы: Өнер, 2013.
Ұқсас материалдар
Мақала құжаттары
Мақала жарияланған журнал шығарылымы және жарияланғаны туралы анықтама (PDF)
Мақаланы телефонда ашыңыз
Телефон камерасын QR-кодқа бағыттаңыз — мақала бірден ашылады
bilimger.kz/oralkhan-bokei-qaidasyng-qasqa-qulynym
Осы материал бойынша
AI Көмекші 30 секундта дайындайды — жауап кілті мен PDF бірге.
Сіз де өз мақалаңызбен бөлісіңіз
Мақалаңызды жариялап, сертификат пен журналды бірден алыңыз. Жарияланым Google мен Yandex-те табылады.
- Сертификат (QR-коды бар)
- Google, Yandex жүйелерінде шығады
- Журналға шығады (онлайн)
- Анықтама, журнал
- Жеке кабинетте құжаттар сақталады
- Мақалаға тұрақты сілтеме
2015 жылдан бері · ресми тіркелген журнал
Мақала жариялау
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін аккаунтқа кіріңіз
Әзірге пікір жоқ — алғашқы болыңыз.