Мазмұнға өту
Мақала жариялау
Bilimger Journal №6 / 2026 шығарылымына мақала қабылдануда·QR-кодты сертификат Журнал №6 мақала қабылдануда·4 орын қалды 4 орын қалды Жариялау

: «» · ₸

Қожаназар Шұғыла Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау мамандығының 4-курс студенті
8 мин оқу 2 оқылым

Қазақстан республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Зерттеу университеті Филология факультеті

Орындаған: Қожаназар Шұғыла

Қабылдаған: Хасенов Болат

Тақырыбы: Күрең сөзінің вербалдануы

Қарағанды, 2025

Күрең сөзінің вербалдануы

Аннотация

Мақалада «күрең» концептісінің көркем поэзия мен прозадағы көрінісі талданады. Зерттеу материалдары ретінде Жұмекен Нәжімеденовтің «Күрең қыз», Мұқағали Мақатаевтың «Күрең күз», Фариза Оңғарсынованың «Қасірет пен ерлік жыры» және Сырбай Мәуленовтің «Қаздар» өлеңі таңдап алынды. Зерттеу барысында «күрең» түсінің тек түс символы ретінде ғана емес, адам мінезінің, тағдырдың, соғыстың және өлімнің символы ретінде де көрініс табатыны анықталды. Зерттеу «күрең» концептісінің көркем әдебиеттегі ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Кілт сөздер: мезгіл, тағдыр, соғыс, мінез, қайғы, мұң, көңіл-күй, күрең күз, күрең көктем.

Кіріспе

Концепт ұғымы бойынша ғылыми әдебиеттер

Концепт ұғымын толықтай ашып көрсету үшін түрлі ғалымдардың ой-пікірлерін қарастырайық. Ғалымдар А.Вежбицкая мен Ю.Н.Михайлова концепт ұғымын лингвистикада «адамның әлем туралы жинақталған мәдени түсініктері» деп көрсетеді. Ал Н.Д.Арутюнова, Т.В.Булыгина, А.Г.Шмелев, Д.С.Лихачев, Е.С.Кубряковалар концепт сөз мағынасынан туындамайды, ол адамның жеке және халықтық тәжірбиесінің сөз мағынасымен «қақтығысуының» нәтижесі болып табылады дейді[Жилкубаева А.Ш.221].

Ресейлік лингвомәдениеттанушы ғалым В.Маслова тілдік таңбаның семантикасы концепт мазмұнының қалыптасуының бірден-бір құралы болып табылады деп көрсетеді.[1.42]. Ал енді қазақ ғалымдарының пікірлерін қарастырсақ, зерттеуші С.Жапақов: «концепт дегеніміз индивидтің, тілдік ұжымның лингвистикалық қоғамдастықтың ақиқат туралы білім жүйесі болып табылады.»[Жапақов,2003,б.47-48] десе, Ш.Елемесова: «Концепт базалық когнитивтік маңыздылық ретінде мәнді пайдаланатын сөздермен байланыстырушы концептуализация процесінің мазмұнды бірлігі ретінде шындықтың адам миына бейнеленуі»[Елемесова,2003,б.85] дейді.

Ал, С.Жиренов: «Концепт-ойлау мен таным және мәдени процестердің жиынтығы бола келіп,адам ойындағы ғалам бейнесінің өзіндік белгілерінің ассоциациялануының нәтижесі.[Жиренов,2007,б.8] деп түсіндіреді. Тілдегі концептіні М.А.Күштаева: «концептіні адам дүние танымындағы әлем туралы ақиқат болмысты бейнелейтін когнитивті бірлік ретінде қарастыра келе,адамның әлем туралы жинақталған мәдени түсініктері бейнелеген жеке атаулары бар ғаламның тілдік бейнесі, концепт терминіне «рухани мәдениеттің тірек сөздер»мағынасында түсінбейміз, себебі тірек сөз концепт сөзіне емес «мәдени концепт» тіркесіне балама ретінде қолданылады» [Күштаева,2002,б.30-31], деп түсіндіреді.

Ғалым Н.Уәли: «Концепт индивид санасында сәулеленген сезімдік заттық образдың (перцетивті модус) негізінде пайда болады. Концепт негізінде сезімдік тәжірбие жатады. Концептінің жасалуына ұғым емес, заттық образдар (бейнесі) негіз болады» [Уәли,2004,б.12] дейді.

Зерттеудің мақсаты

Бұл зерттеу жұмысында «күрең» сөзінің бірнеше мағынасы ашылып көрсетіледі. Және қазақ поэзиясы мен прозасында қандай мағыналарда көрініс табатындығы зерттеледі.

Әдіс және материал

2.1 Әдіс

Зерттеуде «күрең» концептісінің көркем мәтіндегі көрінісін жан-жақты талдау мақсатында концептуалды анализ әдісі таңдап алынды. Концептуалды анализ әдісі әдеби шығармалардағы ұғымның көпқырлы құрылымын, оның символдық, лексикалық, метафоралық жағын зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл әдіс арқылы «күрең» сөзінің ауыспалы және тура мағыналары, сондай-ақ оның тілдік құралдар арқылы қалай бейнеленетіні анықталады.

2.2 Материал

Зерттеу материалы ретінде «күрең» концептісін анық бейнелейтін қазақ әдебиетінің өлеңдері таңдап алынды:

1. Жұмекен Нәжімеденов “Күрең қыз”

2. Мұқағали Мақатаев “Күрең күз”

3. Фариза Оңғарсынова “Қасірет пен ерлік жыры”

4. Сырбай Мәуленов “Қаздар”

«Күрең» сөзі әр ақынның өлеңінде әртүрлі көрініс табады. Бірі күреңді «қызға» теңесе, бірі «мезгілге», бірі «өлімге» енді бірі «соғысқа» теңеп көрсетеді.

Нәтиже мен талқылау

«Күрең» деген сөзді естіген кезде ойымызға бірден белгілі бір заттың түсі келуі мүмкін. Кейде бұл сөзді ауызекі сөзімізде үнемі қолданыс табатын және қазақ ақын-жазушыларының еңбектерінде кездесетін «күрең қасқа» тіркесі арқылы тануымыз мүмкін. Бірақ бұл зерттеуде «күрең» сөзінің мағынасын тура және ауыспалы мағынада ашып көрсетуге тырысамын. Ең алдымен, бұл сөздің «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігінде» қалай беріліп тұрғанына келсек:

Күрең 1. Қызыл қоңыр, қышқылтым түс. 2. Күрең түсті жылқы. Ал күрең. Ашық түсті күрең. [Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі.-Алматы: “Сөздік-Словарь”.1997.-368 б.]

Сонымен қатар күрең түс бірнеше тұрақты тіркестерде кездеседі:

Күрең күз - Жабығыңқы, қуаң, тұнжыр күзгі уақыт, мезгіл. [Алматы,2011.-744б.]

Күрең қасқа — жылқының маңдайындағы ақ таңбасы бар қызыл қоңыр түсі.

Өңкей күрең қасқа жылқысы бар. Игілік ақтықаралы, күрең қасқалы, жиренді етіп, мың-мыңнан сұрыптап тастаған жылқысын қия алмады. (Ғ.Мүсірепов,Оянған өлке,1,49)

Және «күрең» түсі адамның көңіл-күйіне де қатысты қолданылады:

Күрең қабақ - көңілсіз, ренішті, тұнжыр, түнерген. Ойын да, күлкі де бір жаққа жолаушы кеткендей, жұрт күрең қабақ, тек ауыр-ауыр күрсіну. (І.Жансүгіров,Шығ.).

«Күрең» түс қайғы-мұңның да символы ретінде кездеседі:

Себебі қазақ арасында “Қыздың қабағында құт бар. Қыз қабағы-күрең тартса-ел жұтқа шалдығады”, -деген ұғым бар. Бұл жердегі күрең сөзі тура мағынасында емес ауыспалы мағынасында жаман әрі жағымсыз жәйттің белгісі ретінде сипатталып тұр.

Қорыта келсек, «күрең» түс салқындық пен мұңның символы деп айта аламыз.

Және «күрең»түсінің мағынасы толық ашылуы үшін қазақ поэзиясында қалай көрініс тапқанына тоқталсақ.

Қазақ ақындарының ішінде «күрең» түсін тілге тиек етіп, өз өлеңдеріне қосқан ақындар біршама. Бірақ олардың көбі бұл түсті күзге немесе жылқының түсіне байланысты қолданған, ал Жұмекен Нәжімеденов “Күрең қыз” өлеңінде күрең түсін қыз тағдырымен байланыстырады:

Ауыл барған сапарда сұрастырғам:

Алып қашты бір жынды деп естідім.

Күрең көйлек-күрең жан екенсің ғой,

Өтті маған күрең түс бекер сіңбей.

Әлдекімді күреңіте,күле күтіп,

Қай жерде отыр екенсің күреңітіп?! (Ж. Нәжімеденов «Күрең қыз»)

Бұл өлең жолдарында «күрең» түсінің символикасы арқылы қыздың мінезін және тағдырын бейнелеп тұр. Ақын «күрең жан» эпитеті арқылы қыздың мінезін және тағдырының, алып қашқаннан кейін ауыр болғандығын сол нәрсеге қыздың мойынсұнғандығын айтқысы келіп тұр. «Күрең» түстің «қоңыр» түспен байланысы бар. Ал «қоңыр» түс қазақ ұғымында момындықтың белгісі ретінде көрінеді. Ақын өлеңде «күрең жан» деп қыздың мінезінің момын екендігін тағдырына қарсы шықпай мойынсұнғандығын астарлап тұр. Сонымен қатар «күрең» түсі қайғы- мұңның символы. Осыған байланысты өлең соңында берілген «күреңітіп» сөзін талдайық.

«Күреңітіп» сөзі:

Негізгі түбірі: күрең — сын есім, түстің атауы.

Күрең сын есіміне «-іт» жұрнағы жалғану арқылы «күреңіт» туынды етістігі жасалған. «Күреңіт» туынды етістігіне «-іп» көсемше жұрнағы жалғану арқылы «күреңітіп» күрделі етістігі жасалып тұр.

Ал ақын өлеңінде «күреңітіп» сөзі қыздың өңінің солғын тартқандығын, жүзіне қайғы-мұң ұялағандығын көрсетеді. Бұл сөз арқылы ақын қыздың түр-әлпетін ғана емес, оның ішкі жан дүниесіндегі мұңды астарлап тұр. Өлеңде күрең түс қыздың мінезі және тағдырымен байланыстырылады.

М. Мақатаевтың «Күрең күз» өлеңінде «күрең» түс адамның ішкі мұңының символы ретінде көрінеді:

...Қош енді, қош бол,күрең күз

Күрең мұң саған жібердім.

Күлермін деп ем түнердің.

Білермін қалай, білермін. (М. Мақатаев «Күрең күз»)

Бұл жолдардағы «күрең күз» және «күрең мұң» тіркестері ерекше мағынаға ие. Себебі ақын күз мезгілін жай ғана табиғат құбылысы ретінде емес, өзінің ішкі мұңымен, сезімімен байланыстырып тұр.

Күз мезгілі — айналадағы жасыл ағаш жапырақтарының күрең түске ауысып, қурап жататын мезгілі.

Ақын сол күзбен бірге өз жан дүниесінің түңіреніп жатқанын «күрең мұң» метафорасы арқылы, яғни мұңды түспен байланыстырып, бейнелі сипат беру арқылы көрсетіп тұр. Ал «Күлермін деп ем, түнердің» деген антитеза арқылы ақын күз мезгілінен әлдебір жақсылықты, жылулықты күткендігін, бірақ оның мұңды әрі салқын кейіпте келгенін айтқысы келіп тұр.

Ж. Нәжімеденов пен М. Мақатаев өлеңдерінде «күрең» түс қайғы-мұңның, адамның мінезінің немесе табиғат құбылысының символы ретінде көрініс тапса, Ф. Оңғарсынова мен С. Мәуленов өлеңдерінде «соғыстың», «өлімнің» символы ретінде көрінеді.

Фариза Оңғарсыновның «Қасірет пен ерлік жыры» өлеңінде:

...Концлагерь.

Қан түсті күрең есік.

Жақындасаң ажалдың лебі есіп...

Әлі сөніп бітпеген үміт мұнда

Қасіретпен, азаппен жүр егесіп. (Ф. Оңғарсынова «Қасірет пен ерлік жыры»)

Бұл жолдардағы «қан түсті күрең есік» сөзі ерекше символикалық мәнге ие.

«Қан түсті» тіркесі қызыл түсті білдіреді. Ол өлеңде қорлық пен өлімнің, азаптың символы ретінде көрінеді және тұтқындардың төгілген қанын бейнелейді.

Ал «күрең есік» сөзі күрең түсінің символы ретінде көрінетін мұң мен зарды тұспалдап тұр.

«Есік» сөзі мұнда белгілі бір шекара ретінде көрінеді. Яғни тұтқындар ол жерден шыға алмайды, ал шығуға тырысып, есікке жақындағанның өзінде, есіктің қанға боялатындығын, яғни соңы өліммен бітетіндігін астарлы түрде жеткізіп тұр.

Бұл өлеңдегі «күрең» түс қанның, өлімнің символы ретінде көрінеді.

Сырбай Мәуленовтің «Қаздар» өлеңінде «күрең» түс «соғыстың» символы ретінде көрінеді.

Бұрылтпай оңға, солға да,

Үйіріп жолды оқ демі,

От болып қонды орманға

Соғыстың күрең көктемі. (С. Мәуленов «Қаздар»)

Көп ақындардың өлеңінде «күрең» түсін күз мезгілі мен тіркестіріп алса,бұл өлеңде қайғы-мұңның символы ретінде көрінетін «күрең» түсін, жайдарлы әрі жылы «көктем» мезгілі мен тіркестіру оқырманның назарын бірден аударады.

Көктем мезгілі- жалпы жылылық пен жаңарудың символы. Бірақ сол көктемге, қайғы-мұңның символы «күрең» түсін тіркестіруі соғыстың көктемде келгенін және соғыстың әсерінен табиғаттың, адамның қайғылы және қасіретті мұңын бейнелейді.

«Соғыс» пен «көктем» контрасты:

Көктем — өмір мен табиғаттың жаңаруы.

Ал соғыс көктемі — жою мен өлімге толы күрең реңкті мезгіл.

Контексте «күрең» түсі арқылы соғыстың ауыртпалығын, адамдардың қасіретін көрсеткен. «Күрең көктем» тіркесі соғыстың кесірінен табиғаттың қасіретті, мұңды кейіпке түскенін білдіретін символдық концепт.

Қорытынды

Зерттеу нәтижесінде қазақ прозасы мен поэзиясындағы «күрең» концептісінің бірнеше мағынасы бар екендігі және ерекше көркемдік тәсілдер арқылы бейнеленетіні анықталды.

  1. «Күрең» концептісі тек түстің символын ғана көрсетпейді сонымен қатар ол адамның мінезінің немесе тағдырының және өлімнің символы ретінде көрінеді.

  2. Зерттеудің нәтижесінде «күрең» концептісінің қазақ қоғамында бірнеше мағынасы бар екендігі анықталды. Олар:

  • Күрең — ең алдымен түстің символы.

  • Күрең қазақ халқы арасында көбінесе жылқы атауларына немесе түстеріне байланысты айтылады.

  • Күрең адамның мінезіне немесе көңіл күйіне байланысты қолданылады. Мысалы, «күрең қабақ» тіркесі.

  1. Сонымен қатар «күрең» түсін қазақ ақындары «қанмен», «соғыспен» тіркестіре қолданғандықтан оның мағынасы ауыспалы мағынада ашылып,қарастырылды.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Маслова, В. А. Когнитивная лингвистика. — Минск: ТетраСистемс, 2004.

2. Аскольдов,С.А.Концепт и слово. Русская речь.-Вып.II.-Ленинград,1928.-С.33.

3. Садықова, Р. К. Концепт және оның зерттелуі. — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ф.ғ.к.

4. Нәжімеденов Ж. Күрең қыз [Электрондық ресурс] // Жұмекен Нәжімеденовтің ресми сайты. — Қол жеткізу режимі: https://zhumeken.kz/olender/585.html.

5. Оңғарсынова Ф. Қасірет пен ерлік жыры [Электрондық ресурс] // Bilim-all.kz. — Қол жеткізу режимі: https://bilim-all.kz/olen/6137-Qasiret-pen-erlik-zhyry.

6. Мақатаев М. Күрең күз [Электрондық ресурс] // Bilim-all.kz. — Қол жеткізу режимі: https://bilim-all.kz/olen/4521-Kuren-kuz.

Ұқсас материалдар

Авторы
Қожаназар Шұғыла

Материал пайдалы болды ма? Бөлісіңіз

WhatsApp Telegram

Мақала құжаттары

Мақала жарияланған журнал шығарылымы және жарияланғаны туралы анықтама (PDF)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін аккаунтқа кіріңіз

Әзірге пікір жоқ — алғашқы болыңыз.

Авторларға

Сіз де өз мақалаңызбен бөлісіңіз

Мақалаңызды жариялап, сертификат пен журналды бірден алыңыз. Жарияланым Google мен Yandex-те табылады.

  • Сертификат (QR-коды бар)
  • Google, Yandex жүйелерінде шығады
  • Журналға шығады (онлайн)
  • Анықтама, журнал
  • Жеке кабинетте құжаттар сақталады
  • Мақалаға тұрақты сілтеме

2015 жылдан бері · ресми тіркелген журнал

Мақала жариялау

Автордың басқа материалдары

Қазақ әдебиеті

Оралхан Бөкей. «Қайдасың, қасқа құлыным!»

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Зерттеу университеті Филология факультеті Орындаған: Қожаназар Шұғыла Қабылдаған: Хасенов Болат Тақырыбы: Оралхан Бөкей « Қайдасың , қасқа құлыным !» Қарағанды, 2025 Аннотация Бұл…

Қожаназар Шұғыла 10 мин

Осы тақырыптағы материалдар

Жалпы рубрика

1 қазан – Қарттар күніне арналған «Қарттарым – асыл қазынам» тәрбие сағаты

1 қазан – Қарттар күні: «Қарттарым – асыл қазынам» тәрбие сағаты Қарттар күні тәрбие сағаты оқушыларды үлкенді сыйлауға, ата-әжеге қамқор болуға және ұрпақтар сабақтастығын қадірлеуге баулиды. Төмендегі «Қарттарым – асыл…

Bilimger Media 7 мин 69 оқылым
Жалпы рубрика

Ұстаздарға құттықтау сөздер: әдемі тілектер мен жылы лебіздер

Ұстаздарға құттықтау сөздер Ұстаздарға құттықтау сөздер іздегенде, жүрекжарды әрі нақты лебіз таңдаған жөн. Ұстаз – білім беріп қана қоймай, шәкіртінің болашағына бағыт көрсететін ардақты жан. Мұғалімнің білімі, ақылы…

Bilimger Media 6 мин 327 оқылым
Жалпы рубрика

Мұғалімге тілек

Құрметті ұстаз! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық және еңбегіңізге толағай табыс тілейміз. Шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегіңіз әрдайым жоғары бағаланып, оқушыларыңыздың жетістігі сізге қуаныш…

Bilimger Media 2 мин 218 оқылым