Рүстем төреге айтқаны (3-бөлім)
Жанақ Қамбартегі · 180 жол
Ханымсыз айтшы, тақсыр, не сəнің бар?
Сол секілді сəнім жоқ, онсыз менің,
Əркімнің өзіне сай тұғыры бар, –
дегенде, ханымы əйеліне түгел асылдан киім беріпті. «Енді
сұрайтының бар ма?» – дегенде, айтқаны:
Қасымдағы жолдасым – қара шалым,
Қара шалдың қылығы маған мəлім.
Ол ілігін артады, тақсыр, маған,
Мен өлеңмен əркімнен алсам алым.
Қара шалда жоқ еді жал менен қоң,
Деп қуанып отыр ғой сапарым оң.
– Олжа сал, – деп қыңқылдап мазаны алар,
А, тақсыр, сіздің үйден шыққаннан соң.
Қыңқылдаса кетпей ме мұнан маза,
Жолдастығын сөйлесе, түбін қаза.
Бұған қиып беретін түк бермедің,
Бергеніңнің бəрі асыл, бəрі таза.
Жанақ бере білмеді, ала білді,
Құдай «ал» деп берген соң шебер тілді.
Сонда-дағы түскем жоқ ел алдына,
Əркімнен-ақ бұл Жанақ үзіп-жұлды.
Жақсы десін, мейлі жаман десін,
Жанақты бұл үш жүздің ұлы білді.
Хан-қара мен сыйлады би-төресі,
Болмаса сыйлар ма еді, сөзім бұлды.
Қара шалым, жан едің тілің тəйтік,
Ол да олжа, аман барсақ үйге қайтып.
Енді менен дəметпе, қара шалым,
Арызыңды жеткіздім төреге айтып.
Азға – ырза, көпке – қанағат деп,
Енді бекер не керек сөзді ұзатып.
«Енді не сұрайсың?» – дегенде, айтқаны:
Жанақ та ұялмастан сұрай берді,
Алу үшін əр сөзді құрай берді.
Белге кісе, басыма тымақ беріп,
Үстіне ішік, астына бір ат берді.
Он жыл айтып біреуін алмайтынын,
Үйіп-төгіп барлығын бір-ақ берді.
Ала берді ұялмай, бере берді,
Бере берсе, кім берді, төре берді.
Алған сайын ашылып араным да,
Үсті-үстіне өлең де өре берді.
Қолға түспес асылды берді қиып,
Астымды қабаттады, үстімді үйіп.
Алғанымды жүрермін қайта құсып,
Төренің қытығына алсам тиіп.
Бір ұрты май болғанда, бір ұрты қан,
Екі мінез адам ғой түсі суық.
Ықыласыммен илаһи бата бердім,
Дəрежең өз тұсыңнан болсын биік!
Ызғарымен бірдей ғой күн шуағы,
Беті қайтпай ерке өскен, сынбай сағы.
Қаралыққа тəңірім тию салып,
Илаһи, тартса, төрем, істің ағы.
Мен түгіл, Қыдыр бата берсе-дағы,
Абылайдың астыңа тимес тағы, –
дегенде, «Жоқ, қорғанба, тағы да сұра?» – дегенде,
«Аққұмай» деген төренің тазысын сұрағаны:
Он бесімнен, Рүстем, айттым өлең,
Жан жабығып, бұл күнде тозды денем.
Жас күндегі балалық өз алдына,
«Қартайған да бір бала болад» деген.
Қыран ем ойдан ұшқан құздағы аңға,
Іркілмей өлең айттым қара-ханға.
Өлмей тірі кім қалды, ойла, төрем,
Бұл опасыз дүниеге келген жанда.
Мен түгіл, жыр теңізі Бұқар да өткен,
Өлмек үшін туғанбыз, оны да аңда.
Қалауым көзге түссе, көрнекті емес,
Деп жүрме «Жанақ шіркін алжыған ба?»
Сұлтабай да берген жоқ, тақсыр, сіздей,
Қозы Көрпеш – Баянды айтқызғанда.
Сұңқар едім, бір күнде болат қияқ,
Тұлпар едім, мұқалды құрыш тұяқ.
Көзге түсер қалауым көрнекті емес,
Бермей қалсаң, саған да, маған да ұят.
Мұңдасатын таусылды тұстас тұрғым,
Əзілдесер таусылды тату құрбым.
Жан жабығып, тəн тозып қартайса да,
Үйлеспей, басында жүр көңіл қырдың.
Жəне-дағы азайды кірер үйім,
Үйі өртеңгір, кəрілік тиді қиын.
Арманым жоқ, аз емес, көпті көрдім,
Қазақтың құрметі мен көрдім сыйын.
Молдасындай бақсының оқшау тұрған,
Бара алмаймын бас қосқан болса жиын.
Өз көзіме өрескел көрінеді,
Жас күнімде жарасқан сəнді киім.
Бар қызықты кəрілік алды тонап,
Бет-ауызды шиырлап салды жолақ.
Ошарылып келді де жатып алды,
Күндіз болса түстеніп, түнде қонақ.
Тіл икемі – тісті алып, көздің нұрын,
Ебі кетіп еріннің болдым олақ.
Жабығады жаман бай мал тайғанда,
Қара өкінер тағынан хан тайғанда.
Жан кеудеде тұрғанда əсіресе,
Бір ермек керек екен қартайғанда.
Аңға шықсаң алғашқы жауғанда қар,
Алқызылдың алыстан айбары бар.
Кəріліктің арнаулы сыбағасы,
Онан артық дəл бізге не қызық бар?
Шұбатылып қиынға тартса түлкі,
Астыңда болса сонда жылпың жылқы.
Бір бет мүлде кетпей ме қып-қызыл боп,
Қатын-бала, ұмыт боп жиған мүлкі.
Əне салып ауызын, міне салып,
Дөңгелентіп түлкіні жүрсе шалып.
Тоқалыңа жеңген жау қоразданып,
Кешке жақын үйіңе келсең алып.
Ит-дағы ит, итін сұрап «бер?» деген – ит,
Сұрағанда, ол итті бермеген – ит.
Аққұмайды сұрадым қалап, төрем,
Басқаға ит болғанмен, маған сол сыйт, –
дегенде, итін беріп, аттандырып жатып: «Жанағым, еліңе
не деп барасың?» – депті. Сонда айтқаны:
Ау, тақсыр, елге барсам, шынымды айтам,
Көз көріп, ой жорыған сынымды айтам.
Жетіскен, жеткеніңді айта келіп,
Балтамен шабатұғын мініңді айтам.
Қыс болса, қадірі өтер өткен күздің,
Атаңа беріп еді қазақ тізгін.
«Ханнан қайыр, қарағайдан шайыр кетті»,
Қазақтан біржолата күдер үздім.
Бұл күнде хан мен қара тең болған кез,
Бағалы бағасыздан кем болған кез.
Ғаламат аспандағы жерге түсіп,
Ғажайып түсте көрген өң болған кез.
Қайғы – теңіз, көз жасы – сел болған кез,
Сөз байлаусыз, уағда – жел болған кез.
Шалқыған шалқар көлің тандыр болып,
Шалшық су текпіні жоқ көл болған кез.
Асқар тауды бұлт басып, мұнар алып,
Теріскей тебіні жоқ, бел болған кез.
Ханнан қайрат, байынан қайыр кетіп,
Телмірген, теңлігі жоқ ел болған кез.
Қайғың – азық, ермегің – шер болған кез,
Елмен араз кетуің бір болған кез.
Шеп бұзып, ту құлатқан батыр құрып,
Тебінгі сауған ұры ер болған кез.
Хан – қақпа, халық – қазына, батыр – қорған,
Молда – сүлік, əзелден елді сорған.
Шешен – шеңбер болғанда, би – таразы,
Əн – сəнің, күйші – көркің, ақын – жорғаң.
Хан кеткен соң, халықтан қақпа ашылды,
Қақпа ашылса, табанға хан басылды.
Батыр кетті – қорғаның құлағаны,
Қақпасы жоқ, қорған жоқ ел шашылды.
Жуан қамшы топ бастар көсем болды,
Елірмелі, екі есті шешен болды.
Биі кетті байлардың айтағында,
Пəленді мұқатып бер десең болды.
Ақындікі сандырақ сарын болды,
Күйшінікі көмескі зарың болды.
Əн сəнінен айырылып, күй көркінен,
Ішкенің бойға жұқпай, зəрің болды.
Сондықтан мақтауыма сыймайсың да,
Өтірік айтып «мақта», – деп қинайсың ба?
Аруақ қонып, жыл түнеген орын ед деп,
Жамандауға тағы да қимайсың да.
Алдыңда күткен күнің түсі суық,
Бізді соған барады өмір қуып.
Көріспесек, ал, төрем, қош аман бол!
Көрсем деген үміттен қауіп жуық.
Тыналы Тышқанбайдан алдым жетім,
Өкпеледім, Қопаның көрмен бетін.
Малдыбайдан алғаным – маңқа жирен,
Көкшетаудың сыртында жетім етін.
Қорыс бір ат болғанда, Сапақ тоғыз,
Ондай –мұндай тоғызды алған қобыз.
Елінкенің шапанын сұрай беріп,
Тəшкент көшіп келіп пе мұндар қобыз!
Манан бір ат болғанда, Тотыр бір ат,
Доспанбеттен алғаным – жалғыз сұр ат.
«Алып алты, жеп жеті болмайды екен»,
Алды деген Жанаққа о да бір ат.
А, жігіттер, жігіттер, дəт қылыңыз,
Қылыш берген көк дөнен ат қылыңыз.
Аңғал берген көк шекпен тым-ақ жаман,
Жыртып-жыртып қозызға қап қылыңыз.