Рүстем төреге айтқаны (1-бөлім)
Жанақ Қамбартегі · 188 жол
Ал, қолыма, тидің бе, қарағайым,
Қарағайсыз керекке жарамайым.
Жел желісті желмаям, саған мініп,
Бұл үш жүздің баласын аралайым.
Қарағайым қолыма тигеннен соң,
Ажарына ешкімнің қарамайым.
Беретін ақбас құндыз, ақ жамбым жоқ,
Өлеңменен төрені паралайын.
Ат биеден туады, алып анадан,
Ел ағадан азады, тон жағадан.
Өлексе – өлеңшінің аңдығаны,
Арлан бөрі соғады тау сағадан.
Сергелдең, сейіл-серуен кезеңінде,
Ер аттан, мұқалады ат тағадан.
«Балапан ұядағы ұшқанды алар»,
Қатын ерден, үлгі алар іні ағадан.
Бір ойын онға бөлген, онын жүзге,
Сасқанда ақыл шықпас кем бағадан.
Хан оңбас қарашысын қарақтаған,
Нар үріксе, жүгі ауар қарқарадан.
Тұлпар ақау болады аяғынан,
Ақсаса оңалмайды би парадан.
Рүстем, атағыңды естіген соң,
Əдейі іздеп келіп ем Арқа арадан.
Заман өтіп барады қилы-қилы,
Қазақ болды бұл күнде елдің сұмы.
Иен қалған, иесіз бір ел болдың,
Екеніміз белгілі кімнің құлы.
Астында тақ, аузында əмірі жоқ,
Сабан құрсақ жем қылды сарттың ұлы.
Ат пен түйе тарту ап келгендерге
Мендей емес, Рүстем, түсің жылы.
Рүстем, сен асылдан қалған қиық,
Сол себептен қазаққа жүрсің сиып.
Барар жерің бар ма еді, мен көрмеген,
Артың ашық болғанмен, алдың тұйық.
Байқамасаң, бұл дүние теңіз болды,
Өткелі жоқ, түбі жоқ бір тұңғиық.
Беру үшін келгем жоқ, алу үшін,
Ат мініп қайтайын деп, шапан киіп.
Біреу айтты: – Рүстем қастайды деп, –
Жасқанбаған бетіңді жасқайды, – деп.
Барсаң аман қайтпайсың, тоқта, – деді,
Ашуланса, басыңды ап тастайды, – деп.
Кейбіреу: – Жанақ, тілің ащы, – деді,
Бетің қайтпай, араның тасты, – деді –
Ащы тілмен төрені сұғып алып,
Алғызып-ай қайтарсың басты, – деді.
Мен тоқтамай келіп ем: – Барамын, – деп,
Озып жүрген өлеңге дарамын! – деп.
Тілім ащы болғанмен, заһары жоқ,
Жылан емес əншейін арамын деп.
Бас алуға отырсаң кісі таппай,
Бір басылсын төренің араны деп.
Атаң мінген айырылған алтын тақтан,
Толар болса, су алған қараны деп.
Осыны айтқанда, Рүстемге Балқаш жағасында тұратын
бір балықшы балық алып келіпті жəне бір аңшы бір түлкі
алып келіпті. Соны көріп айтқаны:
Жазықсызға тартқыздың жазаны да,
Былықтырып, былғадың қазаны да.
Алал тамақ өтпейді тамағыңнан,
Ұрлық етін салмасаң қазаныңа.
Аттандырған ұрың мал əкелмесе,
Əкесі өлген ұқсайсың азалыға.
Тышқанына аңшының жарналас боп,
Балықшының ортақ боп сазанына.
Ұрлап келген жылқыны мəзеніңдей,
Кісінеттің тұсыңнан азаныңа.
Қолы жеткен атаңның ұсынғанға,
Бір бел еді белгілі мұсылманға.
Жауға жарақ болғанда, дауға дарақ,
Ақыл тауып беретін қысылғанда.
Аруағын атаңның боққа былғап,
Төмен болдың тұрғылас тұсыңнан да.
Ошақ басын, от қасын аңдимын деп,
Бастан бақыт айырылдың құсыңнан да, –
дегенде, «Таста домбыраңды!» – деп, Рүстем қылыш
көтеріп алыпты. Сонда айтқаны:
Тастар болсам, басында бастамаймын,
Жон терімді тілсең де таспадайын.
«Бас кеспек болса-дағы, тіл кеспек жоқ»,
Мен, сірə, домбырамды тастамаймын.
Берік көктен дегенде, жылдан жылыс,
Ел ұл туса, болады елге тыныс.
Сөйткен ер ұл сен болсаң, тумай-ақ шөк,
Сен туған соң, елімнен шайқалды ырыс.
Тұқымы азып төренің тұқыл болып,
Болат ағып, бұл күнде болды мырыш.
Шабар болсаң, дəтімді айтқызып шап,
Дəт айтқызбай шапқан жоқ атаң қылыш.
Арғы тегің қанішер Абылайдан,
Үш жүздің баласына қанат жайған.
Абылай сенше қан ішіп көрген емес,
Жаудың қанын ішетін ашып майдан.
Алғалы отырғаның кімнің басы,
Сен Абылай боласың, айтшы қайдан?
Қара орын айырылған алтын тақтан,
Адамша ішіп, аңша өскен сен бір хайуан.
Бұртиясың бүйідей өңің шəйіп,
Ісігіңді отырсың сыртқа жайып.
Қанжарыңды көтеріп қоразданып,
Өлтіретін кісідей мені шауып.
Мені өлтірсең, ойлашы, не боласың?
Тұман болар басыңнан күнің ашық.
Арғынның бергі шеті Жетісуда,
Есіл, Нұра, аржағы Еділ, Жайық.
Ботақанды Абылай өлтірем деп,
Заманы бола жазған алмағайып.
Сол себепті, сен түгіл атаңның да
Көкшетаудан іргесі кеткен тайып.
Ұрлап, тартып қазақтың алдың малын,
Хан емессің, қарадан алдың алым.
Ұлықпандай əкімді жерге көмген
Сен секілді бір кезде патша залым.
Мені бірақ сен жерге көме алмайсың,
Торғайға да мен түгіл келмейді əлің.
Дақ салмай кетед деме, сірə, тегін,
Дар көрігім күледі шалқып жалын.
Қабың қайдан жаралды, сабың қайдан,
Ол арасы Жанаққа еді мəлім.
Ауруды қуантпас алтын төсек,
Елді жеген бір бермей кетпейді есеп.
«Жел соқпаса, қозғалмас шөптің басы»,
Сен туарда жабысқан шешеңе өсек.
«Көп ауызы – уалы» деген рас,
Тұлпар шапқан биеден тумайды есек.
Шынар құлап түбінде қалды шірік,
Ел ұйтқысы бұзылды мəйегі іріп.
Құлғын жүнді құбылдан қашыр туды,
Есек шауып биеге, айғыр тұрып.
Ел тентегін тиятын төреміз сен,
Өз қолыңнан ұрыға бердің құрық.
Бұл мінезді қарызға алдың кімнен,
Əулетіңде жоқ еді, мұндай ғұрып.
Батыс пенен Шығысты кім қоршады,
Жан-жағыңа қарашы мойын бұрып?!
Шаншылған батыстың сары жұлдыздары,
Ініңе суды құйып, алар ұрып.
Қарқаралы, Аягөз, Бөкей, Торғай,
Дуанын кеп ортаңнан алды құрып.
Заманыңды тарылтып шəрге үңілтіп,
Еңсеңді алып, іргеңді қойды сырып.
Ордаңды өртеп, орнына дуан салды,
Мықты болсаң, қанекей, бермеші ырық.
Əлің біліп жадажай жүрмеймісің,
Үй күшіктей отыңның басында үріп.
Аш қасқырдай нашарды жейсің жығып,
Сырт жау келсе, кетесің шиге бұғып.
Өз еліңнің үрейін өзің алдың,
Ұлығына Қоқанның көтің тығып.
Бөденедей бас күйттеп, бүрсек қағып,
Бұл жүрісің қай жүріс, елден шығып?!
Төре ұйтқысын шайқаған ұры кезеп,
Қайырсыз, қары қалың құтсыз өзек.
Сырлас достың түңіліп сырт айналып,
Сырыңды алып, сыртыңнан алды күзеп.
Сенісе алмас дұшпаның сырттан болып,
Қарсы тұрып, қанды оқ көрнеу кезеп.
Сенен көшсе біреуге барып қонбақ,
Бақыт алтын көшпелі, дүние кезек.
Ұқпағанның өтемін өңсерінен,
Түзейтұғын ұққанды сөзім тез ед.
Аталының дөнені бесті шықты,
Буыршындар көбейді, саныңды езед.
Сонда: – Ақын жоқты айтады екен десем, барды айтады
екен, – деп Рүстем: «Аламын деп келіп едің ғой, сұрашы?» –
депті.
Ал, тақсыр, ақылға кел, ашуың бас,
«Хан – қайран, дегендейін қарашы – тас».
«Хан артынан – жұдырық» дегендейін,
Бақыты зорға болады əркім-ақ қас.
Кессе де кемімейтін кенім сенсің,
Жаяуларға ат болған, аштарға ас.
Алуыңа тұра ма менің басым,
Бақа күндес жауың емес, мен тайталас.
Мен қолыңнан келемін не қылсаң да,
Кессең бас, тақсыр, төрем, кессең қалас.
Қиянатсыз кеуде бас сақтай алар,
Қиянатшыл кеудеден кесілер бас.
Бұл кеше жыл түнеген хан ордасы,
Ер өлгенмен жоғалмас ел ордасы.
Баласына үш жүздің ұйтқы болса,
Топ бас қосқан төрінде ел ағасы.
Үй жығылып, қазақтан тікті күрке,
Күркеден де айырылар бірте-бірте.
Сүлік, сона аралап сөлін сорып,
Жайды уытын тісінің қанын бүрге.