Рүстем төреге айтқаны (2-бөлім)
Жанақ Қамбартегі · 192 жол
Өзінің көлеңкесін құбыжық деп,
Көк қаншық қоян болды үрке-үрке.
Сиырдайын шиырлап шыр айнала,
Бірін-бірі мүйіздеп түрте-түрте.
Қан төгілді бұл күнде халықтан да,
Ханнан мүлде халық та жалыққан ба?
Халық – дария, хан – балық емес пе еді,
Судан шықса, жан кетер балықтан да.
Ат шалдырар қалмады айтарлық жер,
Алыс жүріп келгенде талыққанда.
Ит кемірсе тоймайтын, бай – қу асық,
Қайырым, мейірім жоқ зарыққанда.
Кедей – кер, кесел мінді кераламды,
Дуа кетті қасар мен ғарыптан да.
Ордан орғып түсетін өрен тұлпар,
Аттай алмай арып жүр арықтан да.
Шерімді шертіп əдей, сөйлейін деп,
Əдейі іздеп келіп ем, барып ханға.
Кімге ауыр, кімге жеңіл, айтшы төре,
Ел ұйтқысын, ер күнін сарыққанда.
Ханзадам, қасиетті асыл тектім,
Досқа қорған болғанда, жауыңа өктем.
Қатам болса алдыңда, кешір, тақсыр,
Арылдым, арманымды айтып төктім.
Атаң Абылай қазақтың кегін алған,
Туын жығып, жауының шебін алған.
Азуын айға басқан сан менменнің,
Үрей түтін ұшырып, ебін алған.
Түрікпеннің түбінен малын алып,
Арыстанның аузынан жемін алған.
Жаудан қорғап, малы мен басын билеп,
Қазақтың сары алтынын тегін алған.
Ханзадам, енді кімді бу қыласың,
Көлсіз жерде жая алмас қу құлашын.
Дегендердің тілеуі қабыл болды,
«Хан тағы төңкеріліп, ту құласын!»
«Жау кеткен соң боққа шап қылышыңды»,
Қобы сорды құндыздай су бұласын.
Дариға-ай, үлкен арман, Кене ханның
Қырғыз шешті тəжі мен дулығасын.
Кеш, алдияр, мінеки, болса қатам,
Деп келіп ем ордаңның дəмін татам.
Ер көңілді ерке өскен Жанақ едім,
Айтып едім, айтқан соң өзің қатаң.
«Тас түскен жеріне ауыр» дегендейін,
Түскен жерім, төрем, сен, саған батам.
Əдейілеп алдына келгенінде,
Ердің құны болса да кешкен атаң.
Жолың болса атаңның бағын берсін,
Тəңір алдында мүстежап болып батам.
Қай түкпірін табамын кең ойыңның,
Бақайыңнан келем бе зор бойыңның.
Ал, алдияр, енді айтар сөзім қысқа,
Мұжысаң да, басымын өз қойыңның, –
дегенде, «Е, Жанағым, айтқаныңның бəрі рас, алам деп
келдің ғой, сұра?» – депті. Сонда:
Ау, тақсыр, сияр қандай, симас қандай,
Аран ашып, лəпсісін тимас қандай?
Біріншіден, соны бер маған берсең,
Ең жақын адамыңа қимас қандай?
Екіншіден, соны бер, маған берсең,
Беретұғын кісіңе сыйласқандай.
Үшіншіден, бересің біліп өзің,
Мен Жанақ – бұраң ағаш, сенсің – тезім.
«Кім берді?» десе, «Рүстем беріп ед», – деп,
Жоғалтпай жүрерліктей сақтап көзін.
Ол-дағы олжа алынбай қайтса басым,
Көресісін көреді қалған жасым.
Тоғыз алып қайтыпты деген атақ,
Өзің қосып жатарсың қосымшасын, –
дегенде, «Жақын адамыма қимайтыным еді», – деп, үстіне
жанат ішік жауыпты. Сонда айтқаны:
Жанат ішік, жабыстың иығыма,
Құн жетпейтін бармақтай сиығыңа.
Сені киіп көргенде күлкі келді,
Өзге түгіл өзімнің миығыма.
Ішік жанат болғанда, сеңсең тымақ,
Бəрекелді, көн етік, тұрсың ұнап.
– Ішік анау, етік пен тымақ мынау, –
Деп мазақ қып күледі-ау, біреу сынап.
Мата көйлек, кір кемзал, жыртық бешпет,
Жамаулы шалбар-дағы тұр кес-кестеп.
Сендерді жасырам деп қиын болды-ау,
Бір үйге барғанымда белім шешпек.
Апарып қоямын ба үйге тығып,
Бар киімім үстімдегі ішікке өш деп, –
дегенде, ішті-тысты бар киімді жаңадан беріп, екінші:
«сыйласқандай кісіме беретінім», – деп бір көк ала ат əкеп
бергенде, айтқаны:
Көкала ат, ат екенсің ерге лайық,
Жаяң – Жайыр жайлау, төсің – қайық.
Аяғыңда ақау жоқ, арқаңда дақ,
Аяғын тас ілмейтін, мұзға тайып.
Ескек желіс, емен бел, ебі екпінді,
Омырауың арасындай Еділ-Жайық.
Əлде болса, құлынды ат қылады,
Шар тартып қалғанменен жасы ұлғайып.
Бірақ сенің сəніңді келтіре алмай,
Сенде емес, болады ғой менде айып.
Ерім анау, тоқымым қырық құрақ,
Сұрыңды кетіреді-ау, сенің бірақ.
Сом ерге сұлу денең үйлесе алмай,
Жабығып тұрасың-ау, қайран пырақ.
Төреден де сұрауым асып кетті,
Лайық ерді аламын кімнен сұрап?
Көкала ат көрінгеннің көзін бұрып,
«Кімнің аты демей ме?» біреу тұрып.
Сонда сенің сұрыңды кетіреді-ау,
Сом ер-тоқым, қайтейін, қалғыр құрып.
Бір үйге барып түсе қалғанымда,
Ер-тоқымды жүрем бе ала кіріп, –
дегенде, бежін ер əкеліп ерттетіп беріпті. «Көзімдей көріп
жүр», – деп бір кісе беріпті. Сонда айтқаны:
Төренің көз жіберсе кісесіне,
Ер ұлдың лайықты мүшесіне.
Рүстемнің болмаса жомарттығы
Оңайлықпен сен қолға түсесің бе?
Сені алған Жанақ тағы иман таппас,
Күнінде алып жүрмесе үш есіне.
Кемітерлік міні жоқ кісең, кісе-ақ,
Не қылса, бір шебердің соққан ісі-ақ.
Тұрманы сонда түгел болар еді,
Өзіне сай қын менен болса пышақ.
«Қынсыз кісе асынба» дегендейін,
Жарақсыз жауға шапқан батырға ұқсап, –
дегенде, күмістенген қын мен пышақ əкеп беріп: «Енді
сұрайтының бар ма?» – дегенде:
Мен үйімнен жасымда безіп едім,
Кедейлікпен үш жүзді кезіп едім.
Аз бергенді асырмай, төмендетпей,
Бермегенді сөзбенен езіп едім.
Көп бергенді қопсытып көтермелеп,
Кім де болса, сырты емес көзіне едім.
Не өліп, не көп алып қайтуымды
Үйімнен шыққанымда-ақ сезіп едім.
Жасымда кедейліктен жедім таяқ,
Жалаң бас, жамау дамбал, жалаң аяқ.
Кедейлік қыршаңқы аттай топтан қуып,
Үйірге қосыла алмай жүрдім саяқ.
Қыр соңыма түсіп ап сұм кедейлік,
Найзасы жетер-жетпес жүрді таяп.
Ол арнаулы Жанақтың сыбағасы,
Тоғызымды береді айтқызбай-ақ.
Өлеңменен құтылдым өріс алып,
Есіркеп босатқан жоқ, ол мені аяп.
Тоғыз басы атақты жамбы болар,
Жамбыға құндыз тосса, сəнді болар.
Жансыздан төрт болмаса, бесеу болар,
Қазақ жолы қалғаны жанды болар.
Жандының басы сонда түйе болар,
Жанды да тұтам емшек бие болар.
Жалаңаштық түйеге жарасымсыз,
Үстіне кілем жапса жүйе болар.
Шапан болса жəне де торқа болар,
Торқа шапан тоғызға орта болар.
Ең аяғы болса да тай-тайынша,
Қонақасы күздікке сорпа болар.
Сыналса жеңіл салса, «ауыр», демейтін нар,
Ақылға кең, алдияр, ашуың тар.
«Саны бар, сапасы жоқ» боп жүрмесе,
Тоғыздың да толымды тоғызы бар.
Көлеңкең зор болғанда, қолтығың кең,
От болады аузыңнан шығарсаң дем.
Айтып-айтпай немене бəрі бір бас,
Айтқызатын сіз емес, басқаға жөн, –
дегенде, айтқан тоғызын беріп: «Енді сұрайтының бар
ма?» – дегенде айтқаны:
Енді өлеңді айтамын ханымыма,
Ханымым да жарайды алымыма.
Хан менен ханымының жөні басқа,
Ханымды да балаймын хан ұлына.
Сен миуалы ағашсың, көкке бейім,
Аузымды ашар миуаңнан тоя жеймін.
Тұлғасына ханымның көз тойғандай,
«Түсі игіден түңілме» дегендейін.
Ханұлы, ханымымыз, ханның қызы,
Ханымды қасиеттеу – халық ізі.
«Ердің көркі əйелмен» дегендейін,
Хан – дəмі болғанында, ханым – тұзы.
Ханымның мұнан артық қандайы бар,
Лебі шəрбат, бал тамған таңдайы бар.
Тілім жетпей қалмасам сұрай алмай,
Жомарттыққа жаралған маңдайы бар.
Бір нақ сүйер бар еді алған сүйіп,
Қалың малын əркімнен берген жиып.
«Сұлу, сұлу емес деп сүйген сұлу»,
Өз көзіме көрінер бір кер миық.
Ол кір көйлек киіп жүр кіргізгеннен,
Мен барам жанат пенен бұлғын киіп.
«Өзіңді ойлап, алмайсың мені есіңе»,
Деп жүрсе, ұялам ғой бетім күйіп.
Адамның жан жолдасы – жан сүйген жар,