«Алладан сұрап иманды...» (4-бөлім)
Дулат Бабатайұлы · 1802–1871 · 179 жол
Ай, зар заман, зар заман!
Зарлап өткен су заман,
Артыңа бір қарап кет,
Жақсылар қалған болған соң;
Сөздің басы бисмилла –
Мұсылманның жарығы,
Төрт аяқты хайуан –
Дәулетің сенің болған соң.
Бағасы кеткен жігіттің
Бетінен алар зайыбы,
Бір Алладан басқаның
Көпті қылған ғайыбы.
Әуелгі бай жоқ болды,
Сондағы жоқтар тоқ болды,
Жөн білмеген жамандар
Ел билеген шақ болды.
Көтере алмас билігін
Асқан үлкен кер болды,
Ниетіне қазақтың
Құрылып қойған тор болды.
Жәй-жәйіне жүрмеген,
Бір-біріне көнбеген,
Мынау өткен сұм дүние
Бір орнында тұрмаған,
Еш жақсылық қылмаған,
Ақырзаман болмаған
Деп ойлайды ақымақтар,
Сол себептен қорқамын.
Замана ақыр болғанда
Алуан-алуан жан шықты,
Хайыры жоқ бай шықты,
Самауыр менен шай шықты,
Сауып ішер сүті жоқ
Ақша деген мал шықты;
Мініп жүрер күші жоқ
Тарантас деген ат шықты.
Ат жекпесең жүрмейді,
Үңірейіп тұрады.
Жарлы, кедей, жоқ, жатау
Қатын күнін көреді!
Абуөлхайыр дос жігіт,
Уағдасына төз жігіт,
Бары болса аямас,
Қолы сондай бос жігіт,
Берем деп уағда қылмайды,
Сонда да қауымды қоймайды,
Қасына келіп ол тұрса,
Қадіріне қимайды.
Мырза деген Ибраһим
Ат берем деп бермеді,
Уағдасына тұрмады,
Сөзін қабыл көрмеді,
Менің айтқан бұл сөзім
Қүлағына кірмеді.
Қызметі өткен біздердей
Бұл маңайда бар ма еді?
Иман бір күн өлмей ме?
Кісі хақын білмей ме?
Ақын иман болған соң,
Батыл көзбен көрмей ме?
Жәпекбайдың баласы
Уәде сөзде тұрмады,
Ат берем деп бермеді,
Мені сөзіне алмады.
Тәшмұхаммет баласын,
Тұттым қоян анасын,
Қолым тұтып қоянды,
Үш айналды баласын.
Байекеңнің салалары:
Ахмет, Салих, Құрахмет
Жақсы атаның баласы,
Құдайдан болсын рахмет.
Берем деп уағда қылмайды,
Сонда да құры қалмайды,
Жалғыз басы мың болсын,
Аты өзін тындайды.
Қыс көбейді, жаз аз боп,
Мал таусылды, мал аз боп,
Іні ағаға қарамақ,
Атаға бала ара боп
Кете ме деп жолымыз,
Құри ма деп жөніміз,
Замана тарылып барады,
Сол себептен жылаймыз.
Әр нәрсенің болжауы
Келе жатыр жақындап.
Ағашты тауға үй салып,
Еліңді алды ақылап,
Енді еркіне қоймайды
Буыршындай тақымдап.
Тау басында болыс тұр,
Кәпір сөзін мақұлдап.
Бейшараның бұлы жоқ –
Қорыққаннан қақылдап.
«Қарызға кірген жақсылар
Ашылмасын көзің» деп,
Сол себептен қорқамын
Заманақыр болар деп.
Енді мынау сұм заман
Келе жатыр жақындап.
Тез-тез өтіп барады
Жаз бенен қыстың арасы.
Таңда махшар күнінде
Құрылады таразы.
Залымның қылған күнәсі,
Кәлемәйшәһадет
Тәмәм кітап арасы.
Тәубә-тәфиқ келтірмес
Азғын елдің молдасы,
Өзінің айтқан сөзінің
Тіпті болмас расы.
Құрт-құмырсқа жиылып
Көрде алар мазасын.
Бір пара жанды малды ғып,
Бір пара жанды малсыз ғып,
Бір пара жанды дінсіз ғып,
Бір пара жанды дінді ғып,
Бір пара жанды ғалым ғып,
Бір пара жанды залым ғып
Әуелде жан жаратты.
Мұсылманға бір белек
Өз-өзіне қаратты,
Көпірлерді бір бөлек.
Көргенімді айтайын
Жиырма тоғыз фурқаннан.
Жақсы молда оқиды
Ғарап, фарсы тілінен,
Кітап пенен құранды,
Әр тарихты таратты,
Шариғатын білсін деп,
Мұсылманға қаратты.
Софы аллия кітаптар
Сұрап көрің сорымды.
Кітап сөзін тұтпасақ,
Тәңірім ісі қиын-ды.
Он екі хат шалғыны.
Қияда сұңқар таратты,
Кім мұсылман, кім кәпір
Бір аллаға аян-ды.
Бас бермейін дегенді
Жалғыз жардан құлатты.
Мал бермейін дегеннің
Жалғыз тайын бөрі алды, –
Үстіне шекпен кигізіп,
Ақ таяғын таянтты,
Мойнына қоржын ілгізіп,
Елден тамақ сұратты.
Заман қайтіп түзелсін,
Аға-інісі жат болды,
Бай баласы мінеді
Жазық мойын құр атты,
Жарлы да өліп қалған жоқ,
Бірақ жаяу жүреді.
Оның да көңілін құдайым
Бір нәрсемен жұбатты.
Жалған дүние жалық-ты,
Азғана күн қуатты.
Ажалды тоқыт болса да,
Арын сақтап тұрады,
Ардан кешкен үятсыз
Ойламайды ұятты.
Зар заманның ақыры
Зарлап өтіп барады.
Осы күнде адамның
Бір парасы қорыңдар,
Еш нәрсе жоқ ойында,
Сондай адам зорсындар.
Құдай жоқтар ойында
Ғадет қылар ұрлығын,
Адамға баулар жаласын,
Өнер көріп зорлығын.
Алдағанның несі артық?
Қорықсаңшы Алладан,
Заманақыр болғанда,
Нәфсі жақын баладан.
Тоймай кетсе өкпелеп,
Құда тамыр кетеді.
Аманат кетті баладан,
Қатының түпке жетеді,