«Алладан сұрап иманды...» (3-бөлім)
Дулат Бабатайұлы · 1802–1871 · 167 жол
Жақсы болған қазылар
Қара қылды кақ жарар,
Оларды естен салмаңыз,
Сондай-ақ ғаділ болған соң.
Қорған сап биік қылса,
Көңліменен ел қылса,
Құдай жақсы көрер ме,
Шариғатты бұзған соң,
Имансызға бейіш жоқ,
Имандының көңілі тоқ,
Разы болып құдайға,
Қажылықты қылған соң,
Сол бір жолан жігітті
Жолан демей, не дейміз?
Су тілесе жігіттер,
Сары майды берген соң.
Кейбір жаман білмейді,
Дүниеде құдай мал берді.
Ақ айран ашымайды,
Аузы майға тиген соң.
Көкірегі ашық ақынды
Ақын демей, не дейміз,
Кітап асыл сөзін жатқа алса,
Баласына оның білген соң?
Оқи білген молдалар
Санасын біліп мақтанса,
Бейішке кірген мақтансын
Иманды болып өлген соң.
Күнәдан аузын сақтаса,
Әулие демей, не дейміз,
Жақынына бұрылмай,
Тура сөзін айтқан соң?
Жақсыға өлім сол болар,
Уағдасында тұрмаса,
Жігіт кәміл бітер-ді,
Тәңірім өзі берген соң.
Қиямет күн болғанда,
Таразыны құрғанда
Сонда халің не болар,
Тәңірім қазы болғанда?
Азырақ демің аларсың,
Мұхаммет атты пайғамбар,
Сололлаһи ғалайһи уассәләм
Шарафатын қылған соң
Бұл заманғы билерге
Ахиретте не болар?
Қиын демей, не дейміз,
Шариғатты сатқан соң,
Адамға кеңес не керек?
Бұл сөзімді аңдаса,
Біразырақ сөйледім,
Тәңірім біраз берген соң.
Жақсы болған төрені
Жақсы демей, не дейміз,
Ғаділ демей, не дейміз,
Бөрін бірдей тең көріп,
Жұртын түзеп тұрған соң.
Ғаділетті сол болар,
Сауап ішіп іс қылар,
Қол астында халқының
Бәрін бірдей көрген соң.
Ахиретте сауап жоқ,
Алдап ұрар дүние боқ,
Бай кісіні қадірлеп,
Жарлыны кем көрген соң,
Елде болған иманды
Иман демей, не дейміз?
Жиылған топқа бармасаң,
Ерініп үйде қалған соң,
Жамандар жақсы болар ма?
Тәңірім жолға салмаса,
Жамандардың әдеті
Өзін ұлық көрген соң,
Рас жаман сол болар,
Өзге адамды қор көрер,
Сонда білер жаманың,
Жан шығара келген соң.
Білгендердің айтқаны
Көкірегіне кірмейді,
Өз пайдасын білмейді,
Сүйегі жаман болған соң.
Сол бір жақсы адамның
Мінер аты болмаса,
Қанатынан айрылған
Бүркіттейін болған соң.
Сыйласпаған ағайын
Қарынменен барабар,
Жер жұтқан соң не пайда,
Артында малы қалған соң?
Кәпірге жолдас болмаңыз,
Дұшпандығын білгізер,
Жаламенен күйгізер,
Діні басқа болған соң.
Азырақ қатты сөйлесең,
Соңыңнан ол қалмайды
Доңыздайын жорытып,
Атасы басқа болған соң.
Жақсысы кеткен ауылдың
Жөнін адам біле алмас,
Меһман келіп қона алмас,
Қыдыр дәулет кеткен соң.
Жақсының топқа барғанда
Мінер аты жоқ болса,
Тұрымтайдан қорыққан
Бөденедей болған соң.
Арғымақ аттай аңқылдап,
Қыран құстай саңқылдап,
Жыршылар топта сөйлейді
Көкірегі даңғыл болған соң.
Қартайғанда мал кетсе,
Әл-қуаты бітеді,
Басынан дәулет кетеді.
Еркін жүйрік шабады,
Екпіні бар дауылдай,
Тарбағатай тауындай,
Дәулеті үлкен болған соң.
Жақсылардың баласы
Жаман болса, жамандар,
Сақалын жұлып жылайды
Әбден аза болған соң.
Кей жақсының мінезі
Еділ менен Жайықтай,
Ағып кетіп сөйлейді
Тілі жүйрік болған соң.
Қазы сүңқар баршамыз
Дәрияда жүзген қайықтай,
Жақсылар топта сөйлейді,
Рақымы мол болған соң.
Бір томырықтың мінезі
Мүздап тоңған ағаштай,
Ағайынның алыспай,
Сыйласпайтын болған соң.
Бүлікті жұрт болмаса,
Байы жоққа қараспас,
Жатқан рахым не болсын,
Бас-басына би болар.
Жақсы атаның баласы,
Салтанатшы патшадан
Рақымы мол болған соң,
Жүрісі тыныш жорғадай,
Алдына келсең кең болар.
Олар неге тарылсын,
Бейілі кең болған соң?
Жұрт жиылған ортада
Мінезі оның артық-ты,
Оқымалды молдадай
Ұстазы оның болған соң.
Көп жамандар жиылса,
Үйінен енді шыға алмас,
Шуылдаған қарғадай
Көп басшысы кеткен соң.
Ақылы бар жақсылар
Жайын жауға білдірмес,
Бұғы менен маралдай
Сабыр, салмақ болған соң.
Ақылы жоқ жамандар
Жынысы қалың аралдай,
Уақыт кетіп барады
Ақырзаман болған соң.
Елдің іші жақсы емес,
Бұл заманғы жақсылар
Бірін-бірі көре алмас,
Ауылың ала болған соң,
Дұшпаның қайтсін күш алмай,
Ылау сұрап, атынды –
Тартып алып мінімді,
Бірлігің жоқ болған соң.