Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Алладан сұрап иманды...» (2-бөлім)

Дулат Бабатайұлы · 1802–1871 · 167 жол

Қадіріңді біледі,
Көйлегің таза жүреді,
Қарт болса да, жаспен тең.
Кей жаманға мал бітсе,
Не сөйлерін білмейді,
Сөзге сабақ бермейді,
Шарап ішкен маспен тең.
Жақсылардың баласы
Әрбір істі біледі,
Молдадан сабақ оқиды,
Он жасында баспен тең.
Бір жаманның баласы
Оқымай-ақ қалады,
Қайырыңды білмесе,
Өзі пайда қылмаса,
Бір ақыл жоқ байғұста,
Жиырмада жаспен тең.
Тапқаныңды жеп қойса,
Туысқаның жатпен тең.
Ақылың кімге жараса,
Туысқаның сол болар.
Аға-ініңнен ол жақсы,
Құшақтасқан доспен тең.
Алғаның жақсы жолықса,
Ол барында қыз неге?
Оның өзі, ағалар,
Халыққа болар қызбен тең.
Алғаның жаман жолықса,
Басыңа салған дау болар,
Жаныңа пайда тигізбес,
Таудан бұлар ауыр тас,
Ғафилаңды киім кигізбес,
Күнде пәле ойлайды,
Ұрыстан шыққан жаумен тең.
Қатын десең үндемес,
Күнде көңілің қалады,
Бір қалған соң еміренбес,
Қаңтарда қатқан мұзбен тең.
Ақылы болса қыз бала,
Анасын тыңдап жүреді,
Оның өзі жеңгетай,
Қыз да болса, ұлмен тең.

Баяпыр болса қатын-қыз,
Ол қыздардан безініз,
Оның өзі анадай,
Бәйгіде болған таймен тең.
Жақсыдан алған ақылың,
Пайдасы оның көп болар,
Сатып алған базардан
Қызыл алтын бұлмен тең.
Ұяты жоқ адамға,
Ақылы жоқ наданға
Шынын айтсаң, иланбас,
Өтірік сөзің шын болар.
Жамандар даулы болғаны,
Қане жұрттың оңғаны?
Жақсының тал бойына,
Мұндай істер мінмен тең.
Жарлы да болса кей жақсы,
Жабырқауды білмейді,
Кісі ғайыбын көрмейді,
Қара бұлан нармен тең.

Ай, азамат, тату бол!
Әлі-ақ көзің жойылар,
Мынау жалған дүниеңіз
Батып кеткен күнмен тең.
Ер қанаты ат болар,
Жаяу адам мәрт болар;
Жүйрік кімде бар болса,
Ұшып жүрген құспен тең.
Пайдасы жоқ дүние
Қай күн өтер біліңіз,
Мың күн көрген ғұмырың
Ұйқыда көрген түспен тең.
Ай, күн өтіп барады,
Адам ғафыл қалады,
Бұл сөзімді тындамас,
Бауыры оның таспен тең.
Қияметті ойламас,
Нәсихатты тыңдамас,
Оқып алса керек сөз,
Алдында тұрған балмен тең.
Бұл заманғы адамның

Көкірегінде қонақ жоқ,
Әуре демей, не дейміз,
Дүние солай болған соң?
Екі қолын қусырып,
Үлкенге қызмет қылады,
Әдепті демей, не дейміз?
Жақсыдан ақыл білген соң,
Хас мұсылман адамдар
Таң намазын қылады,
Абыз демей, не дейді?
Шалы орнынан тұрған соң,
Бұл заманғы адамды
Жалғаншы демей, не дейміз?
Аузынан шыққан сөзінің
Баяны жоқ болған соң,
Мына жалған дүниені
Бір күнгі демей, не дейміз?
Алдап барып алады,
Сараң демей, не дейміз?
Ғарып пенен қасерге
Қайыры жоқ болған соң?
Ұл атадан ұялмас,
Қыз анадан ұялмас,
Ана қызын тия алмас,
Абыройы жоқ болған соң.
Ер қанаты – жүйрік ат,
Жүйрік демей, не дейміз,
Бәйгеге қосып салғанда,
Озып бәйге алған соң?
Ақылы шолақ адамзат,
Жақсылыққа қылсаңшы?!
Ер сарғайып қартаяр,
Уайым-қайғы көрген соң,
Жамандықты қойсаңшы,
Аямай-ақ жамандық
Қанын төксең болмай ма?
Өзі жаман болған соң,
Үйінде тірі қойғанша,
Өлтіре ұрса болмай ма?
Өз пайдасын білмейді,
Ақылы шолақ болған соң,
Достық қылған жаманға,

Көкірегіне кірмейді,
Жамандығын білер ол
Ахиретке барған соң;
Махшар күні болғанда,
Сауал сұрай келгенде,
Жауап таппай тұрғанда,
Тар лахатқа кірген соң;
Қас жаман сол болар,
Намаздығын білмейді,
Білсе білер өлгенде,
Тәңір алдына барған соң.
Сонда бір қас, дұшпанды
Дұшпан демей, не дейміз?
Жақсы екен деп ойлама,
Хан асылықты қылған соң.
Әрбір ойда жүрер ол,
Жұртқа бүлік салар ол,
Жақсылар жолдан азар ма,
Ниеті жақсы болған соң?
Мақұл сөзін бас көріп,
Тентек сөзін қош көріп,
Жамандармен іс қылып,
Ниеті жаман болған соң.
Өнер алды – қызыл тіл,
Мынау сөзді жақсы біл,
Тілің сөйлей білмейді,
Өнері жоқ болған соң.
Аймағың сенің бір болса,
Ала болып тұрмаса,
Жаманға жұртын білмесе,
Орының мықты болған соң.
Жақсы тілді ділмәрді
Шешен демей, не дейміз,
Кісінің сөзін байқап ол,
Жауап тауып айтқан соң?
Жақсы болған батырды
Батыр демей, не дейміз,
Кіріп жауды алған соң?
Қиын дейді билерге
Шариғатты аударса,
Ғаділ демей, не дейміз,
Төрені дұрыс берген соң?

Дулат Бабатайұлы өлеңдері

Барлық 47 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері