Керкекіл
Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 21 жол
Астымда Керкекілім бұлаңдайды,
Сұлу қыз кербезденіп сылаңдайды.
Ауылын сүйген жардың іздеп бармай,
Көңілім еш уақытта тына алмайды.
Жадағай-жайсыз жерден жүре алмаймын,
Жадырап сенсіз жерде күле алмаймын.
Жасымнан ғашық болып, сүйген сәулем,
Басқаны бір өзіңнен біле алмаймын!
Қарағым, айналайын, көз көргенім,
Жоқ сенен көңілімде өзге менің,
Сөзің бал, тісің меруерт, беу қарағым,
Есімде «мен сендік» деп сөз бергенің.
Қайырмасы:
Ахау Бірлән,
Әнім түрлен,
Ән еді, жаңа шыққан, ахау, үри-ай.
Көрінер сұлу жирен жарағанда,
Шаштарың гүл-гүл жайнар тарағанда,
Таңданып жығылуға таянамын,
Мойныңды бұра тастап қарағанда.
Қайырмасы.