Алтын балдақ
Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 10 жол
Қолыма асынғаным алтын балдақ,
Мен келдім Әсемкерді суға жалдап.
Құйрығын екі-екіден талдап өріп,
Қылтитып мініп шықтым қалқаға арнап.
Болғанда кешке таман апақ-сапақ,
Алдымнан шықты сәулем – аппақ шапақ.
Кигені қара қамшат оқалаған,
Басында бір шоқ үкі бұлғалақтап.
Атымның, шаужайынан ұстай алды,
Мен кеттім сол қалқаны сөзбен алдап.