Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нұралы мен Мықан (3-бөлім)

Нұралы Нысанбайұлы · 129 жол

Өзіңе қаталығың көрсеткенім,
Әлі де жамандыққа қимағаным.
Боп қап ем ақындардың ұстазындай,
Жарай ма айылыңды жимағаның?
Араның қатты ашылып алған сайын,
Ләпсіңді кенеуі жоқ тыймағаның.
Ағаттықпен, көпірме менмендік қып,
Теріңе ісіп-кеуіп симағаның.
Мен айтсам, сен айтыпсың жабағыға
Онымен жете алмайсың талабыңа.
Сыртымнан доғал сөзді өсек қылып,
Айызың соныменен қанады ма?
Не біліп жел сөзіме күле қалдың,
Дарытқан құдай беріп қаламыма.
Әзелден жақсы жұмыс аузын бақпақ,
Талаптың жарамайды бетін қақпақ.
Сен менен іздеп кеп сөз алмасаң да,
Біраз сөз шәкірттерден апсың жаттап.
– Нұралы өтірікті көп жазад деп,
Болыс, би, бай қожаға жүрсің даттап.
Серпіліп ақыл-ардың құшағында
Сөзіңді айтсаң болмай ма бойға шақтап,
Алыпсың бізден ұрлап көп өлеңді,
Айтайын онан басқа тағы неңді?
Мықанға мал берме! –деп кімге айтыппын?
Қызғанып мен не қыппын несібеңді?
Өзіңді бай, біздерді кедей көріп,
Болыпсың санаспақшы артық-кемді.
Жарамазан айтушы азаншыға
Дулаттың кең пейілі мейірленді:
Асын ішіп, тұзына түкіретін

Көрмедім сірә сендей өлерменді.
Тілеген шоқтығыңды ұстатқызып,
Көрейін мен де сенің әуселеңді.
Шоқтықтан аламын! – деп тап беріпсің,
Қолыңды болмас жерге ап келіпсің.
Шоқтығы айуанаттың желкесінде
Адамның шоқтық дейді шап терісін.

Әлқысса, осыны айтқанда тыңдап отырған жұрт ду
күлісіп: – Нұралы жеңді! – деп шуласады. Қосай тілмаш
та:– енді шығынның бәрі де бізге тән болды! Тоқтаңыз!
– деп ығысып, сыртқа шыға бастайды. Мықан да кетуге
ыңғайланады. Нұралы тоқтамай айта береді:

Шымкенттен ары қашып жылыстадың,
Барсаң да ешбір жерге сиыспадың.
Кетуге Мықан ақын ыңғайландың,
Бар ма еді сонша асығыс жұмыстарың.
Қосанық сыртқа шығып кеткеннен соң,
Адамдай безгек болған құрыстадың.
Бөпенің арын жоқтап тырысқаның.
Араң қашық елдерің қыз алысады,
Бөпе қыз қандай сенің туысқаның?
Исі Найман болған соң намысың бар?
Қиын ғой туыс болып жуыспағың.
Қолыңа түссе өзің де аянбас ең,
Бөпеге жете қалса уыстарың.
Әбдіқадыр қожа да жеріп кетіп,
Біліп пе ең Бөпе қыздың суысқанын?
Бөпе қыз айтысқалы он жыл өтті,
Жаңартып көне сөзді қуысқаның.
Айтып ем сөзара қып мақалымды,

Сөз айттың қатты кейіп сақалымды.
Мен қырық сегіз, ол кезде ол он жетіде,
Бөпеге білдіріп ем мағамымды.
Бір сөзді бастай салып:– ата! – деді,
Ата боп ерсі көрдім атануды.
Жасым үлкен болса да заманым бір,
Әзілмен өлең қып ем қатарымды.
Бетпе-бет Бөпе қызбен айтысқан соң
Бір дастан көлеміне тақалынды.
Халыққа сәлден кейін тарап кетіп,
Бұл айтыс шәкірттерге жат алынды.
Ыстыда Сауқымбайға келін болып,
Бөпе қыз балалы боп маталынды.
Ерте туып, кеш қалған, Мықан інім,
Ертеден неге етпедің шатағыңды.
Айтып ем екі жүздің болыстарын,
Мекемдеп қона алмаған қоныстарын.
Бақ үшін малын шашып, арын тегіп,
Сайлауда екі жақ боп тоғысқанын.
Сайлаудың шығындарын төлетуге,
Халықты қан асат қып обысқанын.
Жер дауы, жесір дауы араласып,
Белгілеп ала алмайтын қоныстарын.
Ұрлықпен, барымтамен мал қуысып,
Екі болыс дырдумен соғысқанын.
Сен жүрсің әулие! – деп мансұқ көріп,
Болыстың аруаққа шет болысқанын.
Көп көргенбіз шарласқан майдандарын,
Тұқым қуып ұласқан жанжалдарын.
Жеңілгеннің желкесі шайналғанын.
Жетім, жесір, кедейлер, жарлы-жалшы,

Ол сайлаудан қуылып айдалғанын.
Әркімге тарту үшін екі тоғыз
Желіге нар, белдеуге ат байланғанын.
Пара алып қойны менен қоныштары,
Ақшаға толып көңілі жайланғанын.
Қанды көбік ұрттары майланғанын.
Неше түрлі айламен, арсыздықпен
Байлардың болыс болып сайланғанын.
Сенің де дүние үшін жорытқаның,
Жортқанда оң болып жүр жорықтарың.
Мені ұрып, сені аман қып қойса аруақ,
Мен үшін уайым жеп зорықпағын.
Қолдан келсе қоныштан баса қойсын,
Болысты, аруақты деп қорықпадым.
Мені де Сібір қылып, высылка еткін,
Тезірек бір болысқа жолықтағын.
Бір тиын тапқаныңнан шығармастан,
Қарқ болып, сақалыңмен молыққанық.
Тарттағы тәуіріңді бауырыңа,
Опқа қосқан өгіздей солықтағын.
Сенен шай ішпедім! –деп торықпадым.
Ылажсыз мүһім болып отырсам да,
Қаһналық сөзді осылай қорытқаным.
Дегенім домалақсың – аласасың,
Қиқарлық мінезіңмен тамашасың.
Салмағың оннан бірін баспаса да,
Әкеңдей кісілермен таласасың.
Ойнақтаған от басар! дегендей-ақ
Айтар сөз, жүрер жолдан адасасың.
Есіктен көп төр жаққа тырмысасың,
Беттен алып жағаға жармасасың.

Жөнді менен жөнсіздің маңызын шақпай,
Күндес қатын секілді салғасасың.
Ақыр заман уақыты әлі алыс,
Бірақ сен нышанындай далбасасың.
Уәжден ұтылсақ да сөзің бермей,
Разы боп жан беруге жандасасың.

Басқа ақындардың өлеңдері