Нұралы мен Мықан (2-бөлім)
Нұралы Нысанбайұлы · 186 жол
Дөңгелек көл боп жүрген күніңізде.
Сен ондай мақтаныш қып демікпегін
Жел сөзге кім озар? –деп желікпегін.
Әзәзіл шайтан болып жарға итерер,
Арада шоғал сөзге елікпегін.
Сыртыңнан хабардар боп естуімше,
Би менен болыс бопты серіктерің.
Бүгінде қайырсыз бай бұлт секілді,
Мас болып көлеңкесінде елітпегін.
Солардың марқабатын мадақтаумен,
Ерігіп сөз қуудан зерікпедің.
Арқадан ел қыдырып келіп жүрсің,
Дулаттың напақасын көріп жүрсің.
Мақтаншақ байлар менен манапты іздеп,
Соңына болыстардың еріп жүрсің.
Аянбай қызмет істеп сөзін сөйлеп,
Бір нәрсе бере ме деп өліп жүрсің,
Бірді мақтап, мың адам жамандаумен,
Елді де екі жар ғып бөліп жүрсің.
Дұшпандай ызыңдаған ішіне кек,
Он үйге бір үйден кеп еніп жүрсің.
Пәлен ондай, түгенше мынадай! – деп,
Абройын айрандай төгіп жүрсің.
Кейбірің жалданумен мал табам деп,
Әр түрлі ауыр бейнет шегіп жүрсің.
Азғындап жылдан жылға кері кетіп,
Күні кеткен кемпір, шалдай шөгіп жүрсің.
Әрбірің ересекте тентіреумен,
Қожаңның дегеніне көніп жүрсің.
Бірлік жоқ, әрекет жоқ, берекет жоқ,
Бытырап шыл боғындай өріп жүрсің.
Көре алмай ел-жұртыңның ақтық жүзін,
Әр жерге сүйегіңді көміп жүрсің.
Сандалып елден безіп нағып жүрсің,
Тентіреп бет-бетіңмен лағып жүрсің.
Бір жерде тұрақ етіп, мекен қылмай,
Әр жерге бір жылыстап ағып жүрсің.
Шұбыртып қатын менен балаңды ертіп,
Қолға қарап ауызына бағып жүрсің.
Халықтың бергендерін ынсап қылмай,
Әркімге бір өсекті тағып жүрсің.
Жетім менен жесірді түк көрмеген,
Жыландай улы тілмен шағып жүрсің.
Өзін мақтап, өзгені боқтаған соң,
Болыс пенен билерге жағып жүрсің,
Қаңғырып өз бетіңше барып жүрсің,
Жиында айқай-сүрен салып жүрсің.
Көп түкірсе көл болар! – дегендейін,
Бергенін азды-көпті алып жүрсің.
Дәмді ауқат жеп, бүтінді кимеп едің,
Тамақ пенен лыпаға жарып жүрсің.
Қылғаның тұз арамдық бұл емес пе?
Сырттан аңдып, ішінен шалып жүрсің.
Біреуді біреуге айтып шағыстырып,
Күнаға кешірімсіз қалып жүрсің.
Халықтан ат та ап жүрсің, тон да ап жүрсің
Шапан киіп, азық пен сом да ап жүрсің.
Бүтінде жыртығыңды тазаланып,
Семіртіп арығыңды оңдап жүрсің.
Жақсылық өз басыңа қылған елді,
Сыртынан ғайбат сөйлеп, қорлап жүрсің.
Бір күнде ашулансаң он түрленіп,
Түйеңді кетпекші боп қомдап жүрсің.
Кең жерден таппай қоныс, әр елге ауып,
Бес-алты ай әр төбеге орнап жүрсің.
Көрместен мың бейнетке бір рахат,
Еңбек еш, маңдай тер бос сорлап жүрсің.
Безектеп елден елге қашып жүрсің,
Білместен нетеріңді сасып жүрсің.
Бау, басқұр, күбі, бесік, қом-шомындай,
Мүлкіңді қырқаға шашып жүрсің.
Өзіңнің міндеріңе қарамастан
Арқадағы әуенге басып жүрсің.
Өзіңнің өнеріңе мағрұр болып,
Әддіңнен шамаң білмей асып жүрсің.
Келешек өміріңе көзің салмай,
Аңғал боп ақмақтықпен тасып жүрсің.
Теперші әркімнен бір көргеннен соң,
Қаймығып жүзі пәс боп жасып жүрсің.
Көшумен елден-елге ауып жүрсің,
Шапаттап сандарыңды шауып жүрсің,
Сөзді сүт, қызыл тілді емшек қылып,
Жағыңды сиыр қылып сауып жүрсің.
Қарғылы қара төбет тәрізденіп,
Әркімді беттен алып қауып жүрсің.
Осындай өз пейіліңнен тауып жүрсің.
Жер, судан, мекеніңнен безіп жүрсің,
Аралап біздің елді кезіп жүрсің.
Сөз емес, сөзді сөз қып жау мұңдалап.
Малтаңды аузыңа сап езіп жүрсің.
Өзіңді асқар тауға балап жүрсің,
Теңі жоқ зор ақынға санап жүрсің,
Қожа менен ишанды пір тұтынып,
Молданың ыңғайына қарап жүрсің.
Болса да теріс, тентек қошамет қып,
Билер менен болысты жанап жүрсің.
Жұтқаным жұғын болсын жұмырға! – деп,
Байлардың итаяғын жалап жүрсің.
Кезі келген жерлерде ұрлық та қып,
Нашарды жалғыз-жарым талап жүрсің.
Сен қашан басың қосып ел боп жүрсің?
Қай жерде басқа елменен тең боп жүрсің.
Жерінен ауған адам мәз бола ма,
Әр жерде-ақ басқа елдерден кем боп жүрсің.
Алдың барып тәжік пен түрікпенге,
Онан да ит пен құсқа жем боп жүрсің.
Көпсітіп өзіңді-өзің мақтағанда
Етегің мол жайлаудай кең боп жүрсің.
Соншалық пәлен дегендей шіренетін,
Сен кімнің жарасына ем боп жүрсің?
Еліңде ит болдың ба, құс болдың ба?
Мұнда кеп ақынсынып ер боп жүрсің.
Жат елде дуана боп қақсасаң да,
Өзіңше бақ, дәулетке сел боп жүрсің.
Еліңнен безерлікпен үркіп жүрсің,
Әр жерге күшің бөгеп іркіп жүрсің.
Шұрық тесік, құмыт-шомыт киіміңнің
Тозаңын осында кеп сілкіп жүрсің.
Шаланың тұтануын қағыстырып,
Біреуді біреуге сап түртіп жүрсің.
Жер майды толтырып ап екі ұртыңа,
Себелеп, өшірем! – деп бүркіп жүрсің.
Өртеніп екі жағың кеткеннен соң,
Арт жағын тіміскілеп тінтіп жүрсің.
Бәрін де жүрген жердің жаппай сыбап,
Мені де тістемек боп шешіп жүрсің.
Айтып ем алғашқыда мысал қылып,
Насихат сөзді еске алмай ұмытып жүрсің.
Айтсам да түсінбедің ертекпенен,
Жүрмей ме жөнін тауып еркек! деген.
Жақсыға ишарат, наданға келтек! – деген.
Көшерін жел, қонарын сай білген ебелектей.
Түбің бос жұрт екенсің селтектеген.
Тұлпар ғып есегіңді ардақтайсың,
Сұңқар қып көк қарғаңды сен мақтайсың.
Қолыңда жоқ алтынмен жұмысың жоқ,
Қолаңды қорғасын деп салмақтайсың,
Жел аударған жеп-жеңіл қаңбақтайсын...
Халқыңды бүйтсең кәйтіп зарлатпайсың,
Туып-өскен жеріңе кетпейсің бе?
Дулаттан көрген үлгіңді алып барып,
Өз еліңде тіршілік етпейсің бе?
Диқаншылық айналсаң жақсы кәсіп,
Бидай, қонақ, тары, арпа екпейсің бе?
Еккеніңді орасың деген сөз бар,
Дәнді дақыл тұқымын сеппейсің бе?
Кәдеуілгі жабайы күніңді ойлап,
Астық пенен жемісті шөп дейсің бе?
Қауын менен жүгері, өрік, алма,
Өніп тұрса мол болып көп дейсің бе?
Жалғанда мәңгі-бақи тұрған бар ма?
Дүниеден ажал жетіп өтпейсің бе?
Басыңдағы кемшілік мініңді айттым,
Ер Мықан, мұнымды да кек дейсің бе?
Отырмыз табан аумай елімізде,
Бабамыз мекен еткен жерімізде.
Бір жерде көгереді дарақ деген,
Салайын бұл нақылды көңіліңізге.
Екі жүз ауып келсе сиып кетер,
Жақсылық қасиеттің дені бізде.
Шұбырып аш-жалаңаш келгендерің,
Жан сақтап күнелтеді жеңімізде.
Отырған тау-тас салып тұрақты боп,
Жарасар қалап айтсақ жөнімізге.
Балта да мұртымызды кесе алмайды,
Көрмейміз ашаршылық өңімізде.
Бір жылына жан сақтауға сиыса алмас,
Ұлы жүз ауып барса шеніңізге.
Қоңсы боп ерулікке-ақ шыдас бермес,
Шөп пенен тозып кетер жемімізге.
Малдарың бір жұттың боп қырылған соң
Тақалып қаласыздар күніңізге.
Қолайсыз көшіп-қону егін салмай,
Келмейді шаруаңыз ебіңізге.
Менімен сөйлес болсақ сыр қыларсың,
Халыққа хикаят қып жыр қыларсың.
Сенен зор ақын кеп түк қылмағанда,
Мұқатып қақ шекеңді тындырарсың.
Байқамай алды-артыңды соқтығысып,
Абайла қабырғаңды сындырарсың.
Күншілік өгізге еткен бақадан боп,
Қарныңды желге керіп жыртыларсың.
Бұл болса үлкендерді сыйлағаның,
Болып тұр тасқынында меймананың.
Көрсетіп әдістен жол сөз жазды! – деп
Бір көрген ағаңды онша қинағаның.