Үйсін Бөлтірік батыр (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Кең сахарада Алатаудың төсінде кең жайлап жүрген үйсіннен Кенесары жылқы алып кетті. Үйсіндер қуып жеткенше ұзап кетті. Таң ата қуғыншылар таяу келіп, айқын дала жағын алып, Кенесарының қолын ығыстырып, бір үлкен көлге қарай бетін бұрды. Бұл көлдің шетінде ұзақ жері ми былқылдақ, өтуі қиын жер екен. Мұны Кенесарының қолы білмейді.
Қол жылқыларды алдына салып өздері артынан сойыл, үстінен сойыл салып айдады. Тай-құлындар мида қалқып жатыр. Түс ауған мезгілде мидың шетіне Кенесары шықты. Кенесары өз бетімен қашпайды. Алдынан екі кісі, артынан екі кісі, жанынан саргардан батырлар жүреді.
Сол жолы Ағыбайдың бәйбішесі Талшыбықтан туған он бес-он алты жаста Аманжол бірге еріп шыққан. Ағыбай жан-жағына қараса, еріп келе жатқан баласы Аманжол жоқ, ізінше қайта қайтып келе жатса, Аманжолдың астындағы күзеулі кер милап жатыр екен. Аманжол аттан түсіп бір томаршаның басында жылап тұрғанын көріп, қасына келіп: «Кімнің баласысың?»—деп сұрағанда, «Атамның баласымын». Ағыбайдың әкесі Олжабай. Ағыбай «кімнің баласысың?» деп сұрағанда, «сенің балаңмын» деп айтар ма екен деп сұрағаны. «Жарайды, атаңның баласы болсаң»,—деп қолынан ұстап, артына мінгестіріп, күзеулі керді «шу, жануар!» дегенде, Ағыбайдың даусын естіп, кісінеп, барлық күшімен бірақ секіріп мидан шықты.
Күзеулі керді жетектеп, Аманжолды мінгестіріп құрғаққа шықты. Сол мезгілде үйсіннің қуғыншылары көз көрім жерге кеп қалған екен. Бұлардан жеке қара біреу ұзап шықты. Сол уақытта Кенесары жан-жағына қарап: «Көсе қайда? Дәуде болса, осы Бөлтірік шығар, ей, Көсе сен бар, ұзын етек үйсінді шолтаңдатпай жайғап кел?!»—деп әмір етті. Ханның жарлығы екі бола ма? Ағыбай ақжелек, тоғыз қазықтан қиған найзаны оң қолына, ұзын қылышты сол қолына алып, Көкбестіні ортекедей секіртіп қарсы шапты. Бөлтірік ұрандап, қамданып, бұ да бетін бұрмай қарсыласуға лайықтап, астындағы тор жорғаға қамшы басып ұмтылды. Найзаны Бөлтірік сала бергенде, Ағыбай қағып жіберіп, өз найзасымен киімнен үш түйреп, жерге жықты. Тор жорға да аяң да, желіс те жоқ, жорғадан басқа шабыс та жоқ. Сонда Бөлтірік батырдың айтқаны:
—Ей, Ағыбай! Үлкенді сыйламағаның қалай? Ағыбай:
—Ей, әз аға! «Жауды аяған жаралы қалады» деген қайда? Қарсыласқан екеумізде өлімдеміз, бұ да менің аяғаным, сіздей әз аға табылмас деп.
—Жарайды, Ағыбай! «Жауың да, дұшпаның да, достың да ер болсын» деген, жарайды, тор жорғаны ұстап бер?—деген соң, әкеп берді.
—Ей, әз аға! «Ер кезегі үшке дейін» деген, қайтыңыз, бұл сапарда жолыңыз болмайды, енді қарсыласпаңыз,—деп өз бетімен қайтып кетті.
Ағыбай келгенде Кенесары сұрады:
—Ұзын етек үйсінді жайғадың ба?—деп. Ағыбай айтты:
—Найзасын қағып сындырып, киімнен үш түйреп жерге құлаттым. Кене оған: