«Телқоңыр» (І нұсқа) (2-бөлім)
Күй аңыздары · 3 мин оқу
—Е, Телқоңыр барар жеріне барып болған екен, бұйрығы болса кетпес, бұйырмаса келмес, алдырар күні жаздырар деген осы, енді Телқоңырды ұры әкеткенін елге дабыра етпей, хабарын үйден тосыңдар. «Сабыр түбі сары алтын», екі қызым қолымда тұрса, Телқоңыр қайта айналып қазығын табар,—деп бойын кеңге салып жата береді.
Жел тақым балалар желдей ескен жүйріктерімен ара қонып ауылына келіп те үлгеріпті. Сол кезде атақты бір байдың асы берілетін болып, төңіректің төрт бұрышына сауын айттырып «Он атқа бәйге беремін, бас бәйгенің ауыздығына ат байлап, шабандозына асылдан шапан жабамын» деп хабар таратады. Екі жігіт тел қоңырларын осы бәйгеге қосуға баптайды.
Күншілік жерге айдалған бәйгенің келетін уағы болып, ел төбеге топталып жолға телмірумен болады. Бір кезде қатар шыққан екі қара көрінеді. Әркім әртүрлі жорып, ел іші гулесіп жатады. Осыдан кейін байлар мен билер тел қоңырға ер-азаматтың құнын беріп сатып алмақ болады. Бірақ екі жетім тел қоңыр:
—Телқоңыр басымызға келген қонақ, нағашымыздың бәсіресі, сата алмаймыз,—дейді. Сөйтіп, қоңырдың бәйгесімен қорасына қой, өрісіне жылқы сала бастайды. Өстіп жүргенде ұлы той болып айтулы ат бәйгесі болады екен, бас бәйгесіне бес жүз қой атапты деген хабар таралады. Даяшы жігіттер оларды алдарынан шығып шеткері бір үйге түсіреді. Олар бәйгенің ертең айдалатынын айтады. Бірақ тел қоңыр мама ағашқа да тыныш тұрмайды. Екі жігіт аттарының бұл қылығына қайран қалады, ауаша байламақ болып шешіп алғанда, Телқоңыр оларды сүзе сүйреп, ауыл ортасындағы үлкен ақ боз үйдің белдеуіне бірақ барып тоқтайды. Төр алдын құралай отырғандарға құймалы сырлы тегенедегі сары қымызды шыбар қайыңнан жасалған қос басты ағаш шығырықты ожаумен көтере-көтере сапырып құйып отырған қара торы жігіт қана бір-бір шыныдан қымыз ұсынады. Отырғандардың ішінен аласа бойлы біреу жантайған қалпы басын көтерместен, есіктен кіріп-шығып жүрген той басқарушыға:
—Мына екеуі қай атаның билері екен менімен дастарқандас болатын, білгім келіп отыр?—дейді кекесінді пішінмен мысқылай сөйлеп. Сонда үйдің қақ төрінде отырған орта бойлы би басын көтеріп:
—Киімі жаман болғанымен кеспірі түзу жігіттер екен, қайдан білесің, өнері ішіндегі біреу ме? Дәм айдап дастарханымызға келген шығар, оларға да кезек беріңдер! Көрсетсін өнері болса,—дейді кезекпен ән шырқап, домбыра шертіп сыбызғы тартып отырған өнерпаздарға қарап. Қолдан-қолға өтіп отырған домбыра ең соңында екі жігітке де тиіпті. «Қолыма домбыра бір тисе» деп бағанадан шыдамы таусылып отырған жігіт домбыраны құлақ күйіне келтіріп алып, бірде құйғытып, бірде шымырлата баяулатып, бірде шалқыта әуелетіп күйге басқанда, отырғандар дән риза болып, оларға қымыз ұсынып «бәрекелді» айтыпты. Күмбірлете әуелеткенде бағанадан ел аңысын аңдап төсекте жатқан ақ мақтадай кәрия:
—Ой, қайран тел қоңырым-ай, қайта айналып қазығыңды тапқан екенсің ғой, Құдай айдап белдеуіме қайта байланған екен ғой!—деп басын жастықтан жұлып алыпты. Сонда отырғандар:
Тегінде, Телқоңырды екі бала алып кетіпті деген сөз бар еді ғой, мына екеуі солар болар болып жүрмесін. Айтыңдаршы растарыңды, өздерің қай ауылдан не ғып жүрген азаматсыңдар?—деп енді екеуінің жөнін сұрауға көшіпті. Өздерінің Телқоңырды қалай алып кеткені жайындағы бар болмысты баяндап, кәриядан кешірім сұрайды. Сонда кәрия:
—«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген екен атаң қазақ, кештім күнәларыңды. Осы ауылға неге келгендеріңді де біліп отырмын, тілеген тілеуім орындалды. Үлкен қызымды үлкеніңе, кішіңе кіші қызымды атастырып, ақ батамды бердім сендерге, той үстіне той болсын!—деп, алақанын жайып батасын берген екен. Міне, осы күй қазірге дейін осылай «Телқоңыр» атанып келеді.