«Телқоңыр» (І нұсқа) (1-бөлім)
Күй аңыздары · 3 мин оқу
Қазақпен моңғол жауласып тұрған ерте кезде екі жетім бала болыпты. Екі жетімнің үлкені ештемемен шатағы жоқ жуас екен де, кішісі пысық, ән құмар, әрнеге әуес, домбырашы екен. Талапты жастың той-томалаққа барып өз өнерін көрсетуіне қолы қысқалық ете беріпті. Ауылдас бардам адамдардан бірер тайдың терін сұраса да, алмайды екен. Бір күні ол ағасына:
—Біз бүйтіп жүре бермейік, үйде көміліп отырғанша, Алтайдың арғы бетіне барып, бұтартар тауып келейік! депті. Ағасы да бұған мақұл болып, екеуі Алтайдың арғы бетіне жол алыпты. Екі жаяу жол бойы ел қыдыра ұзақ жүріп он бес күн дегенде, Саржайлауда жатқан қалқа еліне барыпты. Олар бір төбенің басына шыға келсе, құнан шаптырым жерде жазыққа қатар тігулі екі үй тұрады. Үйдің бірі алты қанат ақ боз үй де, енді бірі отау үй екен. Екі үйдің ортасына тартылған кермеде екі жылқы байлаулы тұрады. Екеуі әлгі жылқыны алуға торуылдап, көз байланар шақта ағасын әлгі төбеде қалдырып, інісі үй маңына барса, кермеде басына шылдырмақты ноқта салынған, аяғы ақ кісенмен кісенделген бір-бірінен айыра танығысыз, қамыс құлақ, алма мойын екі қоңыр ат байлаулы тұрады. Кісендеулі атты алып кету мүмкін болмағандықтан, інісі ақыры ағасын ертіп отау үйге жайын ел аралап жүрген адам бейнесінде баруға жақындайды. Олар үй сыртына келіп жабықтан баспалап қараса, үй ішінде екі бойжеткен қыз «Телқоңырдың жүрісі олай емес» деп, таласып отырғанын көреді. Үйде бас көтерер үлкен адамның жоқ екенін білген екеуі, не болса да осы қыздармен тілдесейік, тел қоңырды қолға түсірудің орайы туылар ма екен деген үмітпен: «Ассалаумағалайкум!» деп үйге кіріп келеді. Сонда от басында отырған қыз аңырып отырып қалады да, біреуі қолындағы домбырасын жүкке сүйей салып, қазан жақтағы сырлы сүйек төсекке шығып отырады. Екеуі ибадатпен төрден орын алады, үсті-басы жұтаң, жүздері жүдеу екі бозбалаға сәнді киінген кербез қыздар көз қырын сала қоймайды. Сөз тартып жауап ала алмаған екі бозбаланың бірі жүкте сүйеулі тұрған үкілі домбыраны қолына алып құйқылжыта жөнеледі. Қыз күй сарынына іштей қатты ынтығып, ұйып тыңдап қалады. Әсем күй көңіл көбелегін қалықтатқан қос бойжеткен, ақыры қос бозбаланы іштей ұнатып қонақ етеді. Олардан: «Ертесі аттануды, осы түнді күймен аттыруды» өтінеді. Бұған жігіттер мақұлдық береді, таң шеті сөгіле бастағанда екі қыздың көзі ұйқыға кетеді. Осы сәтті тосқан екі бала кереге басында ілулі тұрған кісеннің кілтін алады да, кермедегі Телқоңырды босатып алып, ноқтасымен жайдақ мініп Алтайдың бергі бетіне бірақ тартады. Қыздар тәтті ұйқы құшағында қала береді.
Отау үйдің қасындағы үлкен үйде ат иесі ақ сақалды шал бар еді. Байлығы мен салтанаты асып тұрса да, ұл баласы болмаған шалдың бар бақыты екі қызы мен тайынан баптап өсірген тел қоңыр аты екен. Шалдың ендігі арманы осы тете өскен қызын тел қоңырға мінгізіп, тете өскен екі жігітке қосу болатын. Сондықтан шал қыздарына құда түсе келгендерге: «Осы шартым орындалса, қыздарымды қалыңсыз беремін»,—деп сөз береді. Бірақ мұндай жер шыға қоймайды. Ағайынды жігіттер келген кезде шал қыздарына бөлек үй тіктіріп, өз алдарына сауық құрдырып қойған екен. Қыздар кейде тел қоңырмен саятқа шығып тұрса керек. Осы күні шал ерте намазға шыққанда, кермеде жаратулы тұратын тел қоңырды көре алмайды, үйге бейсауыт екі баланың келгенінен хабар тапқан шал: