Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тәкаппар әскер басы турасынан (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

—Сен білесің бе, менің дүниені қаратқан ұлық екенімді, барша халықтың үстінен қарап тұрамын,—дейді,—баршалары менің алдымда құлдық ұрып, баршалары мені хандардың ханы, патшалардың патшасы деп біледі,—дейді.—Егерде мені өздеріңнің жайларыңның ішіне жібергің келмесе, маған тым болмаса менің мұнда келгенімнің белгісі үшін белгі қылып бір нәрсе бер,—дейді,—барша халайықтар адам батып баспаған жайға менің барғанымды біліп таң қалсын,— дейді. Ұжмақтың күзетшісі:

—Алсаң ал, ақылсыз,—депті,—мінеки, саған пайдалы нәрсе, бұл сенің жаныңның қайғы-қасіретін жазар,—депті.— Бұл нәрсеге бір қабат қарасаң, сенің бұрынғы ұстаздарыңнан есітпеген данышпандыққа үйретер,—деп,—енді өз жөніңменен жүре бер,—дейді.

Ескендір бұл сыйды асығып алып, өзінің әскеріне қайтып келді. Бұл берген сыйы кісінің сүйегінің жарықшағы екенін көріп аң-таң қалыпты.

—Патшаларды жеңгіштерді қандай сыйменен сыйлайды,—деп Ескендір ашуланып, айғай салыпты.—Менің мұндай бейнет шегіп келгеніме мұндай сый лайық па?— дейді.

Кісінің сүйегінің болымсыз жарықшағын ашуланып лақтырып жіберді. Әскердің ішінде бір данышпан бар еді. Бұл айтты:

—Ұлық патшамыз, бұл сыйды жек көрмеңіз. Сүйектің бұл жарықшағы қанша кішкене болып көрінсе де, ғажайып кереметі бар. Сен мұны қазір көресің, бірақ мұны алтын, ия күміспенен бірге таразыға тарттыруға бұйыр,—деді.

Ескендір данышпанның сөзін тыңдап, оның айтқанынша бұйырды. Таразыны алып келіп, бір жағына сүйектің жарықшағын салып, уа бір басына бір кесек сом алтын салды. Патша көрді де ғажапқа қалды. Сом алтыны кісінің сүйегінің жарықшағынан жеңіл шықты. Алтынды тағы да қосып еді, тағы да сүйек ауыр шықты. Күміс салып еді, тағы да сондай болды және тағы да мұндай ауыр нәрселерді таразының бір басына салған сайын соншалық екінші басы төмендеп ауырлай берді. Ақырында Ескендір шыдай алмай, өзінің айбалтасын алтынменен бірге салды.

«Енді менің айбалтам басар» деп ойлады.

Мұның айбалтасы ауыр болса да, сүйектің жарықшағы тұрған таразының басы бұрынғыдай-ақ басып тұрды.

— Ғажайып! — деп Ескендір айғай салды, — Сүйектің мұндай жарықшағы да мұншалық ауыр нәрселерді де басады екен. Япырым-ау, бұл сүйекті басатұғын бұл дүниеде амал бар ма екен?—дейді.

Данышпан айтты:

—Патшам, бар,—дейді,—мұның амалы оп-оңай.

Сол жерде бір уыс топырақты алып сүйектің жарықшағының үстіне салып еді, таразының сүйек тұрған басы жоғары көтеріліп, алтын тұрған басы төмен түсті. Ескендір бұрынғысынан да қайран болып таң қалды.

Данышпан айтты:

—Ұлұқ патшам, бұл сүйек сол сүйек, қаю сүйектің ішінде кісінің тірі күнінде көзі тұратұғын сүйек,—дейді.—Кісінің көзі үлкен емес. Сонда да мұның қызғаншақтығының, һәм баршасын билесем екен деп ойлайтұғын нәпсінің мөлшері жоқ,—дейді.—Жан-жағындағы қызықты нәрселерді көп көрген сайын мұның бәрін алғысы келіп тілей береді. Қашан ажал келгенде, кісіні топырақ жапқанда тоймайтұғын мешкейлік те, һәм қисапсыз мәртебені жақсы көретұғыны да тоқталып, ақыры тамам болады. Ол дүниеде байлыққа да, атаққа да ешбір құрмет болмайды,—дейді.

Ескендір ойланып тұра қалды, данышпанның сөзі мұны ұялтты. Мұның барша соғысып қаратқанының бәрі мұны тірі күнінде разы қыла алмайтұғынын, һәм өлгеннен кейін өзіне еш нәрсенің керек емес екенін білді.

Мұнан соң өзінің ғәскерлеріне «қайт» деп бұйрық қылды.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз