Бәйдібек би (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
—Қонақ балаға төргі үйге төсек салып қой дағы, өзің менің қасымда жат! Мына белі құрғырымды уқалап бер,—деді.
Бәйдібек әңгімеге есі шығып, келгелі бері бәйбіше қызын жөнді байқамапты. Енді назарын салып еді, екі көзі танадай жалт-жұлт еткен, сұлуша бүйрек мұрын сары қыз келбетті-ақ екен. Тесіле қарап қалған жігітке тана көзін бір жарқ еткізді де, күлімсіреген күйі орнынан тұрып, шешесінің айтқанын орындауға кетті. Бәйдібек ішінен: «Келгелі бері бұл қызға неге көңіл аудармадым екен» деді.
Сонымен, қыс күні біртіндеп өтіп жатады. Бәйдібек өзінің жылқышы ағаларымен бай жылқысын бағып, Мойынқұмды жайлап жүре береді. Көңілінде тана көз сары қызға деген махаббат құштарлығы тұтанды. Енді ауа жайылған жылқыны іздеген болып, кейде қашқан қасқыр, түлкіні індеткен болып Арыстан би ауылына барғыштай береді. Түстеніп, қона жатып, би айтқан қызықты аңыз, шежіре әңгімелерді тыңдайды, оңашасын тауып сары қызбен сырласады. Қыздың аты Гүлжамал еді. Оны әке, шешесі, аға, жеңгелері еркелетіп «Сары қыз» дейді екен. Бәйдібектің сары қызбен көңілдес, бір-бірін ұнатып, сырласып жүргенін шешесі де, әкесі де сезеді, бірақ шеккі көрмейді. Қайта жиірек кездесіп, бір-біріне үйір бола бергенін қалайды. Әсіресе жеңгелері көп дәнекерші болады.
Бір күні Арыстан би:
—Балам, саған ықыласым түсті. Еліңде құда түсіп, сөз сөйлерің бар ма?
—Ондай жанашыр әке, шеше менде жоқ, өзіммен-ақ сөйлесе беріңіз.
—Ендеше Сары қыз екеуіңе отау тігіп берейін, осында қалсаң қайтеді?
—Ақсақал, отау дегеніңіз жөн, бірақ мұнда қала алмаймын ғой. Жетім болғаныммен, менде де ел бар, жұрт бар. Ауылға барайын, ағайын-туыспен ақылдасайын. Көп кешікпей қайтып айналып соғайын.
—Жарайды, мұның да жөн екен.
Арыстан би мен Бәйдібек баланың алғашқы келісімі осы болады.
Наурыз айы жақындап, қыстың ызғары қайта бастайды. Жылқышылар жылқысын еліне беттетіп айдай жаяды. Бірнеше күн дегенде олар еліне жетеді. Шынтас бай жылқысының мұрты бұзылмай аман-есен оралғанына қатты қуанады. Жылқышылар Мойынқұм жайлауын қыстап шыққанын, ол елдің Арыстан деген биінің көрсеткен аталық қамқорлығын, тіптен Бәйдібекке жалғыз қызын бермек болғанын жырдай қылып баян етеді. Сонда Шынтас байдың Бәйдібекке шын мейірі түсіпті:
—Бәйдібек балам, түсіндім, бәрі сенің арқаң. Жайлы өріс тауып жылқымның тай-тұлағына дейін сондай қаһарлы қыстан аман қалғаны тек сенің ақылың. Сен есік алдында жүрген құлым едің, енді ақылды ұлым болдың. Қасыңа бір қария, он жігіт қосып, алдыңа жүз жылқы салып берейін, Арыстан биге бар дағы қалыңдығыңды алып қайт!
Осылайша, Бәйдібек Арыстан бидің еліне барады. Би елі тайлы-таяғымен жиылып, Сары қыздың ұзату тойын жасайды. Ақындар айтысы, бәйге, қыз қуу, күрес, жамбы ату дейсің бе, барлық салт, дәстүр өтеді. Сөйтіп, Сары қыз жасау-жабдығы, бәсіре төлімен келін болып түседі. Шынтас бай да Арыстан биден қалмаймын деп барын салып, той өткізеді. Беташар, жар-жар жырланады. Бәйге, көкпар беріледі. Елі-жұрты Бәйдібек пен Гүлжамалға ақ отау тігіп, енші береді. Бәйдібек өзінің ақылды, тапқырлығы арқасында жалшылықтан, жоқшылықтан құтылып, ел қатарына қосылады. Көп кешікпей елі оны би етіп сайлап алады.