Тәкаппар әскер басы турасынан (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Бұрынғы заманда Македонияда Ескендір патша болыпты. Мәртебені бұл жақсы көреді екен, һәм қызғаншақ екен. Өзінің қараған уәлаятын азсынып, өздерінің қасындағы жақын тұрған халықтарменен соғыспаққа барыпты. Соғыс болып, қандар судай ақты, көп халық қырылды, көп қандар бекерден бекер төгілді.
Ескендір қасындағы патшаларды жеңіп, бұлардың халқын өзінің патшасына қосты. Сонда да бұған разы болмай, алысырақ жайларға соғыспаққа барды. Әртүрлі көп жайларды қаратты. Мұның бұл атағы барша дүниеге жайылды. Мұнан бәрі де қорқар еді, хандардың ханы, патшалардың патшасы дер еді.
Ескендірдің көңілі тасып, тәкаппарлық кіріпті. Бұл соғысып қаратқан жайлары тағы да аз болып көрініп, дүниенің баршасын қаратпаққа ойланыпты. «Дүниенің баршасын қаратып, жердің үстіндегі халықтардың бәрін билейін» деп ойлады.
Ескендір қисапсыз көп әскер жинап алып, адам білмейтұғын алыс жайларға қарай жөнеліпті. Бір күні бұл әскерлерімен сусыз үлкен құмнан жүріпті. Бұл жайдың жанжағында адам жоқ, қу дала, қу медиен екен. Бұл алыс жол адам жеңбеген Ескендірді шаршатыпты. Бек қатты шөлдеп, ішейін десе суы жоқ, өзіменен бірге алған суы таусылып қалыпты. Не қыларын білмей қатты сасыпты. Ескендір ашуланып, қызметкерін ұрып өлтіруге де ойланған еді, сол мезгілде жарқырап бір бұлақ көрініпті. Патша қуанғанынан қасына жетіп барса, жіңішке таспадай болып мөп-мөлдір бұлақ ағып жатыр екен. Ескендір жата қалып бұлақтан су ішіп, сусынын қандырыпты. Бұлақтың суы бұған бек дәмді, һәм салқын болып көрініпті. Мұнан соң өзіменен бірге алып жүрген балықты алдырып келіп, суға жудырып жей бастапты. Балық бек дәмді болып, һәм судан иісі сүйкімді болыпты, Ескендір таңқалып, ғажапқа қалыпты.
—Күдіксіз мұндай ғажайып бұлақ бір бақытты жайлардан бастап ағады екен,—деп айғай салыпты,—қазір барып соғысып қаратып алалық,—депті.
Ескендір тұра келіп, бұлақты өрлеп жоғары жүріпті. Жүріп отырып ақырында ұжмақтың қақпасындай бір қақпаны көріпті. Қасына келсе, жабулы тұр екен, ашайын деп байқаса, қатты жабулы тұр екен, аша алмапты.
Патша қақпаны қағып: «Аш!» деп айғай салыпты.
Ұжмақтың ішінен бір дауыс шығып:
—Сені мұнда кіргізуге болмайды, бұл есік Құдай тағаланың тұрағына алып барады,—депті.
—Бұл Құдайдың жайы болса, мен жердің патшасымын, —деп шыдамастан Ескендір жауап қайтарыпты,—Мен адам жеңбеген Ескендірмін, апырым-ау, маған да ашпай ма?—деп айғай салды.
—Жоқ,—деп ұжмақтың күзетшісі жауап берді.—Біз мұндай бәрін жеңдім деген адамды білмейміз. Біз өзінің кінәсінен нәпсілерін жеңген адамдарды білеміз. Бұл жай бірақ әділ сопыларға тиісті,—депті.
Ескендір бұл белгісіз жайға қанша кірейін деп ұмтылса да, өтініп сұрап, һәм қорқытса да, дәнеңе болмайды. Қақпа бұрынғыдай-ақ жабулы күйімен тұрыпты. Ескендір ештеме қыла алмайтұғынын көріп, қақпаны ашпаған соң, сонда тұрып ұжмақтың күзетшісінен былайша деп өтініп сұратыпты: