Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Саржан төренің құда түсуге баруы (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Бұрынғы заманның байларының құдалығы келін түсірген не әкесінің асын бергендігі, дүниенің басы қандай, аяғы қандай, ешкімге опасының жоқтығын танытады.

Қуандық алтай-қарпықтың қарпығының үш баласы—Тінәлі, Мәмбет, Күзей. Күзейден туған—Тоқа. «Тоқаның жылқысын берсін» деп батаға қосылған Тоқа—осы. Бұл—Тоқадан шыққан бай Сағақ. Қоқасағақ, Құрысбай тағы екеуі бар, бес ағайынды болған. Байлықта бірінен-бірі өтеді. Әкелерінің аты—Тәңірберген. Сол Сағақ үш жүзден бай таңдады құда болуға. Кіші жүзде Байсақал деген бай бар деп, байлығын өзіне тең көріп, сол Байсақалға Кенесары—Наурызбайдың ағасы Саржан төрені алып, елу кісімен құда түсе барды.

Сонда Байсақал құдаларының ортасына бір сәукеле жіберді. «Қызымның қараған басы, мінген аты, артқан түйесі, тігілген отау, қылған жасау бәрі сатусыз тегін, бір сәукеленің құнын берсе болады»,—деп.

Басы Саржан төре отырған құдалар сәукелені малға шамалап, өздері пішіп, өздері кесіп, бес жүз байталға тұрады екен десіп: «Мұның қызының қалың малы бес жүз жылқы болсын»,—депті. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге енгізері, жүз жылқы—сүт ақы, той малы.

Байсақал барған құдаларға: «Өздерің жүз болып келмей, елу болып келгенсіңдер, жүз болып келсең, жүз-жүзден қылар едім, менен көрме, өздеріңнен көр!»—деп, ер басына елуге санын жеткізіп, киіт қылды. Түйеден елу, аттан елу, тайтұяқ жамбыдан елу, қойтұяқ жамбыдан елу не болса, ол болсын елу түрлі қылды. Сиырдан елу, қойдан елу, ешкіден елу, аң терілерінен елу. Сағақ та бес жүз жылқыны бірақ айдатты. Мұнан бұрын қазақта «қырық жетіден» басқа қалың мал ауызға алынып аталмаған.

Байсақалдың қызы Сағақтың ордасына келін болып түскенде, бес отау, бір алтын шатыр, жеті жетіммен түсіпті. Сонда қыздың өзіне арналған отаудың уығын атпен жүріп байлаған екен. Керегенің басын тұтам күміс, аяғын да тұтам күміс, уық қанша болса, уықтың бау өткізер жерінде тұтам күміс, қаламында тұтам күміс, шаңырағының аузында, күлдіреуішінде тұтам күміс, түйе ауғанда, түйе басына екі бұрау, ұзындығы оқтаудай ағаш, оның екі басында да тұтам күмістен, дүниелігін атпен жүріп, уығын шанышқан, үйдің ортасына ап келіп үйе бергенде, күлдіреу ішіне тиді десе, боларлық болды. Сонда Сағақтың бәйбішесі көзі, көңілі тойғандықтан, «дүние шіркін жияйын десе, жинала береді екен-ау!»—депті. Онда Байсақалдың бәйбішесі: «Шіркін деп айтқызбаспын деп», осынша бұттап едім, бекер-ақ бұттаған екенмін, жақсыға да бір шіркін, жаманға да бір шіркін, бәрі бір бас-ақ екен»,—депті.

Байсақалдың қызының түйесінің жабуы бүйдас деген жібек екен. Қаракесек қаз дауысты Қазыбек ұрпағынан шыққан Алшынбай тұңғышы Ыбырай деген баласына Сағақтың қызын айттырып, сонда Ыбырай қыс ішінде ұзатып алып қайтқан екен де, Байсақалдың қызының түйесінің жабуымен күйеудің жолдастарына тымақ тыстап берген екен. Бүйдас деген жібектен жасалған бұйымды жұрт көзімен көрген екен. Баласының отауын түсірген соң «байлығымды үш жүзге көрсетемін»—деп Сағақ әкесі Тәңірбергенге ас бермек болды. «Ат жаратсын, асқа қамдансын!»—деп, жұртқа сауын айтып, шақырушы аттандырғанда, жылқыдан он жеті мың біткен.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз