Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Науша мен Әубәкір (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Бірақ қасыма ерткен жүректісі тым алысқа ұзамай, әлгі айтқан көл жағасына жетті де: «осы көлдің ортасына таман жақындағанда өзі көрінеді. Атыңызды маған тастап, жүре беріңіз» дегені. Мен не дейін, айтқанын істеп, қолымдағы тарақ балтамды жарқылдатқан күйі ілгері жүре бердім.

Көп кешікпей алдымнан күнге шағылысып, жарқылдаған жылан жоны көрінді. Аздан соң әлгіміз басын көтеріп, шегір көзін қадады. Мен оған қарадым. Жанары суық. Жүзі қорқынышты екен. Бірақ алған беттен қайтпай, қаруымды оңтайладым. Жақындаған сәтте айдаһардың адам қорқар ысылы саябырсып, манағы оттай жанған шегір көзі солғын тартты, тіпті жылан бойында әз-мәз қозғалыста бар сияқты боп көрінеді. Осы сәтте аяғымды тез-тез ап, бір-екі аттаған күйі айдаһар басы осы тұс деп тарақты балтамды сілтеп кеп қалғаным.

Бас үзіліп түсті. Бірақ, аса бір шапшаңдықпен аунап түскен ол құйрығын ерекше өрнектетіп айдын төсін қақ айыра ұрды. Әдетте айтқыштар жылан күші құйрығында деуші еді. Абырой болғанда онысы маған дарымады. Бұдан ары тұрыстың еш мәні жоқ. Талайдан бергі тұрғындарды тыныштықтан айырған айдаһардың ажалы жетті. Менің де межем сол. Оның үстіне алдымда қызыл қан боп жайрап жатқан жыланның қасында тұрудың өзі қорқынышты еді. Тезірек теріс айналып, жағада қалған жолдасыма қарай жүрдім. Ол қос ат шылбырын ұстаған күйі болған іске сенер-сенбесін білмей, өң мен түстей солтиып тұр.

—Ауылыңды айлар бойы әлекке сап, бір қауға суға зар қылған аждаһаң өлді, барып көресің бе?—деймін. Азар да-безер болған ол:

—Көрмегенім жылан болсын, атамаңыз,—деп қарғанады.

—Ендеше, еліңе сәлем айт!—деп атыма тақым артам. Ол болса: «Ең ақыры ауылға жүріп, ақсақалдардың алғысын алсаңызшы?»—дейді. Мен ризашылығымды білдірем.

Кейін рас-өтірігін қайдам, әлгі ауылдың адамдары «сол айдаһардың тілінің астында алтын бар екен, оны сол маңдағы казак-орыстар қағып алыпты» деп айтып жүрді. Ал маған әу бастан алтын емес, алғыс керек еді.

Солай, бауырым, бұл біреулерге өтірік, ал маған шын. Мүмкін туған халқым менің осы сияқты оқыс істерімді естіп, батыр дейтін шығар. Бірақ қамал бұзып, қалмақ қырмағаным анық, соны білсеңдер болды,—деп әңгімесін аяқтапты.

Сайып келгенде Науша шағын болса да жауырындары төртбақ, тіке қарағанда көзі өткір, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, қызбалақ пен мақтаншақтыққа жоқ, қару дегенде қолына жарты құлаш шолақ найзасы мен тарақ найзасын алып, басына қыл арқанын ораған күйі көк бедеуін сипай қамшылап жүреді екен. Сол Науша туған ауылына оралып келе жатып, жолай жерлеп жатқан өліктің үстінен шығады. Қарап тұрмай қабіршілерден: «Мына адам неден өлді, кім еді?»—деп сұрайды. Сонда олар: «Бұл бәленшекеңнің зайыбы, қазасы шешектен»,—деп жауап береді. Батыр селк ете түседі де, аттың басын тез бұрып, жүріп кетеді. Жолай шошынған көңілін сәл басып, өз-өзінен: «апырау түтеген жаудан түгі қисаймай тура шапқан бұл жүрек шиқан құрлы қауқары жоқ қу шешектен неге қорықты, асылы ажалым осыдан болмаса нетті?»—деп ойланған екен. Айтқанындай-ақ ауылына кеп аз ауырып, қайтыс бопты.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз