Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Науша мен Әубәкір (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Арғы бетке өтіп кеткен Науша Бөкейліктегі ағайындарын аралап жүріп, Әубәкір Ақбайұлынікіне келеді. Бұл кезде Әубәкір жай старшина да, Науша сексенге келіп қалған шал шағы екен. Бұлар киіз үй көлеңкесінде отырса, үстерінен әйгілі Досай тентек Ыдырысұлы кеп, ат үстінен қарт батырды көтеріп алған күйі: «Бұл байұлының Науша батыры ма-ай?»,—деп үйіріп-үйіріп жерге қойыпты да жүре беріпті. Қызулы жас жігіттің артынан қарап тұрған Әубәкір:

—Батыр аға, мына жігітті танымадыңыз ба?—деп сұрады.

—Таныдым, бірақ тарқақтау екен. Шамасы атағына сай шатағы мол біреу де, жасы келген кейуананы келеке етті ғой,— дейді.

Әубәкір жерге кірердей боп ұялып, қайта-қайта кешірім сұрайды. Артынан ауылдың бар игі-жақсыларын жинап Науша батырға қонақасы береді. Бәрі де батыр әңгімесін тыңдағысы кеп, үй иесін қолқалайды. Бірақ қонағының қай жағынан шығып кетем деген Әубәкір біраз уақыт үнсіз отырады да ақыры:

—Науша аға! Тумысымыз бір болса да, тағдырымыз түрлі еді. Сіздің батыр атағыңыз Жайықтың екі бетіндегі қандастарыңызға түгел мәлім. Соған сай өзіңізге деген құрмет те жоғары. Мына жиналған қауым сізден көргендік сөз, абыздық ақыл тыңдағысы келеді. Айып болмаса, қалай батыр атандыңыз? Соны айтсаңыз етті,—дейді.

Алқалаған әлеумет алдында тап осындай бір сұрақтың қойыларын айтпай сезетін Науша көп кідірместен:

—Оның несін сұрайсыңдар, біздің заманымыз өтті. Ал бір кезде менің атым шықты деп кеуде соғу тыңдап отырған сендерге де сиымсыз, айтам деген маған да сәнсіз. Сырым атам осы батырлық туралы «қазақ бір-бірін өлтіреді де, мен батырмын деп мақтанады. Мен болсам сондай дарақылықтан, дарақыдан қорқам. Шамаң келсе, өзгенің батырын өлтіріп мақтан. Қазақ қандай ұрыста да жанын аямаған адамды батыр дейді. Соған сай біреулер батыр десе, менің де соған татыр ісім болғаны ғой»—дейді екен.

Ай, Әуешжан-ай, жастық жалының лапылдап жанған оттай, лықсыған селдей лақылдап, алып, жұлып тұрасың-ау! Ол дұрыс. Өйткені сен сөйтпеймін десең де, уақытың мен кезеңің қоймайды. Тасты бұзасың, тауды жарасың. Мен де сенің осы шағыңда алаулап жанғанмын, атылып, тасығанмын. Соның бір жәйін айтып берейін.

Бір жылдары ел ортасындағы көлде айдаһар пайда болып, тұрғындар тым-тырақай ауа көшті. Біразы маған кеп «бауырым, батырсың ғой, көмек бер. Қарап отырып қара жыланға жем боламыз ба?» дегені.

Менің де бұрын-соңды жылан өлтіріп атым шықпаған кез. Оның үстіне қолқалап тұрған соң ауылдастардың абыройы үшін іштей қорқа тұрсам да, сыртымнан қоқиланып: «кәне, сол пәлелерің қайда жатыр? Көрсетіңдерші?» деуім мұң екен, қасыма ержүректілеу біреуін қосып берді де «әне, ана жақ, жолдарың болсын!» деп жөн сілтеп қала берді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз