Қожа Ахмет пен Арыстан бап (І нұсқа)
Тарихи аңыздар · 1 мин оқу
Дүние салар алдында Мұхаммед [с.ә.с.] пайғамбар жан бауыр-жақындарын, қимас дос, сырлас, сыйлас жора-жолдастарын жинап:
—Мен бұл дүниемен және сіздермен қоштасқалы отырмын. Кейінгі ұрпақтарымның біреуіне берер аманатым бар. Соны оған кім тапсырар екен?—дейді де, жан-жағына қарайды. Жұрт аң-тан. Дені сап-сау, қалайша бізді қиып, о дүниеге аттанбақ? Аманаты не? Ойларын оңға, саналарын сан-саққа жүгіртеді. Сол кезде Арыстан бап орнынан тұрып, екі қолын көкірегіне қойып:
—Бұған мен әзірмін,—дейді. Мұхаммед [с.ә.с.] пайғамбар Алла тағаланың досы, ең соңғы пайғамбар:
—Жарайды, ақылдасып келейін,—дейді де зым-зия жоғалып кетеді. Әлден уақытта қайтып оралады. Алла тағаланың келісімін алып келсе керек.
—Келешекте өмірге Ахмет деген бала келеді. Соған мына құрма жемісін тапсырасың,—деп қалтасынан алған бір түйір құрма жемісін береді.
Ахмет дейтін балаға тапсыратын аманатты алып, ұртына салған Арыстан бап Мұхаммед [с.ә.с.] пайғамбарға:
—Мен ол баланы қайдан іздеймін, қалай табам, қалай танимын?—деп сауал қояды. Сонда Мұхаммед [с.ә.с.]:
—Іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз, берген аманатымды өзі сұрап алады сізден,—деген. О, ғажап, Пайғамбардың айтқаны келді, бірде далада келе жатқанда он бір жасар балаға кездеседі.
—Ақсақал, аманатымды беріңіз,—дейді бала. Арыстан бап аты-жөнін сұрап жатпайды, «аузынды аш!»—дейді оған. Ол аузын ашқанда, Арыстан бап бабамыздың ұртындағы құрма жемісі зып етіп Ахметтің аузына кіріп кетеді. Бала ләм-мим деп тіл қатпастан бұрылып жүріп кетеді.
—Сен неткен көргенсізсің, маған айтқан рахметің қайда,—деп айқайлайды Арыстан бап. Сонда артына бұрылып тұрып бала:
—Сізге несіне рахмет айтам, сіз бар шырынын сорып жеп, маған құр сүйегін қалдырып отырсыз,—дейді,—Жарайды, сізге келіп түнесін, менен тілек тілесін!—деп жүріп кетеді.