Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақ шежіресінен өлеңмен жазылған қысқаша мазмұндама (2-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Ат қойған үлкеніне Сейілхан деп,
Атаған екіншісін Жайылхан деп.
Баласын алты Алаштың айрылмастан
Білеміз екеуінен өскен жан деп.

Түрікпен сегіз арыс Сейілханнан,
Майқы би жеке туды Жайылханнан.
«Түбі бір түгел сөздің түп атасы—
Майқы би» деген сөз бар сол заманнан.

Туады Майқы биден Өзбек, Сабиан,
Сабианнан Айырқалпақ, Аққалпақ етсем баян.
Баласы Айырқалпақ Қазақ, Созақ,
Созақтан Қарақалпақ өрбіген жан.
Туады Аққалпақтан және Қырғыз
Қырғызды Сабианнан деп біліңіз.
Тілінде аз кемшілік болғандықтан
Атанған ақ қалпақты сақау Қырғыз.

Қармалап жаңа жеттім мен Қазаққа,
Басымды байлап алып бұл азапқа.
Азабым бойыма құт болар еді,
Қалмасам қате болып зор ұятқа.

Қатесіз пенде бар ма Хақтан өзге,
Дауа жоқ нақақ жетпей айтқан сөзге.
Тұтынып өтірікті айтпау үшін
Қайтадан анықталып түссін көзге.

Үш арыс ол Қазақтан туған бала,
Оларда шын туыстық болған сана.
Ақарыс, Жанарыспен әм Бекарыс
Үш жүздің аталары болар жәна.

Сан емес бұл жүздеген жүз деген сөзі,
Дарияның арғы жағы бергі жүзі.
Негізін жүз сан деп іздеген сөз
Дейтіндей бетін қоныс мезеген сөз.

Түркістан ол кездегі отандары,
Болыпты ата қоныс мекендері.
Үшеуі қазақ елін үшке бөліп,
Болыпты бегі, сұлтан әм хандары.

Салтанат құрған болар қатар қонып,
Көшпелі бір қатары шаһар болып.
«Ақтабан-шұбырынды» дегені анық
Қозғалған қонысынан сапар шегіп.
Ұлы жүз қараған ел Ақарысқа,
Орта жүз қараған ел Жанарысқа.
Кіші жүз және дағы деп айтылған
Бір кезде қараған ел Бекарысқа.

Тарихта қазақ халқы азап көрген,
Жеті жыл тұтасынан аштық келген.
Азықсыз осы аштықтың салдарынан
Әр жүздің ортасынан адам өлген.

Жауласқан және дағы қазақ, қалмақ,
Қалмақты болған қазақ шауып алмақ.
Алалық алтыбақан арқасында
Қазақты қалмақ шауып болған салмақ.

Қонысынан ауған қазақ кезекпенен,
Сергелдең екі түрлі себеппенен.
Үш жүздің басын қосып жақсылары
Қоштасып көшпек болып ретпенен.

Үш жүздің хан мен биі, көшбасшылар,
Басына Қаратаудың шыққан олар.
Қоштасып жер-суымен жыраулары
Өлең-жыр жүз ауыз айтқан болар.

Үш жүздің ортақ өлең баласына,
Қараған Қаратаудың қаласына.
Ол жырдың басы болған айтуына
Қазақтың мәлім барлық баласына.

«Басынан Қаратаудың көш келеді,
Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.
Айрылған қарындастан жаман екен
Мөлдіреп қара көзден жас келеді».
Таралған Қаратаудың даласына,
Дегеннің мен қазақтың баласына.
Өлеңі Қаратаудың жалпы ортақ
Қазақтың хан мен билер арасына.

«Матаусыз сөз байлаусыз» дегенді ойлап,
Бұл сөзді кірістірдім жақсы жайлап.
Мүмкіндік отыруға болмаған соң
Кірістіруге ойланып сөзді сайлап.

Ел ауған еркін қоныс ыңғайымен,
Жерінің және отырған жағдайымен.
Ұлы жүз оңтүстікке қарай көшкен,
Орта жүз солтүстікке маңайымен.

Кіші жүз күнбатысқа қарай көшкен,
Орал мен Бөкейліктің шалғайымен.
Ел болып қоныстанып қона қалған,
Тап болып келген таланына маңдайымен.

Мұнан соң қазақ басын қоса алмаған,
Қалмаған дос-дұшпаны өш алмаған.
Бас амандап қазақ кеткен азып,
Дұшпанын тізе қосып тоса алмаған.

Үш жүздің ойран түсіп баласына
Бір тасып төгілген соң шарасына.
Жауласып және дағы жанталасып,
Жел түсіп өзді-өзінің арасына.

Қалған соң енді бұлар ел болудан,
Деген сөз ел болайық жем болудан.
Әбілқайыр, Абылай хандар заманында
Ресейдің кірген қазақ панасына.
Бір мың жеті жүз отыз бірінші жыл,
Бағынды Руссияға дәл осы жыл.
Ел қылған бізді басып орыс халқы
Қазақтың кәрі-жасы осыны біл.

Кіші жүз Әбілқайыр хан бастаған,
Орта жүзді Абылай хан әм бастаған.
Ант беріп бұл екеуіне бағынған соң
Паналап дәуір сүрген екі жүз жыл.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз