Қазақ шежіресінен өлеңмен жазылған қысқаша мазмұндама (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Ал ұста, ойды тербеп, қолға қалам,
Жалқау боп, жүре бермей, болма сараң.
Артыңа аз да болса бір сөз қалдыр,
Бар болса, баста пікір, ойда санаң.
Жаз жинап тарихтардан көргеніңді,
Естіген қариялардан білгеніңді.
Әртүрлі шежіренің нұсқасынан
Жинақтап азды-көпті тергеніңді.
Жазып көр, атаң қазақ шежіресін,
Сен сұра, ол туралы не білесің.
Бастап бер, білімпаздар өзі шешер,
Несіне ойға қалып, кідіресің.
Түріктің біздің қазақ бір баласы,
Әнестен боламыз деп бар таласы.
Қазаққа араб болмақ ол ғажап іс
Секілді жер мен көктің шекарасы.
Атамыз Әнес деудің себебі бар,
Сенімді шын сөз емес тіреуі бар.
Дей келіп дәлелсіз сөз алынбайды,
Әр сөздің айырғандай іреуі бар.
Бағынған Ресейге біздің қазақ,
Мүсәніптер діні жоқ деп қылған мазақ.
Ел болсаң, шын мұсылман дініндегі
Көрсет деп шежіреңді берген азап.
Қазақтар «мұсылманбыз шын—біз» деген,
Қашаннан ұстап келдік осы жолмен.
Самарқан, Қоқан, Тәшкен, Бұхарадан
Жақсылар қазақ тарихын көп іздеген.
Шежіре күншығыстан табылмаған,
Архип жоқ қайдан тапсын жазылмаған.
Арабтан дін қарындас талап еткен,
Халық едік ислам жолы жабылмаған.
Жақсылар төзе алмас сабыр етіп,
Шежіре таппаған соң қолы жетіп.
Арабтың сұлтанына арыз жолдап,
Жіберген екі қожа уәкіл етіп.
Құнанбай—Тобықты, Арғын Орта жүзден,
Және де Жаппас Мырқы—Кіші жүзден.
Жаздырып бір шежіре алып қайтқан,
Шайхислам Сейітзада қазіреттен.
Құнанбай Мырқыменен—екі қажы
Байлықпен бұл екеуі болған қазы.
Салдырған Құдай үшін бір тахия
Жаздырып жорналына мүфти қазы.
Екеуі Мәдинеге барып жеткен,
Мақсатын көңілдегі баян еткен.
Шайхислам бір шежіре жазып беріп,
Қазақтың қариялары үміт еткен.
Данышпан өзі ғалым, имам ғаріп,
Қызғанған дін қарындас тұрған барып.
«Сұраушы болса, мұны беріңдер» деп,
Әнеске тіркеп берген алып барып.
Ол Әнес—пайғамбардың сахабасы,
Арабтан шыққан өсіп мал мен басы.
Арасы екеуінің қайда жатыр,
Түріктің болса қазақ шын баласы.
Қажылар шежірені алып қайтқан,
Бұл жолы мұрат хасыл болып қайтқан.
Үш жүздің сол кездегі жақсылары
Көшірме сол нұсқадан алып қайтқан.
Атамыз Әнес деудің себебі сол,
Дәлелі дініміздің көңіл хошы.
Тұтынып өтірікті айтпау үшін,
Айт анық қате жері түссін көзге.
Болады шын атамыз біздің түрік,
Негізсіз неге керек құр өтірік.
Жөнсіз босқа адасудың жолы бар ма,
Дәлелді рас сөзді көре тұрып.
Тіліміз—түпкі атамыз түрік тілі,
Дініміз—түрік-татар тұтқан діні.
Қазыны жеген қасқыр секілденіп,
Қызыққан мүсәніптер сөздің шыны.
Болмаса кемшілік жоқ дінімізде,
Шалалық болса болар күнімізде.
Көшпелі сахарада салақ елміз,
Мойынға мұны аламыз өзіміз де.
Түрік те Алаша атты хан болыпты,
Бек салтанатты, ғаділ жан болыпты.
Бозторғай қой үстінде жұмыртқалап,
Халқының көңілі толып жай болыпты.
Болыпты бір бай адам бұл шағында,
Болмаған онан озған сол уағында.
Бақыты мал мен басы қатар өсіп,
Атанған мәшһүр Алаш сол шағында.
Тұсында болған Алаш Алаша хан,
Түріктен туған болар тамаша жан.
«Таңбасыз тай, енсіз қой» сол шағында,
Болыпты деп айтады қаншама жан.
Алаштан туып-өскен екі бала,
Қате деп айта қоймас ешкім жала.
Қай кезде сөз қалдырған қариялар
Осылай шежіреге жазған жәна.